ҚР Президенті қоғам үшін мүлдем жаңа күнтәрібін белгілеп берді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қабылданған күш-жігердің, іс-шаралардың арқасында ахуал қысқа ғана уақыттың ішінде тұрақтанды. Қазіргі уақытта төтенше жағдай режимі алынды. Бірақ, тағы қайталап айтамын, бірқатар өңірде лаңкестерге қарсы операция режимі сақталады. Дегенмен, толықтай алғанда елдегі ахуал тұрақтанды. Жағдай қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп тұрғысынан ғана емес, ақпараттық алаң тұрғысынан да тұрақтанып отыр. Бұл ретте Президенттің қоғам үшін мүлдем жаңа күнтәртібін – жаңа Қазақстанда құруға бірлесе қатысуды белгілеуі өте маңызды рөл ойнады. Ол барлық жауапкершілігі бар күштерді, белсенді азаматтары үлкен жасампаздық процесіне бірге қатысуға шақыруды қамтиды», - деді Мемлекеттік хатшы «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.
Ерлан Қариннің атап өтуінше, Мемлекет басшысының таяуда Парламенттегі сөйлеген сөзінде ұсынған реформалар топтамасыз іске асыру үшін үлкен жұмыс атқару қажет. Ал бұл реформаларды іске асыру басты фактор мен жағдайға – шоғырлану мен бірлесе әрекет ету қабілетіне байланысты болмақ.
«Ендігі уақытта бұл лепірме, тебіреністі сөздер емес. Бұл дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығуымыз үшін қазіргі уақыттағы қажеттілік. Қазір нақты пікірталас қажет. Өйткені, шындықтан ажырап қалған демагогияның белең алғаны байқалады. Теңгерімді қадам болуы тиіс. Бізге дұрыс мазмұнға бағдарлану қажет. Радикалды құрылымдармен, ұйымдармен, лаңкестермен күреспен қатар радикалды идеологиямен, риторикамен де күрес болуы тиіс. Сонда біз бұл ахуалды еңсеріп, еліміздің дамуында сапалы деңгейге шығамыз», - деді Ерлан Қарин.