Батысқазақстандық пара дзюдошы Талғат Әжіғалиев Ханчжоуда өтіп жатқан IV жазғы пара Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Бұл туралы біздің редакцияға БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Әскербек Нұрмұханов хабарлады.
Фото: туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен
90 келіден жоғары салмақта J-2 санаты (екі көзі де нашар көретін адамдар) бойынша күрескен жерлесіміз алғашқы белдесуінде қытайлық Ли Пэнді ұтып, жартылай финалда өзбек палуаны Аловердин Журакуловка есе жіберген.
Ал қола жүлде үшін белдесуде Индонезия спортшысы Тони Рикардо Манторасты ұпай санымен ұтқан.
Талғат Әжіғалиев 2018 жылдан бастап Мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубында жаттығады.
Ол биыл Астанада өткен пара Азия чемпионатының командалық сайысының жеңімпазы атанған. 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен VI параспартакиаданың чемпионы. ҚР чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасының спорт шебері. Дзюдоны Тасқала ауданының Амангелді ауылында жаттықтырушы Бектас Бақтыгереевтен үйреніп бастаған. Қазіргі кезде тәжірибелі жаттықтырушылар Теміржан Хасанғалиев және Арман Байеновтен тәлім алып жүр. Қазақстан Республикасының бас бапкері Жандос Қияновтың шақыртуымен Ұлттық құрама сапына алынған.
zhaikpress.kz
Фото Қазақстан пара дзюдо федерациясының парақшасынан