27.07.2018, 20:11
Оқылды: 48

Оралда үздік әлеуметтік жобалар байқауы өтті

uzdik zhobaБүгін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздардың есімдері белгілі болды. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары алдағы қазан айында өтетін республикалық байқауға жолданады.  


«Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсетуді және әлеуметтік әлжуаз топтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін республикалық байқау биыл елімізде алтыншы рет өткізілуде.  Байқау өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамашыл әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылады. Биыл аталмыш байқау бірінші рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтуде», - деді жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аталмыш байқау комиссиясының  төрағасы Серік Сүлеймен.

Оның айтуынша, биылғы сәуір айынан басталған байқау өңірде екі кезеңде, алдымен аудандық, қалалық деңгейде өтіп, одан іріктелгендері өңірлік сайыста бақ сынаған. Облыс бойынша  28 қатысушыдан өтінім түсіп, олардың 9 жобасы іріктеліп алынып, өңірлік қазылар талқысына түсті. Әлеуметтік жобалардың әлеуметтік маңыздылығы сол - жобаларды іске асырудағы нәтижелерінің болуы, мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс орындарын ашу сықылды талаптарға сай келу жағы ескерілген.

uzdik zhoba (1)Байқау комиссиясының шешімімен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының өңірлік кезеңіне белсенді қатысқаны үшін дипломмен және ынталандыру сыйлығымен тасқалалық Сағынғали Досщанов, қаратөбелік Қасымхан Шоқанаев марапатталды. Жасы 80-нен асқан Сағынғали ақсақал салауатты өмір салтын өз өнегесімен насихаттаса, Қасымхан керамикалық бұйымдар жасаумен шұғылданады. Ал бөрлілік Виталий Ан байқауда үшінші орын, «Сұңқар-Ақсай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ербол Мерғалиев екінші орын алып, сәйкесінше дәрежелі дипломдармен марапатталды. Ал «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» республикалық байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпазы атанды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Айта кету керек, бұл шараның демеушісі - «Серік» өндірістік жабдықтау кәсіпорнының бас директоры Серік Мерғалиев.

Облыс әкімінің орынбасары, аталмыш байқау комиссиясының мүшесі Бибігүл Қонысбаева байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысымен жеңімпаздарды және қатысушыларды құттықтап, байқауға аудандардан қатысушылардың қатары толыға түскенін, алдағы уақытта бұдан да көбейетініне сенім білдіріп, өңірімізден республикалық байқауға баратын жоба авторларына табыс тіледі.

-Мүгедектерді жұмыспен қамту, оларға жұмыс орындарын ашу бағытындағы жобам үздік деп танылды. Әзірге Сырым және Бөрлі аудандарындағы мүмкіндігі шектеулі жандарды өз ісіме баулып, үйреттім. Алда басқа аудандардан да адамдар тартсам деймін. Қазақтың дәстүрлі жиһаз жасау өнерін, әсіресе, бесік, сандық жасауды үйретемін. Сондай-ақ соңғы екі жылда сал ауруымен ұшыраған балаларға қажетті аппараттың 34 түрін жасап шығардым. Биыл аутизммен, Даун синдромымен ауыратын ұл-қызға 15 құрылғы ойлап, жасап шығардық. Енді соларды іске асыруға дайындалып жатырмыз, - деді «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале