Орал қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған қазақ мектеп-интернат кешенінің ұжымы қазіргі қоғамда гаджеттің неше түрін қолынан тастамай, алақандай экранға үңілген балаларды кітап оқуға ынталандырудың жақсы амалын тапқан. Кітап оқу жарысында үздік шыққан балаларға сыйлыққа бір-бірден велосипед тарту етіліпті.
Аталған білім ордасы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Амантай Рахметовтің айтуынша, мектепте он күн бойы жүргізілген «Кітап оқимыз» жарысы Халықаралық кітап мерекесіне орай қорытындыланған.
-Кітап оқу жарысының мақсаты - оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыра отырып, тарихи-мәдени және рухани мұрамызды сақтау, қазақ халқының тарихын дәріптеп, тілін сүю және құрметтеуге баулу, - дейді Амантай Орынғалиұлы. - Жарысқа 5-10 сынып оқушылары қатысты. Жарыс шарты бойынша, 5-6 сынып оқушылары С.Бегалиннің «Бала Шоқан» әңгімесін, 7-8 сынып оқушылары С.Досановтың «Қыран мен жылан» әңгімесін, 9-10 сынып оқушылары Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романын қысқа мерзімде оқып, емтихан тапсырды.
Жарыс қорытындысы бойынша, өзгелерден үздік шығып, ең жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі I орынға ие болған үш оқушы – Асан Пішенбаев (10 «б»), Риза Самат (8 «а») және Инабат Елеу (5 «а») дипломдармен марапатталып, сыйлыққа велосипед ұтып алды.
Сондай-ақ Айдос Мырзахметов (6 «а»), Нұрдәулет Хибашев (7 «а»), Айсара Зейін (10 «а») екінші орынды еншілесе, Әділ Сидазимов (5 «а»), Дильназ Түсірғалиева (6 «г»), Ділмұхамед Жасұланов (8 «б»), Елжан Ғалымжан (10 «а») үшінші орынды қанағат тұтты.
Аталған білім ордасының шәкірттерін кітап оқуға ынталандыруға арналған тағы бір игі дәстүрі бар екендігін айта кетейік. Әр сенбі сайын өтетін тәрбие сағатының бір бөлігі арнайы көркем әдебиет оқуға беріледі. Яғни оқушылар өздеріне бөлінген 15 минутта үйден келген әдеби кітаптарын оқиды.
Айгүл Ахметова
zhaikpress.kz