Жас мамандар арасындағы «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» VI республикалық байқауының қалалық кезеңі мәреге жетті.
Байқауға Орал қаласындағы мектептерден 50 педагог қатысты. Желілік қауымдастық ішінде өткен іріктеуден 20 ұстаз үш кезеңді байқауда білім-білік дағдыларын, ізденіске құмар, кәсіби өсуге ынталы екендіктерін көрсете алды.
Алғашқы кезеңде қатысушылардың «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» тақырыбында жазған эссе жұмыстары бағаланды. Екінші кезеңде жас мамандар «Шығармашылық жолдың бастамасы» атты таныстыру презентацияларын ұсынды.
Байқаудың үшінші турында қатысушылар өздеріне бейтаныс сыныптарға сабақ берді. Бұл турда жас мамандардың алғаш танысқан сыныппен тіл табысуы, сабақтың smart форматында құрылуы, сабақ берудегі әдістердің оқу мақсаттары мен бағалау критерийлеріне сәйкес барлық оқушының сабаққа қатысуы, тапсырмалардың оқушылардың ойлау қабілетіне сәйкестігі назарға алынды.
Қазылар алқасының құрамында «Өрлеу» БАҰО АҚ БҚО-дағы Кәсіби даму институтының, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДДҰ ПШО мамандары, озат тәжірибелі ұстаздар болды.
Соынмен жас мамандар додасының бас жүлдесіне эстетикалық бағыттағы гимназия мұғалімі Дамир Кунашев ие болды. Ал І орынды Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Ә Әселхан Бақтыгерейқызы мен №43 мектептің мұғалімі Айнара Қонысбаева жеңіп алды. №37 мектептің мұғалімі Раниль Досмухамбетов, №48 мектептің мұғалімі Аяулым Сағидолла, №125 High school мектебінің мұғалімі Руслан Мустафин ІІ орынға ие болды. №50 мектептің мұғалімі Аңсар Абай, Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназия мұғалімі Алтынай Бақытжанова, №1 мектептің мұғалімі Гүлден Елеуова ІІІ орынға лайық деп танылды.
Байқау қатысушыларға алғыс хат табысталды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге қалалық білім беру бөлімінің дипломы, БҚО ғылым және білім саласы қызметкерлері кәсіптік одағы Орал қалалық комитетінің сыйлықтары берілді.
zhaikpress.kz