Оралдағы Ружейников көшесі 9/1 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бұзылуда.
Қаланың әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты екінші қабаты тұрғызылған бұл құрылыстың салынуын заңсыз деп тапты. Бірінші сатыдағы сот шешімін облыстық сот өзгеріссіз қалдырды. Нысан санитарлық аймақта, химиялық және өндірістік кәсіпорындар аумағына жақын орналасқан. Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Азамат Ағелеуов баспана құрылысына жоспардан тыс тексеру тағайындалып, соның нәтижесімен құрылыстың заң талаптарына сай келмейтіні анықталғанын айтады. Жер телімі баспана тұрғызуға емес, техникалық қызмет көрсету стансасын салуға берілген. Яғни жер мақсатқа сай пайдаланылмаған. Сонымен қатар жер телімі иесінің құрылыс салуға рұқсат құжаттары, құрылыс жобасы, сараптама қорытындысы, құрылыс-монтаждау жұмысының басталғаны туралы хабарламасы, құрылыс барысын техникалық және авторлық келісімшарттары мүлдем болмаған.
– 2023 жылы тексеру қорытындысы бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 319-бабы бойынша төрт әкімшілік хаттама толтырылды. Үш нысан құрылысы бойынша айыппұл салынып, құрылыстарды бұзуға сот шешімдері шықты. Олардың бірі – осы Ружейников көшесіндегі үй және шаһардағы Шевцова көшесіндегі №30 үйге жалғас салынған балкон, Ақсай қаласындағы Сырым Датұлы көшесі 35/1 мекенжайындағы дүкен ғимараты. Қазіргі кезде Ақсайдағы дүкен толықтай бұзылды, – деді аталмыш басқарманың бас маманы Мағжан Мұратов.
Мамандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 319-бабына (заңсыз құрылыс) сәйкес өндірістік, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық, тұрмыстық нысандарды заңсыз салынған немесе салынып жатқан құрылысты мәжбүрлеп бұза отырып немесе құрылысты бұзбай-ақ, жеке тұлғаларға – 15, лауазым иелеріне, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 200 айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл салынатынын ескертеді. Сонымен қатар азаматтарға жаңа үй құрылысына қаржы салмай тұрып немесе жаңа пәтер сатып алмас бұрын құрылыс иесінің нысанды тұрғызуға салуға рұқсат құжаттары бар-жоғына көз жеткізіп алуды сұрайды.
Былтыр 12 кәсіпкер құрылыс-монтаж жұмысын бастау туралы хабарламасынсыз көпқабатты үй құрылыстарын бастаған. Осындай заңсыз құрылыс салушыларға басқарма тарапынан тиісті заңдылыққа сәйкес 26 млн 186 мың теңге айыппұл салынған.
Гүлнәр Шәңгерей,
Фото: Мәди Салық
Орал қаласы