Мамандардың сөзінше БҚО бойынша 24 427 мың мүгедек адам бар. Оның ішінде төрт мыңнан астамы балалар. Кеше БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың қатысуымен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шаралар туралы жиын өтті. Кездесуде аймақтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты.
Жиында алдымен БҚО ерікті мүгедектер қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов сөз алды.
Ол өз кезегінде қаладағы көп ғимараттың мүгедектердің жүріп-тұруына бейімделмегенін атап өтті. Тіпті ең қарапайымы пандус мәселесі әлі күнге шешілмей отырғанын, көп мекемелерде пандустар стандартқа сай еместігін, ал ғимарат іші мүмкіндігі шектеулі жандардың қозғалысына арналмағанын атап өтті.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың ең жиі кездесетін проблемасы - қалада қоғамдық көлікпен жүру мәселесі.
Бұл туралы «Қаладағы қоғамдық көліктер мүгедектігі бар адамдардың қозғалысына ыңғайланбаған. Автобусқа мініп-түсуі қарастырылмаған. Біздің мүгедек азаматтарымыз біреудің көмегінсіз атвобусқа міне де, түсе де алмайды. Олар айналасындағылардан көмек сұрауға мәжбүр. Осы мәселені шешуді сұраймыз», - деді Жұмажан Қожжанов.
Бұл мәселені тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржановқа қалада мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы автобустар тізімін жасауды, автобустардың жай-күйін тексеруді, анықтауды тапсырды.
Мүмкіндігі шектеулі жандар қалада инватаксидің көмегімен қатынайды. Оның өзі сенбі-жексенбі, мейрам күндері жүрмейді деп шағымданды жиынға қатысқандар.
Жиналысқа қатысқан үкіметтік емес ұйым мүшелері мүмкіндігі шектеулі жандардың қызмет алу кезінде туындайтын қиындықтары болмауы тиіс дегенді ортаға салды.
Қазір өңірімізде мейірім мен қайырымдылық айлығы жүріп жатыр. Осы айлық барысында жоғарыда аталған топ азаматтарына түрлі көмек ұсынылып, қолдау білдірілуде.
Жанат Көшкінбай.
фото авторы: Эльвира Меңідғали