Республикалық VI «Жаңа мектепке — жаңашыл ұстаз» жас педагогтер байқауында оралдық жас маман Дамир Кунашев жүлдегер атанды. Бұл туралы Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фото: baldauren_kz_
Республикалық байқау Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығында ұйымдастырылды. Жас педагогтердің әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық потенциалын арттыру, кәсіби шеберліктерін жетілдіруіне одан әрі жағдай жасау мақсатындағы дәстүрлі байқауға әр өңірден облыстық кезеңнің жеңімпазы атанған мамандар қатысты.
Қатысушылар алғашқы турда презентация арқылы өздерін таныстырып, екінші кезеңде «Жаңа мектепке — жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазды. Одан соң ашық сабақ берді.
Байқау қорытындысында Орал қаласы Эстетикалық бағыттағы гимназияның тарих пәні мұғалімі Дамир Серікұлы жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Дамир Кунашев ұстаздық қызметін 2020 жылы бастады. Осы 2,5 жұмыс өтілінде өзін шығармашыл, креативті, өнерлі, ізденісте жүретін маман ретінде көрсете білді
Білім ұясында дебат клубының жетекшісі. Шәкірттері түрлі байқау мен сайыстарға қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр.