Бүгін Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов коммуналдық мекеме техникалараның қыс мезгіліне дайындығын тексерді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Шаһар басшысына «Жайық таза қала» ЖШС-ның директоры Ринат Нұрғалиев коммуналдық мекеменің қысқа дайындығы жөнінде баяндады.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мекемеде 200-ге жуық арнайы техника бар. Соңғы 4 жылда 91 жаңа техника сатып алынған. Қажет болған жағдайда қосымша техникаларды жалға алу жөнінде келісімшарт жасақталған.
Сондай-ақ коммуналдық мекеме қыс мезгіліне 15 мың тонна құм-тұз қоспасының қорын дайындап қойған.
– Қазіргі уақытта мекемемізде 750 қызметкер бар. Алдағы жылы штат санын 1000-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалақыларын да көбейту көзделген, - деді Ринат Нұрғалиев.
Қала әкімі бақылау барысында көше-жол желісін қар мен мұздан тазалау жұмыстарына дайындықты пысықтауды тапсырды.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында әлеуметтік нысандардың, мектеп, балабақша, аурухана, емханалардың жолдарын тазалауға баса назар аударуды міндеттеді.
Қар қалың жауған кезде қосымша техника жұмылдырып, жұмыстарды жүйелі атқару қажеттігін ескертті.
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген: Замир Габдрахманов