21.06.2023, 12:00
Оқылды: 61

Оралда мұғалімдер түлектердің мектеп бітіру кешіне қатыспайды

Орал қаласында мұғалімдер түлектердің мектеп бітіру кешіне қатыспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ЖП

Орал қаласы білім беру бөлімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, барлық мектепте аттестатты тапсыру іс-шаралары 22 маусым күні өтеді.

«Барлық мектепке аталмыш іс-шараны бір уақытта өткізу туралы қалалық білім беру бөлімі тарапынан тек ұсыныс берілді. Мектеп әкімшілігі аттестатты ғана салтанатты түрде табыс етеді. Оны қандай форматта, қалай ұйымдастыратынын мектеп әкімшілігі шешеді. Ал кафе-мейрамханаларда кешті түлектердің ата-аналары ұйымдастырады. Оған мектеп мұғалімдері қатыспайды», - деп хабарлады ведомстводан.

Білім беру бөлімінің мәліметіне қарағанда, биыл Орал қаласы бойынша 2 310 түлек мектеп бітіріп отыр. Соның ішінде 51-і - «Алтын белгі», 86-сы үздік аттестат алады.

ҰБТ-дан ең жоғары балл – 136. Оны №35 лицей түлегі Тарлан Исатайұлы мен Abyroi sсhool мектебінен Әлихан Меңдіғали жинады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале