Орал қаласының 39 жастағы тұрғыны халыққа ақшалай қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының бірін тонап кеткен. Полицейлер қарақшылық шабуылды ізін суытпай ашты деп хабарлады БҚО ПД баспасөз қызметі.
Оқиға 1 маусым күні болған. Орал қаласы микроқаржы ұйымдарының бірінің кассирі полиция департаментінің кезекші бөліміне қоңырау шалып, сағат 15.36-да үстіне камбинизон киген белгісіз ер адам кеңсеге баса-көктеп кіріп, тапанша тәрізді затпен қорқытып, оған кассада бар ақшаны беруді талап еткенін хабарлаған. Қорыққанынан кассир оған ақшасын берген, содан кейін шабуылдаушы оқиға орнынан қашып кетеді.
-Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде БҚО ПД полиция қызметкерлерімен жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп 1984 жылғы азамат анықталып, ұсталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 192-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде (Қарақшылық). Енді ол азаматтың осы бап бойынша мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ұсталған адам Орал қ. ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды деді баспасөз қызметі.
Мән-жайларды анықтау барысында аталған Б есімді 1984 жылғы азамат бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны белгілі болған. Ол кассирді қорқытқан зат - мылтық ойыншық болып шыққан. Ер адам бұл қылмысқа қарыздарынан құтылу үшін барғанын жеткізіпті.
zhaikpress.kz