Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшыларына зейнетақы жинағының 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқаруға беру құқығы берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті.
«Бесінші мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың кредит жүктемесін төмендету. Мен нақты экономиканы несиелендіруді кеңейту қажеттігі туралы бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруды қажет етеді. Менің тапсырмам бойынша шұғыл шешімдер пакеті әзірленді. Ол осы сектордағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, БЖЗҚ салымшыларының өз зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру құқығы 50%-ға дейін кеңейтіледі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзіне қарағанда, бұл бизнесті несиелеуге қажетті «ұзақ мерзімді қаражатты» қалыптастырады.
«Агроөнеркәсіптік кешенге кредит беруді ұлғайту үшін астық келісімшарттары толығымен цифрландырылып, қайта іске қосылатын болады. Олар агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепілді қамтамасыз етеді.
Бұл жер қойнауын пайдалану құқығына да қатысты. Соның арқасында экономиканың осы секторын неғұрлым белсенді кредиттеуге мүмкіндік туады. Бұдан басқа, Үкімет пен қаржылық реттеушілерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру орынды деп санаймын. Әрине, бұл тек экономиканың басым салаларына ғана қатысты болуы керек», - деді Мемлекет башысы.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.
Фото: t.me/bort_01