29.08.2024, 16:45
Оқылды: 123

Оралда екі апатты үй бұзылды

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте осы салада атқарылған жұмыстарды баяндады.

28F4BF86-0CA7-49B4-9787-41500901A7C5

Оралдағы 6,6 шақырым су құбыры мен кәріз желілерінің күрделі және ағымдағы жөндеуі аяқталуға жақын. «Батыс су арнасы» ЖШС-ы бұл жұмыс үшін кәсіпорын бюджетінен 572 млн теңге жұмсаған. Ал 536 млн 070 мың теңгеге Ақсай қаласындағы 4-шағынауданның сумен жабдықтау желілері қайта жаңартылуда. Сондай-ақ аудан орталығындағы 5 және 10-шағынаудандарда да осындай жұмыс атқарылуда. Алғашқы жобаның құны 476 млн 784 мың теңге болса, екіншісінікі – 183 млн 479 мың теңге.

– Облыстың жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 312 шақырым. Оның ішінде Орал қаласында 249 шақырым болса, Ақсай қаласы бойынша – 63 шақырым. «Жайықжылуқуат» АҚ өз қаражаты есебінен 1,4 млрд теңгеге облыс орталығында №3, 5 энергетикалық қазандықтарды және 6,7 шақырым жылу желілерін күрделі және ағымдағы жөндеуді жоспарлаған болатын. Қазір қос қазандық  жөнделіп, 5,8 шақырым жылу желісі де күрделі жөндеуден өтті. Cондай-ақ «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ БҚӨФ алдындағы кредиторлық берешегін өтеу мақсатында облыстық резервтен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні аталған АҚ-ның кредиторлық берешегі жоқ, – деп баяндады Мирас Рүстемұлы.  

Спикердің мәліметіне сүйенсек, облыста 31 960 адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекте тұр. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары санатының қатарында 18 788 отбасы, көпбалалы жанұя ретінде 4 173 отбасы тіркелген. Биылғы тамыздағы жағдай бойынша 124 азамат тұрғын үй кезегімен баспана алған. 2024 жылы тұрғын үй сертификаттарын беру үшін облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлініпті. Мұндай қолдауға ие болған 75 азаматқа 72 млн теңгеге сертификат берілген. Елімізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйдің жалдау ақысы субсидияланатыны белгілі.

Мұндай жеңілдікті 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, көпбалалы отбасылар ала алады. Биыл жалдау ақысын субсидиялау бойынша төлемдерді жүргізу үшін облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінген. «Отбасы банк» АҚ деректеріне сәйкес азаматтардың 174 жалдау шарты тіркеліп, 4,9 млн теңге игеріліпті.

Басқарма басшысы айтып өткендей, облыста көппәтерлі 2 508 тұрғын үй бар болса, соның 65-і апатты жағдайда және 343-інің тозығы жеткен. 2015 жылдан бастап 34 апатты үй бұзылған. Олардың орнында 16 үй салынып, пайдалануға берілген. Яғни тапсырылған 1 145 пәтердің 262-сі апатты үйдің тұрғындарына арналған. 2029 жылға дейін апатты және тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үйлерді бұзу арқылы меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бар.

Соған сәйкес биыл Орал қаласында екі апатты үй бұзылған. Олардың орнына бір көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарлануда. Республикалық бюджеттен облыстағы 26 кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу үшін 879 млн 234 мың теңге бөлінген.

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале