Орал қаласындағы «БатысМұнайГаз-Жабдықтары» ЖШС Тәуелсіз мемлекеттер достастығы сыйлығының дипломанты атанды. Осылайша Достастық кеңістігіндегі үздік кәсіпорындардың қатарына енді.
Нақты айтсақ, биылғы 8 шілдеде Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысындағы Бает ауылында Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің 69-отырысы өтті. Осы ауқымды басқосуда өнім мен қызмет сапасы саласындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығын табыстаудың салтанатты іс-шарасы болды. Бұл марапатқа ТМД-ға мүше мемлекеттерден 25 ұйым ұсынылған.
ТМД сыйлығы – Достастық кеңістігіндегі сапа саласындағы ең беделді халықаралық марапаттардың бірі. Байқау екі жылда бір рет өткізіледі. ТМД-ның халықаралық сыйлығы заманауи басқару жүйелерін енгізген, инновациялық технологияларды тиімді қолданатын және жоғары сапа стандарттарына сәйкес өнім шығаратын кәсіпорындарға табысталады. Байқауға Қазақстан Республикасының атынан ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алған кәсіпорындар ғана қатысады.

Біз халықаралық сыйлыққа ие болған «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС директоры Берік Сүлейменовті марапатпен құттықтап, кәсіпорын жұмысымен таныстық. 2006 жылғы 26 шілдеде Орал қаласында негізі қаланған «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС бүгінде – Қазақстанның мұнай-газ секторындағы танымал индустриялық алпауыт кәсіпорын. Компанияның өндірістік базасы 2500 шаршы метрден асады. Бүгінде мұнда жоғары білікті 160 маман жұмыс істейді. Кәсіпорын 2021 жылы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымының лауреаты атанған.
«БМГЖ» ЖШС барлық үлгідегі аутоматтандырылған газ тарату стансаларын шығарады. Яғни күрделі газ кешендерін жеке жобалау мен құрастырудан бастап, аутоматтандырылған басқару жүйелерін әзірлейді. Берік Кенжебекұлының айтуынша, бұл стансаны еліміздің кез келген нүктесінен қашықтан басқаруға болады. «Станса газ қысымын өздігінен төмендетіп, оны тазартады және жылытады. Осылайша тұтынушыларға газ жеткізілмес бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Стансаларға үш жылға кепілдік беріледі.
Ал олардың жобалық қызмет ету мерзімі – кемінде 30 жыл», – дейді кәсіпорын басшысы.
Кәсіпорын әр жылдары түрлі жетістікке жетті. 2019 жылы ҚР Президентінің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында «Сарыарқа» газ өлшеу стансасы газ құбырының негізгі жабдықтарын іске қосты. Нәтижесінде Астана, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларына көгілдір отын жетті. Компания «Қазақстан – Қытай» және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» ірі магистральдарына жабдықтар әзірлеп жеткізді. Шымкент мұнай өңдеу зауытына газ беру жобасын табысты жүзеге асырды. Өндіріс өнімдері ISO 9001:2016, ISO 14001:2016 және ISO 45001:2019 халықаралық стандарттарына сай.
Сондай-ақ жаңартылған индустриялық сертификаты бар. Күні бүгінге дейін кәсіпорын 150-ден астам күрделі газдандыру жобасын табысты аяқтады. Бүгінде «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ сияқты ірі компаниялардың сенімді серіктесіне айналды. Қытайдың CPECC ұлттық корпорациясымен тығыз байланыс орнатып, Ресей нарығына жабдықтар экспорттап келеді.
Бір ерекше айтып өтетін жайт, бұл зауыт «Жасыл экономикаға» көшуге ден қойған. Яғни экологиялық жауапкершілікті арттырып, тиімді энергетикалық шешімдерді енгізген. 2023-2024 жылдары АГРС-тің (аутоматтандырылған газ тарату стансаларының) толық энергетикалық тәуелсіздігін енгізді. Зауыттың қолдауымен «Чистая энергия» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС құрылды. Соның нәтижесінде газ тарату стансалары гибридті қондырғылармен, яғни күн панельдерімен, жел генераторларымен және резервтік дизельді электр стансалармен жабдықталуда. Берік Кенжебекұлының айтуынша, бұл қондырғылар қала халқына газ беретін қазандықтардың іркіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

– ТМД Мемлекетаралық кеңесінің сапа сыйлығына ие болу – ұзақ жылғы қажырлы еңбектің жемісі. Бұл – менің ғана емес, ұжымдағы әр қызметкер мен жұмысшының еселі еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ сапа сыйлығы отандық кәсіпкерлік қауымдастық үшін де маңызды. Себебі бұл қазақстандық өндірушілердің халықаралық деңгейде табысты бәсекелесе алатынын, олардың өнімдері мен көрсететін қызметі жоғары талапқа сай екенін дәлелдейді. Сондай-ақ ТМД сыйлығына қатысу «Қазақстанда жасалған» өнімге деген сенімді арттыруға ықпал етеді. Бұл жетістік кәсіпорынның одан әрі дамуына, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа серпін береді, – деді кәсіпорын директоры Берік Сүлейменов.
Айна Имашева,
Орал қаласы