4.08.2023, 19:32
Оқылды: 631

«Орал трансформатор зауытында» индустриалды аймақ салу жоспарланып отыр

Бүгін БҚО әкімі Нариман Төреғалиев «Орал трансформатор зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.

IMG_20230804_174304

2012 жылдың наурызында құрылған зауытта қазір 250 адам еңбек етіп жатыр.

Алдымен зауыт директоры Дәурен Тұрлыбеков Қазақстанда тіпті ТМД-да баламасы жоқ панельді радиаторлар шығаратын цехтің жұмыс барысымен таныстырды.

IMG_20230804_174130

Былтыр жұмысын бастаған цех транформаторға қажетті панельді радиаторларды жасап шығарады. Ал бұрын зауыт радиаторларды Түркия, Қытай және Америкадан алып келген. Цех ашылған кезде 100-ге жуық адам жұмысқа алынған.

Зауыттың жұмысы, өнімі, жоспары туралы баяндаған Дәурен Дастанұлы оның аумағында индустриалды аймақ қажеттігін айтады.

IMG_20230804_173908

– Былтыр өндіріс көлемі 14,7 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,4 есе көп. Өткен жылы Ресей Федерациясының нарығына 6 миллиард теңгеге экспорт жасадық. Ал биыл алты айдың ішінде өндіріс көлемі 7 миллиард теңгеге жетті. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға төмен. Индустриалды аймақ ашсақ экономикаға үлкен көмек береді. Бұл өнімнің өзіндік құнын арзандатады. Өйткені біздің зауыт өнімді негізінен экспортқа шығарады, - деді зауыттың директоры.

IMG_20230804_174051

– Әр нәрсені үйренуіміз керек. Өз қазанымызда өзіміз қайнап отыра беруге болмайды. Шет мемлекеттерді аралап, жаңа технологияларды меңгеруіміз қажет. Зауыт аяғынан тұрды. Енді еңбек өнімділігін арттырамыз. Индустриалды аймақты іске қосуды құптаймын, - деген Нариман Төреғалиұлы БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкайға жұмысты кешеуілдетпей индустриалды аймақ үшін қажет құжатты дайындауды тапсырды.

Бұдан кейін «Бетонды корпусты трансформаторлық қосалқы станция» жобасы таныстырылды. Аталмыш станцияны елімізден алғаш болып Alageum Electric компаниясы іске қосқан. Ал өндіруші – «Ақтау трансформатор зауыты».

– Бұл станцияға сұраныс өте жоғары. Әсіресе Еуропа елдерінде кең таралған. Ал Қазақстанда сұранысқа енді ие болып жатыр. Мұның ерекшелігі 20 жылдан астам уақыт қызмет көрсетеді. Сейсмикалық табиғи апаттарға төтеп беріп, тоғыз балдық жер сілкінісін де көтере алады. Корпусы жабық болғандықтан айналаға төндіретін қаупі де аз. Өрт қауіпсіздігі де сақталған. Тез монтаждалып, іске қосылады. Дәл біз таныстырып тұрған станция – 2 ТП 630. Бір шағынауданды жарықпен қамти алады, - деді станцияны таныстырған «Ақтау трансформатор зауытының» басқарма басшысы Жандос Тоқташев.

IMG_20230804_175228

Динара Насыр,
Фотоға түсірген автор
zhaikpress.kz

IMG_20230804_174229

IMG_20230804_173829

IMG_20230804_173606

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале