29.01.2018, 18:14
Оқылды: 39

Оралдағы жылдамдық өлшегішке қатысты дауға нүкте қойылды  

 

IMG_8601Өткен жылдың соңғы айы оралдық көлік жүргізушілер үшін Шаған жағалауы көшесі бойында орнатылған жылдамдық өлшегіш құралы төңірегіндегі даулы мәселемен есте қалған еді. Аталған түйіткілдің шешілуін жергілікті БАҚ өкілдері де басты назарда ұстады. Орын алған жайттың ақ-қарасын анықтауға облыста арнайы комиссия да құрылған-ды. Жақында сол комиссияның тексеріс нәтижесі белгілі болды.


 

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Шаған жағалауы көшесінің бойында, нақтырақ айтсақ, «Ескірмес ерлік» ескерткішінің тұсында орнатылған жылдамдық өлшеу құралына «фотоға түскен» жүзден астам оралдық көлік жүргізушілері жол ережесін бұзбағандарын алға тартып, стационарлық құрылғының жұмысына күмән келтірген болатын. Жолдың бұл бөлігінде көлік жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспауы тиіс. Әйтпесе, жол ережесін бұзғаны үшін 10 АЕК көлемінде, яғни 22 690 теңге айыппұл салынады. Наразы тараптың айтуынша, көлік иелері жылдамдықты асырмаса да, «фотоаппарат» суретке түсіріп, кейін айыппұл төлеу жөнінде ұйғарымдар келген. Тіпті кейбір жүргізушіге бір айдың ішінде бірнеше айыппұл қағазы келген көрінеді. Жергілікті құзыретті құрылымдар болса, мәселенің мән-жайын анықтау дереу қолға алынғанын және арнайы комиссия құрылғанын айтқан болатын.

IMG_8608Оқиғаның басқаша сипат ала бастағанынан сезіктенген жүргізушілер қалалық сотқа шағым түсіреді. Алайда одан да еш нәтиже шықпаған соң облыстық сотқа жүгінуге тура келген. Көлік иелерінің мүддесі орынсыз тапталмайды деген шенділер, мәселенің ақ-қарасын анықтауға аталған құрылғыны орнатқан «Жаңа жобалар» ғылыми-техникалық орталығы ЖШС өкілдерін шақыртыпты.

«Жазықсыз айыппұл салынды» деп шырылдап жүрген қала тұрғынының бірі – Нұрлан Зинекешев. Әділдік сұрап, екі айдан бері соттың табалдырығын тоздырған аутожүргізушілер сынақты күн жылынғанда ғана өткізу керек екендігін айтады.

– Менің таң қалатыным қазан айы – 792, қараша – 346 заңбұзушылық тіркелсе, ал қаңтар айында ешбір заңбұзушылық тіркелмеген. Бұлай болуы мүмкін емес. Меніңше, құрылғы жұмысында ақау болған сияқты. Көшені күрделі жөндеуден өткізгеннен кейінгі жағдай бұл. Біздегі мәлімет сүйенсек, тексеріс жұмыстары белгілі бір ауа температурасы кезінде жүргізілуі тиіс. Кітапшада +20 градус деп көрсетілген. Одан бір-екі градус төмен болуға рұқсат етіледі. Құрылғыға қатысты түсініксіз жайттар көп, – дейді Нұрлан Зинекешев.

«Жаңа жобалар» ғылыми-техникалық орталығы ЖШС директоры Владислав Польшин тексеріс барлық талапқа сай жүргізілгендігін айтады. Ол құрылғының қалыпты режімде жұмыс істеп тұрғандығын және ешқандай ақау анықталмағанын, осы жайттарды қажет жағдайда тексеріс жүргізген мамандардың толықтай дәлелдеп бере алатындығын мәлімдеді. Арнайы тексеріс жүргізген маман ауа райы тексеріс нәтижесіне еш әсер етпейтіндігін де айтты.

– Автожүргізушілердің өтініші бойынша тексеріс жұмыстарын жүргіздік. Астанадан құрылғыны орнатқан компанияның директоры келді. Жылдамдық өлшегіш құрылғының жұмысына жүргізілген тексеріске жергілікті полиция басшылығы, сынақ зертханасының жетекшілері мен шағымданушы жүргізушілер қатыстырылды. Жылдамдық өлшеуіш құрылғының қалыпты жұмыс жасап тұрғандығын дәлелдеу үшін комиссияның көзінше шағымданған жүргізушілер сол аумақтан өз аутокөліктерімен түрлі жылдамдықта өтіп көрді. Жүргізілген тәжірибе белгіленген жүру жылдамдығын сақтаған жағдайда құрылғының фотоға түсірмейтіндігін, ал жылдамдықты асырғанда құрылғы тіркеуге алатындығын дәлелдеді. Тексеріс аяқталған соң оған қатысушы көлік жүргізушілері құрылғының қалыпты жұмыс жасап тұрғандығына көздері жетіп, толтырылған актке қолдарын қойды. Осымен түйткіл түбегейлі шешілді деп толықтай айта аламыз, – дейді БҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанболат Жаншин.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале