24.04.2026, 12:45
Оқылды: 5

Сәулетті мектепте оқып жүр талай қазақ баласы

Бөрлі ауданындағы Пугачев мектеп-бөбекжай-балабақша кешені «Келешек мектептері» ұлттық жобасына  сәйкес білім береді. Заманауи талаптарға сай салынған білім ошағы 300 оқушыға арналған. Ауданға іссапар  барысында осы ауылға жол  түсіп, алыстан көз тартып тұрған  жаңа мектеппен танысып шықтық.

Мектеп директоры 

Былтыр қарашада пайдалануға берілген мектеп ғимараты құрамдас үш бөліктен тұрады. Бастауыш, негізгі және жоғары сынып оқушылары өздеріне тиесілі  бөліктерде оқиды. 28 оқу кабинетінің екеуі мектепалды дайындық топтарына арналған. Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмай, 72 бейнебақылау камерасы орнатылған. Мектеп директоры Исатай Сатимовтың айтуынша, жобаға 2 млрд теңгеден астам  қаражат  жұмсалған.

Материалдық-техникалық әлеуеті зор мектепте 394 оқушы екі ауысымда оқиды. Үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша білім беру сапасы – 66%. Сегіз үйірмеге 220 бала барса, үш спорттық секцияға 90 өрен қатысып жүр. Мектепте 61 педагог қызмет етеді. Ал оның алтауы – мектеп жанындағы 50 орындық шағын орталықта тәрбиеші.

Ұлттық жобамен салынған мектеп ауыл мен қала арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуға сеп болатындай. Өйткені мұнда әрбір кабинет заманауи жиһазбен, оқу құралдарымен жабдықталған. Әр оқу кабинетінде панель тақта мен принтер бар. Оқушы тек теориялық біліммен емес, практикалық машықтармен де үйренеді. Осылайша шәкірттердің зияткерлік, рухани және әлеуметтік дамуына жағдай жасалған. Мұндағы заманауи техникалық жабдықтар, цифрлық сыныптар мен зертханалар инновациялық оқыту әдістерін енгізуге, STEM мен IT салаларын дамытуға негіз болып отыр. Мектеп кітапханасының кітап қоры – 21 530. Интернет желісіне қосылған төрт компьютер орнатылған. Білім ошағында 80 орындық асхана, 100 орындық акт залы мен би залы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бір лифт бар.

Нұрперзент (1)

– Мектебіміздің іші кең, жарық, жылы, таза. Жаңа құрал-жабдықтар сатып алынған. Спорт залы да өте қолайлы. Әр оқушының киімі мен заттарын сақтайтын шкафтар қойылған. Жалпы оқушылардың алаңсыз білім алуына зор мүмкіндік бар. Өзім озат оқушымын. Болашақта физика-математика пәнінің мұғалімі болғым келеді, – деді 9 «ә» сыныбының оқушысы Нұрперзент Қуаныш.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айнұр Аманғалиева былтыр «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қызметке келген. Өзі осы ауданға қарасты Қарағанды ауылында туып-өскен.

Айнұр (2)

– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жас мамандар үшін таптырмас мүмкіндік дер едім. Жастар үшін көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алуға бюджеттік несие қарастырылған. Мен көтерме жәрдемақы алдым. Қазір жас мамандарға арналған жатақханада әріптесіммен бірге тұрамын. Алғашында осы ауылдағы ескі мектепте жұмыс істедім. Бірақ дәл мұндай әйбат мектеп салынады деп ойлаған емеспін. Мұнда мұғалімдерге де, оқушыларға да өте қолайлы. Шәкірттердің терең білім алуы үшін барлық жағдай жасалған, – деді Айнұр Қанатқызы.

Ерекше білім беруді қажет ететін жеткіншектерге де қолайлы орта қалыптастырылған. Дефектолог әр баланың сөйлеу, ойлау, қабылдау, есте сақтау, зейіні сынды қабілеттерін дамытып, күнделікті өмірге бейімделуіне көмектеседі.

анар

– Қазір бізге 20 ерекше бала келіп жүр. Арнайы сабақ кестесіне сай қабылдаймыз. Кабинетте баланың танымдық қабілетін, тілін, әлеуметтік дағдыларын және физикалық белсенділігін ынталандыратын барлық жабдық бар, – деді дефектолог жас маман Анар Ғалиева.

Ауласы ат шаптырым мектептің ауданы – 8050,3 шаршы метр. Оның аумағындағы футбол алаңы – 1800,00 шаршы метр, жүгіру жолы – 1008,6 шаршы метр және ұзындыққа секіру жолы – 55,25 шаршы метр. Ерекше айтып өтетін жайт, мектепалды даярлық тобының және бастауыш сыныптарының бөлек-бөлек ойын алаңдары бар. Сонымен бірге баскетбол, хоккей, шеру алаңы мен алғашқы әскери дайындық алаңдары жасақталған.

Қайрат

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қайрат Ниталиев жүргізетін 7-8-сыныптың ұл-қыздарына арналған волейбол үйірмесіне 25 бала қатысады.

–Балалар бұған дейін ескі мектепте оқыды. Онда спортзал кішкентай әрі іші күңгірт еді. Мұндағы соңғы үлгіде жасақталған жаттығу залы екі есе үлкен. Балалардың спортпен шұғылдануға қызығушылығы артты. Түрлі жарыстарға қатысатын шәкірттерімнің жеңіске жетуге деген ынта-ықыласы күшейді. Бұл мұғалімнің кәсіби тұрғыда өсіп-жетілуіне де серпін береді деп ойлаймын, – деді Қайрат Асылбекұлы.

WhatsApp Image 2026-04-21 at 10.11.14 (1)

– Биыл қыста коньки кордында мұз қатырып, балалар коньки тепті. Тіпті ауыл тұрғындары да келді. Мердігер «Жайық Сити» ЖШС басшылығы әу баста әр сыныптағы баланың жасына сай хоккей аяқ киімдерін тарту еткен еді. Сонымен бірге мердігер қосымша қаражат шығарып, ғимараттың айналасына шырша отырғызды. Болашақта мектеп маңындағы екі жер телімін игергіміз келеді. Онда тамшылатып суару арқылы бау-бақша баптап, ағаштар отырғызу жоспарланып отыр. Бір айтып өтетін жайт, орыс тілінде оқитын сыныптарда орыс тілі, физика және математика пәндерінің мұғалімдері тапшы. Қазір зейнет жасындағы ұстаздар уақытша келісімшартпен қызмет етіп жүр. Күні кешеге дейін мектепалды даярлық тобында бір қазақ және екі орыс сыныбы боп келген. Былтыр бұл көрсеткіш керісінше өзгерді. Жаңа оқу жылында да осы үрдісті жалғастырмақпыз. Бұл бағытта ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмысын ұдайы жүргізіп келеміз, – деді мектеп директоры Исатай Темешұлы.

WhatsApp Image 2026-04-13 at 09.47.07

Аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Тоты Нұғманованың да айтуынша, әсіресе орыс сыныптарында маман тапшы.

WhatsApp Image 2026-04-21 at 10.19.33 (4)

– Мектеп түлектеріне педагогикалық мамандықты насихаттап жүрміз. Мектеп директорлары мен кадр бөлімінің әдіскері өзге өңірлердегі оқу орындарына барып, түлектерді қызметке шақырады. Алайда басқа облыстардан мамандар келе бермейді. Аудандағы шағын ауылдарда мамандарға тұрғын үй тауып беру қиындау болғанымен, округ орталықтарында баспана беріледі. Ал Ақсай қаласында бюджет қызметкерлеріне арналған жатақхана бар, – деді ол.

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале