18.03.2024, 9:00
Оқылды: 42

Сабыржан Аққалықов ел қоржына күміс салды

Сербия астанасында бокстан «Belgrade winner» немесе дәстүрлі Бранко Пешич мемориалы мәресіне жетті. Әлемнің 16 елінен келген 100-ден астам былғары қолғап шебері өнер көрсеткен жекпе-жек бәсекесінде 4 алтын, 4 күміс еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алды.

InShot_20240318_082108472
Ел құрамасының жетістігіне батыс өңірі атынан жұдырықтасып жүрген 22 жастағы Сабыржан Аққалықов та өз үлесін қосты. 71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Сабыржан Белград шаршы алаңында жасындай жарқылдады. Боксшымыз финалға дейін алқынбай жетті. Әсіресе, жартылай финалдық жекпе-жегінде көпшілікті таң-тамаша етті. Монтенегролық Стефан Савковичпен ринг бөліскен Сабыржан Аққалықов солақаймен қарсыласын бүйірден ұрып, бүктеп тастады. Қазақтың жұдырығы ауыр екенін түсінген Стефан мен оның бапкерлері Сабыржан оң қолын іске қосса, жағдай тіптен қиындап кететінін сезді ме жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Өкінішке орай турнирдің үздік нокаутын тіркелген боксшымыздың финалдық жекпе-жекте жолы болмады. Сергей Колденков атты ресейлікпен айқасқан Аққалықов 3:2 есебімен жеңілді. Ел қоржына күміс салды.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале