25.07.2024, 15:30
Оқылды: 79

Орал қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Қала жастарының жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту, жұмыс берушілерге лайықты жұмысшы іріктеуге жәрдем беру, жастардың халықаралық және мемлекеттік білім беру бағдарламалары бойынша ақпарат алуына, өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейін азайтуға ықпалдасу қазіргі күнгі басты міндеттердің бірі. Соны іске асыру ақсатында «Жастар Рухы» жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалы және Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды.

E2C393DE-76DD-4C8D-9C20-91B95FC85881

Облыс орталығындағы А.Н.Островский атындағы театрда өткен шараға 50-ге жуық компания мен мемлекеттік мекемелер және жұмыс іздеген жастар қатысты. Жәрмеңкеде 600-ден астам жұмыс орны ұсынылды.

Шынына келгенде осындай жәрмеңкелердің берері мол. Ең бастысы екі қолға бір күрек іздеген жан түрлі мекемелерді арлап, табалдырық тоздырмайды. Ән сағаттың ішінде бірнеше жұмыс берушімен тілдесіп, өзіне ұнаған, біліміне сай келетін жұмысқа түйіндеме тапсырады. Жолы болғандар бірден жұмысқа орналасады.

Жастарға жұмыс ұсынған игі шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған «Жастар Рухы» жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Архат Исламғалидің айтуынша, жұмыс іздеген жандардың нобайы ұстаздар мен медицина және техникалық сала мамандары екен.

3B14DEEE-C0D5-4566-A296-28223864176C

– Жәрмеңкеде бос жұмыс орындарынан бөлек, кәсіп ашуға бағытталған бағдарламалардың жайы түсіндіріледі. Сонымен қатар мемлекеттік гранттар мен пайызсыз несиелерді рәсімдеудің оларға қалайша құжат тапсыруға болатындығы жайында кеңес берілді, - дейді Архат Исламғалиев.

Қоғамда жастар жұмыстан қашады деген пікір қалыптасқан. Десе де жәрмеңкеге келген 1 000-нан астам жасты көріп, аталған пікірдің орынсыз екеніне көзің жетеді. Өзінің мамандығы мен білігіне сай келетін жастар жұмыс берушімен жеке сөйлесіп, түйіндемелерін қалдырды.

Жәрмеңкеге келгендердің ішінде биыл диплом алған жастар да, біраздан бері жұмыс іздеп табан тоздырғадар да болды.

Бір жылдан бері талай мекемені аралап, өзіне лайық жұмыс іздеген Мөлдір Слемғалиева жақсы жұмыстың ыңғайы шықса, шалғай ауылға барып, еңбек етуден де тайынбайды.

– Лайықты жұмыс болса, қай жерге болса да баруға дайынмын. Өйткені еңбек адамды шыңдайды, біліктілігімді арттырады. Екі бірдей компания жұмыс ұсынды. Екеуімен де алдын ала келісіп, басшымен әңгімелесуге жазылдым. Лайықты жағдай жасағанын таңдайтын боламын, - деді Мөлдір Слемғалиева.

Жастарға жұмыс ұсынғандардың қатарында БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті де болды. 35 жасқа дейінгі қыз-жігіттерді жұмысқа шақырған департамент мамандары ішкі істер органдарында еңбек еткісі келетін мамандарға жұмыс өтілінің болуы маңызды емес екенін түсіндірді.

БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті №27 мекемесінің аға инспекторы Азат Өтегеннің айтуынша, аталған жерге жұмысқа келген жастар арнайы біліктілік арттыру курстарынан өтеді екен.

– Бізге жұмысқа келгендер алдымен Қостанай қаласындағы полиция академиясына екі айлық курсқа жіберіледі. Бізде офицерлік және сержанттық лауазымдар бар. Жұмыс жасаймын деген жастарды үйретуге дайынбыз, - деді Азат Өтеген.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале