Жүзге тарта оқушының Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім алсам деген бала арманы орындалды. Қостанай және Батыс Қазақстан облысы мектептерінен келген 9-сыныптың ұл-қыздары күзгі демалысының ең есте қалатын күндерін Оралда өткізді. Ауыл оқушыларына арналған білім беру бағдарламаларын іске асыратын қазақстандық кәсіпкерлердің «IQanat» жобасы аясында ауқымды хакатон аяқталды.
Қатысушылар үшін Зияткерлік мектеп мұғалімдері SMM негіздері, WEB-бағдарламалау, мобильді қосымшаларды жасақтау, Python бағдарламалау тілі арнайы курстары дайындады.
Ал жетекшілер үшін IT, онлайн оқыту, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, оқушылармен және олардың ата-аналарымен қарым-қатынаста өз дағдыларын жетілдіре алатын тренингтер, шеберлік сыныптар, практикалық сабақтар ұйымдастырылды.
– NIS-тің достары өте көп, олар – еліміздің және шетелдік білім беру ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер. Міне, қатарымызға сіздер сияқты жас және білімге құштар жаңа достардың қосылғанына қуаныштымыз, - деді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев.
Хакатондағы ең жарқын сәттердің бірі – блогер Бибінұр Хамитқызы және кәсіби фотограф Бақтияр Ғабдуловпен кездесу. Шеберлік сабақ Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке брендтің дамуына, медиа-мәдениеттің ерекшеліктеріне және фотоөнерге арналды.
«IQanat» тренингтері оқушылармен қатар мұғалімдер үшін де айрықша оқиға болды.
– NIS-те өткізген күндер балаларымыздың жүрегінде қалады. Біз, яғни мұғалімдер әрі қарай кәсіби дамуға шабыт алдық, - деп алғысын білдірді Подстепное ауылынан келген облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының мұғалімі Жазира Бердібекова.
Айдана Хамидуллина,
Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы