Орал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиевтың назарына!
Суреттерді түсірген: Мәди Салық
Мына фотосуреттердегі кәрі ағаштың сынған нән бұтағы екі айдан бері жылу құбырына төніп тұр. Бұл – Орал қаласындағы қазіргі Абай (бұрынғы Еуразия) көшесі бойындағы көппәтерлі №171 мен №173-ші үйлердің ауласындағы жағдай.
Егер жаңағы дәу бұтақ діңінен біржола ажырап, құлар болса, жылу құбырына оңбай зиян-залал келері айдан анық. Тіпті, құбырдың жаңағы ағаш құлаған бөлігінің сынып-жарылып, қолданысқа мүлдем жарамай қалуы да әбден мүмкін.
Осы қауіп-қатерді айтып, жаңағы қос үйдің бірінде тұратын Алексей Круглов деген азамат «109» коммуналдық апаттық қызмет желісіне хабарласса, ондағылар «Бұл пәтер иелері кооперативінің (ПИК) Орал қалалық әкімдігіне қарасты тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутожолдар бөлімімен бірлесіп атқаратын жұмысы» деген уәж айтқан.
Бірақ үшбу қос үйге қатысты әлі күнге дейін ешқандай ПИК немесе МИБ (мүлік иелері бірлестігі) мүлдем құрылмаған. Сөйте тұра солай екен деп, кезекті жылу маусымы таяп қалғанда, бүтін құбырды бюрократиялыққа салынып, құрбандыққа шалуға бола ма, сірә?!.
Айтпақшы, аталмыш аулада басқа да «қартайған» ағаштар баршылық...
Өз тілшіміз
zhaikpress.kz