23.02.2024, 23:00
Оқылды: 34

Оралда «Асыл арман» музыкалық қойылымының премьерасы өтті

Бүгін «Атамекен» өнер ордасында Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығы мен өміріне арналған «Асыл арман» атты қойылымның премьерасы өтті. 

InShot_20240223_225439574

«Атамекен» жастар музыкалық театры сахналаған қойылымның идея авторы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнертану PhD докторы, профессор Асхат Маемиров.

Қойылымның авторы – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Мәдина Омарова. Ал режиссері – Грузия мемлекетінде өткен Н.Думбадзе атындағы Халықаралық театрлар фестивалінің «Үздік режиссері» Гаухар Адай.

InShot_20240223_225627018

Қойылымның премьерасына облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Ескендір Хасанғалиевтің жары Дарико Хасанғалиева, ұлы Біржан Хасанғалиев және немересі қатысты.

InShot_20240223_225542402

– «Асыл арман» атты музыкалық қойылымның премьерасы құтты болсын! Сіздермен бірге осы бір сағаттан астам уақыт ішінде эмоцияларымыз құбылып, Ескендір ағамыздың туған жері Қаратөбеден арман қуып, Алатаудың баурайына барған кездегі өмірін, асыл арман жолындағы тағдырын көріп, рухани тазарғандай болдық. Ағамыздың өнері Қазақстанға ғана емес бүкіл әлемге шарпыды десем қателеспеспін. Бүгінгі қойылымды қоюға атсалысқан барша өнер ұжымына алғысым шексіз, - деді БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Ескендір Хасанғалиевтің ұлы, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев қойылымның атауы «Асыл арман» деп ұтымды қойылғанын айтып, әкесінің есімін ұлықтап, өнерін дәріптеген облыс әкімдігіне, мәдениет басқармасына, қойылым ұжымына алғысын жеткізді.

InShot_20240223_225806490

– Құрметті Ақжайық халқы! Жаңа ғана бәріміз керемет көріністің куәгері болдық. Әкемнің әндері шырқалды. Өмірі мен шығармашылығы осы сахнада көрсетілді. Барша қойылымды қоюға күш салған жандарға Хасанғалиевтер жанұясының атынан ризашылығымды білдіремін, - деді Біржан Ескендірұлы.

Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,

Суретке түсірген автор: Азамат Ұзақов

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале