24.07.2026, 17:40
Оқылды: 8

Оралда жас гимнасттар облыс чемпионатына дайындықты күшейтті

Орал қаласындағы “Winners” көркем гимнастика мектебі бір апталық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырды. Алдағы тамыз айында өтетін облыс чемпионатына дайындық аясында өткен жиынға 30-ға жуық жас гимнаст қатысты.

WhatsApp Image 2026-07-24 at 18.38.04

Жаттығу жиынының негізгі мақсаты – спортшылардың техникалық шеберлігін жетілдіру, жаңа бағдарламаларды меңгеру және алдағы жауапты жарысқа тыңғылықты дайындалу. Осы мақсатта Ресей Федерациясынан жоғары санатты жаттықтырушы Елена Николаева мен хореограф Мария Сазонова арнайы шақырылды.

Жеті күн бойы жас спортшылар күніне екі мәрте жаттығу өткізіп, күрделі гимнастикалық элементтерді орындау, икемділік пен дене дайындығын жетілдіру, сондай-ақ сахналық мәдениет пен хореографиялық шеберлікті шыңдау бағытында жұмыс жүргізді. Тәжірибелі мамандар әр гимнастпен жеке жұмыс істеп, олардың техникалық қателіктерін түзетіп, жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті.

Оқу-жаттығу жиынының қорытындысында жоғары санатты жаттықтырушы Елена Николаева көркем гимнастиканың сырт көзге әсем көрінгенімен, үлкен еңбек пен төзімділікті талап ететін спорт екенін атап өтті. Оның айтуынша, жас спортшылардың жоғары нәтижеге жетуіне бапкерлердің кәсіби еңбегімен қатар, әрдайым қолдау көрсетіп жүретін ата-аналардың рөлі де айрықша.

– Спортшының табысқа жетуі – бапкер, ата-ана және спортшының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Баланың әр жетістігінің артында оны қолдап, сенім білдіріп жүрген отбасы тұрады. Сондықтан ата-аналардың қолдауы өте маңызды – деді маман.

Жиынның жабылу рәсімі ерекше әсерлі өтті. Бір апта бойы меңгерген жаңа бағдарламалары мен өнерлерін жас гимнасттар ата-аналарына арналған арнайы концерттік бағдарламада паш етті. Әсем қойылымдар мен үйлесімді қимылдар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, жас спортшылар ұзақ қол шапалаққа ие болды.

Мұндай оқу-жаттығу жиындары жас гимнасттардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, олардың алдағы облыс чемпионатында жоғары нәтиже көрсетуіне берік негіз қалайды.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале