Бүгіндері Орал қаласы аумағындағы аулаларды, скверлер мен саябақтарды абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы аясында өткен жылы 47 аула жаңарып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Биыл тағы 25 аула жаңғыртылмақ. Жобаның мақсаты – аулаларды асфальттау, сондай-ақ спорт және ойын алаңдарын, шағын сәулет нысандарын жасақтау.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің сөзінше, өңірде барлығы 537 аула бар. 2007-2019 жылдар аралығында оның 300-і жөнделсе, соңғы үш жылда тағы 61 аула абаттандырылған. Жобаның басты мақсаты – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде халықтың қатысуымен кешенді абаттандыруды жобалау және іске асыру әдісін әзірлеу. Бұл жобаның артықшылығы, тұрғындар жобалаушымен бірлесіп, оны әзірлеуге тікелей қатыса алады. Осылайша, жұртшылықтың жауапкершілігі артып, көршілер қауымдастығы жанданбақ.
Осындай нысандардың ішінде шаһардағы 4-шағынауданында орналасқан көппәтерлі үйлер бар. Жоба мерігері – «Жайық сити» ЖШС.
– Қазіргі таңда біз №4, 5, 6 көппәтерлі үйлердің аулаларын абаттандырудамыз. Ескі жол жабынын, жиектерді ауыстырып, спортқа арналған және балалар алаңқайларын орнатып үлгердік. Жұмысшылар жақсы қарқынмен жұмыс істеуде, нысан жаздың соңына дейін пайдалануға берілмек, – дейді Абзал Баделов.
Аулалардан басқа, қалада скверлерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Орал қаласында 57 сквер бар, оның 35-і бүгінде жөндеуден өткен.
– Биылғы су тасқынына байланысты жол жөндеуге қатысты кейбір жобаларды кейінге қалдыруға тура келді. Біз 40 жылдан астам уақыт бойы қайта құруды қажет еткен жобаларды таңдап, оларды ағымдағы жылы аяқтауды көздеп отырмыз. Жоба аясында 24 ауланы абаттандырып, ішкі аула аумағын асфальттап, балалар, спорт, футбол алаңдарын орнату және толық жарықтандыру жоспарланды. Сондай-ақ Саратов тасжолының бойында былтыр жаяу жүргіншілер бульварының құрылысын бастадық, нысанды қыркүйекке дейін пайдалануға бермекпіз. Қазір мұнда төсеніш төсеу жұмыстары жүріп жатыр, одан әрі спорт және ойын алаңдары орнатылады. Жоба бойынша шағын архитектуралық нысандар мен тоғыз көпір орнату қарастырылған.
Соңғы 15 жыл ішінде Саратов тасжолының бойындағы шағынауданда халық тығыз қоныстанып, көптеген көппәтерлі тұрғын үй салынды. Сондықтан жергілікті тұрғындарға осындай демалыс аймағы қажет деп есептейміз, – дейді Жандос Дүйсенғалиев.
Бұған қоса қазіргі уақытта Лермонтов алаңын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, мердігер ұйымның өкілдері барлық жұмыс уақтылы аяқталады деп уәде етті.
– Мұнда жөндеу жұмыстарын көктемнен бастап қолға алдық. Қазіргі уақытта Назарбаев даңғылында орналасқан сквердегі төсемдерді ауыстырып жатырмыз. Бұл – биыл жөндеуден өткен алтыншы сквер. Жұмыстар кесте бойынша жүруде, – дейді мердігер компанияның жұмысшысы Жасұлан Ешмұханбетов.
Перизат Баймағамбетова
Орал қаласы