19.07.2018, 11:30
Оқылды: 25

Оралда дін  саласындағы  заңнамаға  енгізілетін өзгерістер  түсіндірілді

 

din (2)БҚО әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов төрағалық жасаған отырысқа кеңестің тұрақты мүшелері, қоғамдық және діни бірлестіктердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.


 

Облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Мақсат  Раманқұлов  Парламент мәжілісінде дін саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылып, бекітілу үстінде екендігін мәлімдеді.

– Заң аясында төрт кодекске және сегіз заңға 117 өзгеріс енгізілмек. Оның ішінде деструктивті діни ағымдардың (ДДА) сыртқы белгілеріне қатысты өзгерісте болмақ. Осы мәселе бойынша биыл облысымыз бойынша жеті әкімшілік бұзушылық дерегі анықталды. Заң жобасында тек деструктивті ағымдардың атрибуттары мен сыртқы белгілерін пайдалану мен жариялауға тыйым салу ғана емес, ең бастысы, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратуға және насихаттауға тыйым салынады. Сонымен қатар жастардың шетелде діни білім алуына жағдай жасау, бақылау мен қадағалау функцияларын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің діни саладағы мінез-құлқын реттеу, діни бірлестіктердің қызметін жеңілдететін нормаларды енгізу, әкімшілік санкцияларды гуманизациялау және  басқа да өзгерістер бар. Мәселен, заң жобасында неке қию немесе некені тоқтату (ерлі-зайыптылық) бойынша діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат ету ғимаратынан тыс жерлерде жүргізуге жол бермеу туралы норма енгізілді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз араласудан қорғау күшейтілді. Балалар мен жасөспірімдер ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз салт-жоралар мен рәсімдерге тартылмау қажеттігі нормативтік түрде белгіленді, – деп өзгерістер енгізілетін құқықтық құжат туралы кеңінен мәлімет берген Мақсат Аралбайұлы заң жобасы қабылданған соң, облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетіндігін айтты.

Облыстық жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысы Аян Сақошевтің айтуынша, өңірімізде жастармен жұмыс жөніндегі 14 ресурстық орталық жұмыс жасайды. Желілік кестеге сай, жылына 127 шара жоспарланған. Ресурстық орталықтардың штатында сегіз теолог бар. Олар Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында жастармен бірлесе жұмыс жасап жүр. Биылғы жылы  теологтардың кеңесіне  320 жас жүгінген. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әр түрлі форматтағы шаралар өткізіледі. «Арнайы кеңес» жобасы аясында халық көп жиналатын «Мирлан», «Московский» базары мен «Сити центр» сауда үйлерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

– Шыны керек, жат ағымда жүрген жастар орталықтан  ауданға арнайы барған ақпараттық топпен кездесуге келмейді. Сондықтан бұл мәселеге аудан әкімшілігі араласу керек деп ойлаймын. Базар маңында дін ұстанған (қай дін екенін білмейміз) жастар шоғырланған жерлер бар. Олар бір-біріне қаржылай қолдау көрсетеді. Тұрғын үй, жұмыс мәселесін шешіп береді. Біз өз тарапымыздан оларға өз бизнесін ашу, жұмысқа қалай орналасу керектігі жөнінде кеңес береміз, – деп сөзін сабақтаған Аян Қажимерұлы өзге де аудандар жастар ресурстық орталығына теолог алу мәселесін қарастырса деген ұсынысын айтты.

Кеңесте Сырым, Қаратөбе аудандарының әкімдері аудандағы діни ахуал, дін саласында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Екі ауданда атқарылған жұмыстарды саралаған облыс әкімінің din (1)орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтен екпе алмай жүрген балалар мен аудандағы имамы жоқ үш мешіт мәселесінің  шешілу барысын сұрады.

– Ауданда жыл басынан бері 82 бала екпе алмағаны рас. Оның 10 пайызы дінге қатысы жоқ азаматтар. Қазіргі күнде оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аралтөбе мен Жосалы ауылдарындағы мешітте әзірге діни сауаты бар ауыл ақсақалдары жұмыс жасауда. Тоғанас ауылындағы мешітте имам жоқ. Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Медреседе оқып жатқан жергілікті  балаларды тартамыз, – деп жауап берді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.

Кеңес мүшелері дін саласындағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер және діни білім алып жүрген студенттерді елге тарту жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

– Қоғамда жастардың білім алуына, спортпен айналысуына толығымен жағдай жасап, олардың теріс ағымдарға түсіп кетпеуін назарда ұстауымыз керек. Ең бастысы, жастар өз-өзімен, өз мәселесімен  қалып қоймауы тиіс.  Дін мәселесі өте өзекті. Сондықтан жат ағымдармен тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, қоғам болып күресуіміз қажет. Мешіттерде жастарға жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беретін имамдар міндетті түрде болуы керек. Аудан-ауылдағы мешіттерде жетіспейтін имамдардың санына талдау жүргізіліп, бұл мәселені бір ай  ішінде шешу аудан әкімдеріне тапсырылсын, – деді отырысты түйіндеген Ғабидолла Абдоллаұлы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале