Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында қаладағы қоғамдық көліктердің қатары жаңа автобустармен толықты. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов жұртшылықты қуанышты сәтпен құттықтап, 12 жаңа автобустың кілтін жүргізушілерге табыс етті.
Биыл өңірде жалпы саны 50-ге жуық қоғамдық көлік сатып алынған.
– Баршаңызға мәлім, соңғы екі жылда шаһардағы барлық автобустарды жаңарту бағытында жұмыстанып жатырмыз. Былтыр электронды төлем жасау енгізілді. Биыл ел игілігі үшін қалада 50-ге жуық автобус сатып алынды. Жалпы соңғы жылдары 130-дан астам қоғамдық көлік сатып алынды. Алдағы үш-төрт жыл ішінде 300-ге жуық автобус сатып алу көзделіп отыр. Бүгін қатарға қосылған көліктерді мердігерлер сатып алды, - деді қала әкімі Миржан Мұнайдарұлы.
Айта өтейік, мереке қарсаңында пайдалануға берілген қоғамдық көліктер қаладағы адам тасымалы жиі №2, №3, №4 бағыттарға арналған.
Қалада жолаушы тасымалымен айналысатын екі кәсіпорын – «Батыс Қазақстан автобус паркі» ЖШС және «Алый парус» ЖШС автобус паркі бар.
Жаңадан ел игілігіне берілген қоғамдық көліктердің алтауы үлкен класты «Yutong» маркалы автобус болса, қалған алтауы «Вектор Next» маркалы көліктер.
Гүлмира Сарсенғали
Суреттерді түсірген Диас Закбаев
zhaikpress.kz