Зашағанда бір шаруаның қойын қаңғыбас иттер қырып тастады. Бұл – Есенгелді ағаның малына шабуылдап отырған осымен екінші жағдай. Бұған дейін шаруаның 86 бас қойын бір түнде белгісіз жыртқыш қырып кеткен болатын. Сол кезде көпшілік қасқырдан көрген еді.
Суреттерді түсірген Жанат Көшкінбай / zhaikpress.kz
Ал бұл жолы шаруаның қорасына ит шапқаны белгілі болды.
Оқиға бүгін таңғы сағат 08:00 шамасында болған.
– Менің мал бағушым бар. Ол таңғы 08:00-де хабарласты. Қорадағы қойларға ит шапқан. «Екі итті ұстап қамап қойдым, дереу келіңіз» деді. Мен келіп қарап, полиция мен әкімдік қызметкеріне хабарладым. Қазір олар жұмыс істеп жатыр, - деді мал иесі Есенгелді Айтмұхамбетов.
Есенгелді ағаның 150 шақты қойы болған. Өзі Саратов облысынан көшіп келген.
– Бала-шағамды осы малмен асырап отыр едім, енді қайда барарымды білмеймін, - деп қынжылады шаруа.
Бүгін таңда қораға шабуылдаған иттер 10 бас қойды қырып, 7 бас қойды жаралап тастаған. Оқиға орнында полиция мен ветстанция өкілдері жұмыс істеп жатыр.
– Біз келсек малдың иесі екі итті ұстап, қоймен бірге қамап қойған екен. Біз бұл екі итті 10 күнге карантинге қамаймыз. Қазір бізге иттерді атуға рұқсат бермейді. Итті улай алмаймыз, ата да алмаймыз. Бұлар деген қалада өріп жүр. Адамдарға да зиян тигізіп отыр. Біз бәрін көріп, біліп отырмыз. Бірақ не істей аламыз? Енді бұл екі итке бақылау жасаймыз, егер құтырған болса 10 күн ішінде өздері өліп қалады. Егер сол күндер ішінде өлмесе біз иттерді жансыздандырамыз. Бұлар қоғамға, адамзатқа өте қауіпті иттердің тобы. Біз бұларды кері жібермейміз, - деді Орал қалалық ветеринария станциясының директоры Ерлан Ищанов.
Осыдан 15 күн бұрында Есенгелді ағаның малына шабуылдаған болатын. Сол кезде қалалық ветстанция өкілдері Зашаған кентіндегі иттереді аулап, қамаған.
– Біз бірінші оқиғадан кейін дәл осы шаруаның үйінің маңайынан жеті итті ауладық, - дейді Орал қалалық ветеринария станциясынң директоры.
Айта кетейік, өлген қойларды мал моласына тастайды. Қораға дезинфекция жұмысы жүргізілетін болады.
Біз Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубәкіровты сөзге тарттық.
– Ит көп, оны бәріміз көріп отырмыз. Маған күніне бәлең арыз-шағым түседі. Балама жүгірді, маған жүгірді деп ата-аналар күнде келеді. Қаңғыбас иттер қоғамның басты проблемасы болып отыр. Мәселені бәріміз көтеріп бір жақты етуіміз керек. Мысалы, көрші Өзбекстанда көшеден қаңғыбас ит көрмейсіз. Көшелері тап-таза. Ал біздің Оралда әр бұрышта қаптаған ит. Бұл – үлкенге де, кішіге де қауіп. Міне малға шауып жатыр. Ертең адамға шапса не істейміз? Мен бұл мәселені республикалық деңгейде шешу керек деп есептеймін. Өзім Зашағанның әкімі ретінде облыс басшылығына, депутаттарға жеткізіп, шама келгенше осы проблеманы көтеретін боламын, - деді Аққали Әубәкіров.
Ал «мал иесіне шығын өтеле ме?» деген сұраққа әкім былай деді.
– Біреудің өмір бойына бағып отырған ақ адал малы ғой, балаларының нәпақасы. Иттен келген шығын өтелуі тиіс. Мен қожалық басшыларымен де сөйлесіп көремін, мүмкін мал басын өтеп береміз. Немесе мемлекеттен тиісті өтемақы қарастырса соны алып беруге тырысамын. Бұл кісі көмексіз қалмайды, көмектесеміз, - деді ол.
Шаруаның қорада 46 бас қойы болған. Соның 10 бас қойын иттер талап өлтірген, 7 қойды жаралаған.
– Қалған 29 қой тірі. Бірақ әр жерінен тістелеп тастаған, - дейді мал иесі Есенгелді Айтмұхамбетов.
Жанат Көшкінбай
Суреттерді түсірген автор
zhaikpress.kz