ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесін мұқият тыңдап, Қазақстанда дер кезінде шешімдер қабылданғанына және төтенше жағдай жарияланғанына шүкіршілік етіп отырмыз.
Осындай шұғыл шаралардың арқасында «бұйдалауға» көнбейтін індеттің кең жайылмауының алдын алып, ахуал бақылауда ұсталуда. Президент тапсырмасына орай күллі елімдегідей Ақ Жайық өңірінде де тиісті карантиндік шаралар қабылдануда. Мемлекет басшысы қиын-қыстау кезеңде азаматтарға және бизнеске бұдан әрі қолдау көрсетілетінін жеткізді. Соның ішінде инфляцияның өсуіне байланысты зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялау, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты жұмысынан айырылған жандарға әлеуметтік төлем төлеу мәселесі тапсырылып, шешілуде. Сонымен қатар мұқтаж жандарға азық-түлік пакеті беріледі. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында бірқатар оңды шешім қабылдануда. Оның барлығын санамалап жатудың қажеті бола қоймас, өйткені оның барлығы Президент мәлімдемесінде жақсы айтылды. Президент мәлімдемесі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың бақылауда екенін көрсетті.
Осындай әлем елдерін қалтыратқан індет зобалаңы тұсында сонау ел басына күн туған шақта туған жерімізді жаудан қорғаған, одан кейінгі тарих көшінде ел экономикасын қалпына келтіруге ұйыса еңбек еткен аталарымыз бен әкелеріміздің өнегесімен баршамыз Президент маңына топтасуымыз қажет. Біздің ұрпақ өткен ғасырдың 90-жылдарындағы экономикасы қираған, зауыт-фабрикалары жабылған, зейнетақы төленбеген, электр жарығын тәулігіне 2 сағат қана беретін өліара шақтан ұйымшылдықпен аман-есен өтті. Халқымыздың төзімділігі мен сабырлылығы арқасында рухымыз сынбай, қандай қиындықты та жеңе білдік. Қазіргі қиын уақытта да халқымыз аспай-саспай, асқан салқынқандылықпен індетті жеңіп шығады деп сенемін. Осының барлығы кез келген дағдарыс секілді бітеді деп білемін.
Біздің кәсіпорында 240 адам еңбек етеді. Экономикалық қиындықтарға қарамастан өндіріс орны тұрақты жұмыс істеуде. Компания облыс аумағына ғана емес, өзге де өңірлерге қажетті, сұранысы мол керамзит құрылыс материалын өндіреді. Соның ішінде елордамыз Нұр-Сұлтанға да өнімдерімізді жеткізудеміз. Соңғы жылдары біздің кәсіпорыннан бірде-бір жұмысшыны қысқартпадық және алдағы уақытта Президент үндеуіне орай ешкімді нәпақасынан айыру жоспарымызда жоқ. Біз елмен біргеміз!
Бақытжан НҰРБАЕВ,
Орал қалалық
қоғамдық кеңестің төрағасы,
«Стройкомбинат» ЖШС-ның директоры