Орал қаласында аулаларды абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.
Бүгін сол дәстүрге сай Ә.Кердері 172 мекенжайында жаңа балалар алаңы іске қосылды.
Осы мекенжайдағы ауланың жыры аз айтылған жоқ. Тұрғындар бірнеше мәрте қала әкімдігіне өтініш айтып, балалар ойнайтын алаң сұраған еді.
Көп тілегі қабыл болып, бүгін Республика күні қарсаңында қала әкімі жаңа алаңның ашылу салтанатына қатысты.
– Құрметті жерлестер, сіздерді Республика күнімен құттықтаймын. Біз қалада дәл осындай 29 ауланы абаттандырып, аяқтай келдік. Бүгін міне, сондай жобаның бірі өздеріңіздің аулада тұр. Енді қалғаны осы ауланы халық болып күтіп ұстау. Біз алдағы бес жылда 100-ден астам ауланы абаттандыруды жоспарлап отырмыз, - деді тұрғындар алдында сөз алған Миржан Сатқанов.
Бұл ауланы абаттандыру жұмысына 45 млн.-дай қаржы бөлінген. Мердігер компания өкілі жөндеу жұмыстары қыркүйек айында басталғанын, алда әлі 29 ауланы абаттандыру жұмысы жүргізілетінін атап өтті.
Жаңа алаңның ашылғанына аула тұрғындары бек қуанышты.
Қала әкімімен кездесу барысында тұрғындар алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Ал, балалар болса алаңда асыр сап ойнап, мереке көркін қыздырды.
Жанат Көшкінбай,
Суреттерді түсірген автор
zhaikpress.kz