30.11.2017, 9:50
Оқылды: 26

Облыс әкімі өңір спортшыларымен жүздесті

24204869_10210535113026482_1496976452_nОблыс әкімі Алтай Көлгінов шахмат, байдарка және каноэ есу, ұлтық спорт түрлері, қол күресі, дзюдо, самбо күрестері бойынша жоғары жетістікке жеткен өңір спортшылары және олардың бапкерлерімен кездесті.

– Өздеріңіз айналысатын спорт түрлерін дамытуда қандай кедергілер бар, осыған дейінгі жетістіктерімізді еселей түсу үшін не істелуі қажет? Бүгінгі кездесуімізде осындай мәселелер талқыланбақ. Осыған дейін спорттың олимпиадалық түрлерімен айналысатын спортшылармен кездессек, алдағы уақытта жеңіл атлетика, қысқы спорт түрлеріне қатысты мәселелерді тыңдайтын боламыз. Бұрын қыс мезгілінде ауа температурасы күрт көтеріле қалса, айдындағы мұз бұзылып, алдын ала жоспарланған сайыстар уақытылы өтпейтін. Қазіргі таңда қаламыздағы стадионды жаңғыртуға қаражат бөлінді. Болашақта тиісті стандарттарға сай жаңартылған стадиондағы мұз айдыны он градус жылылыққа дейін төтеп беретін болады. Бұл республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік бермек,- деген облыс әкімі кездесуге келген спортшылармен жеке-жеке тілдесіп, олардың әрқайсының ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдады.

Жиында бірқатар спорт түрлерін дамыту үшін жаттығу құралдары, шахматтан білікті жаттықтырушы, ұлттық спорт түрі бойынша ипподром қажеттігі белгілі болды. Алтай Сейдірұлы спортшылар жаттығуға қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтылатынын мәлімдеді. Көтерілген өзге мәселелерді шешу жолдары да таяу арада қолға алынбақ.

24252220_10210535114266513_576744509_n- Биылдың өзінде облысымыз бойынша бірнеше спорт кешені салынуда. Ақсай қаласындағы дене шынықтыру кешенін стадионымен бірге аштық. Бөрлі ауылындағы спорт кешенінің құрылысы көктемде аяқталмақ. Ал жуық арада Зеленов ауданындағы дене шынықтыру кешені пайдалануға беріледі. Жалпы білім беретін жиырма мектепті жоғары сапалы спорт жабдықтарымен қамтыдық. Аулаларға жеті ірі спорт алаңын салудамыз. Елу аулада спорт алаңы орналасатын болады. Мұның бәрі спорттық инфрақұрылымды құрайды, - деді облыс әкімі.

Жиынға қатысушылар спортта жеткен жоғары жетістіктері үшін облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Облыс әкімі оларды алда келе жатқан ҚР тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, толағай табыстар тіледі.

 Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

 «Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале