Орал қаласының аумағына қарасты Деркөл кентінде Кеңес одағының халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Байсейітова атында көше бар.
Бірақ қазақ халқының бұлбұлы атанған күміс көмей, жез таңдай әншінің есімі «Күляш» деп қате жазылған. Дереу түзеткен жөн!
Осыдан бірер апта бұрын бір шаруамен Орал қаласының ел ішінде, халық арасында «Ескі әуежай» атанып кеткен аумағына барғанмын. Автобус аялдамасынан түсіп діттеген жеріме жеткенше Малина деген көшемен жүруге тура келді. «Апырым-ай, көшені ақыры жеміс-жидектің атауымен атаған екен, олай болса, малинасы несі, қазақша таңқурай дей салмады ма екен?» деп іштей таңғалып, ілгерілей бердім. Әлгі көшемен таяқтастам жүргеннен кейін бір үйдің шарбағына ілінген «Кеңес Одағының Батыры К. Я. Малин көшесі» деген жазуға көзім түсті. Мәселенің мәнісін сонда барып ұқтым. Демек, «Малина көшесі» деген жазу қате, дұрысы – «Кеңес Одағының Батыры К. Я. Малин көшесі».
Қаланың аталмыш аумағындағы бір көшенің бойына ілінген «Воинов интернационалистов көшесі – 54» деген жазуды да көзім шалды. Дұрысы – «Жауынгер интернационалистер көшесі» ғой. Өкінішке орай, бұл бірен-саран ғана мысал емес.
Айтпақшы, осыдан екі-үш жыл бұрын Оралға келген бір сапарында белгілі саясаттанушы Дос Көшімге еліміздің солтүстік облыстарын мекендеген ұлты орыс отандастарымыз өзімен бір кездесуде «Көше атауынан кейін қазақша «көше» деген сөзге орысша «улица» аудармасын тіркеудің не керегі бар? Басқа басқа, біз «көше» сөзінің «улица» екенін түсінеміз» деп орынды реніштерін білдірген екен. Ендеше, әлгіндей орынды уәжге құлақ асқан жөн.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», көше атауларын сауатты жазайық, бауырлар!
Бұл кімнің «үңгірі»?
Орал қаласының қазіргі әкімі мен оның командасы байырғы шаһарды көркейте түсуге барынша ден қойып, күш салуда. Әрине, мұндай ортақ іске әрбір қала тұрғыны қолынан келгенше, қал-қадерінше үлес қосса, тіпті құба-құп. Дегенмен көзге бадырайып тұрған келеңсіздіктер де баршылық.
Мысалы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы көше бойындағы мына «үңгір» кімнің меншігі? Бұл нысанның көше көркін алып, қаланың сұрқын қашырып, осылай үңірейіп тұрғанына біраз уақыт болды. Қашанғы үңірейіп тұрар екен?..
Ырық-жырық болып әлі жатыр...
Биыл қар еріп, жер кепкеннен кейін көп ұзамай облыс орталығының күретамыр көшелерінің бірі – Мұхит көшесінің жолы жөнделді. Үшбу жол бойындағы үлкенді-кішілі ойық-шұңқырлар бітеліп, көше жолы сүргіленген тақтайдай болып тегістелді.
Алайда темір тұлпар тізгіндегендердің қуанышы ұзаққа бармады. Өйткені көп ұзамай теп-тегіс жолдың жиегін жырымдап, жиектастарды (бордюр) ауыстыру басталды. Әлқисса, содан ұзындығы әжептәуір көшенің кей тұсында жиектастар ауыстырылды, ал кей тұсында ескі жиектастар кәрі кісінің мүжілген тісіндей болып сол қалпы әлі жатыр. Ал енді жиектастар ауыстырылған тұста қопарылған жол жиектері қайтып тегістелмеген, қалыпты көлік қозғалысына қауіп төндіріп, ырық-жырық болып әлі жатыр. Осыны газет бетінде бір ай бұрын көтеріп, дабыл қаққанбыз («Бірнеше күн жайрап жатты...» «Оө», №53, 04.07.2023). Бірақ күні бүгінге дейін «баяғы жартас – сол жартас»...
«Назар аударыңызға» назар салған Бауыржан Әлжан,
«Орал өңірі»