Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК-ға қарасты «Арман» балалар аула клубы және «Арба» қоғамдық бірлестігі «Сенемін мен» атты концерт ұйымдастырды.

Аталмыш іс-шара «Өмір толқыны» композициялық қойылымымен ашылды. Әрі қарай Нұркен Үмбетәлі «Жалған өмір-ай!» әнін орындап, жиналған көпшіліктің көңілін толқытты. «Әсем әуен» вокалдық үйірмесінің тәрбиеленушілері «Әй, лапылда!», «Мен сені сүйем, өмір!», «Армандар орындалады» және «Мама» әндерін шырқады. «Сырғалым» би тобының балғындары «Wa Dа Da» биін билесе, «Вдохновение» гимнастика үйірмесінің тәрбиеленушілері де өз өнерлерін ортаға салды.
– Қадірлі қала тұрғындары, «Арман» балалар аула клубы мен «Арба» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған мәдени-рухани кешке қош келдіңіздер! Алдымен іс-шараның өтуіне мұрындық болған және атсалысқан ұжым өкілдеріне алғыс айтамын. Сахнада өнер көрсеткен бүлдіршіндердің алар асуы, бағындырар белесі әлі алда. Сондықтан оларға әркез қолдау көрсетуге дайынбыз. Шығармашылықтың шыңынан көрініңіздер! – деді «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК басшысының шығармашылық жұмыстары жөніндегі орынбасары Бекей Қанатов.
Жүректерге жылу, көңілдерге сенім ұялатқан кештің мақсаты – тағдырдың ауыр сынағына мойынсұнбай, қиындықпен күресіп жүрген жандарды қолдау, олардың өмірге деген құлшынысын ояту, жігер беру.
Айта кетейік, қалалық «Мәдени-ағарту бірлестігі» мен «Арба» қоғамдық бірлестігі былтырдан бастап тығыз байланыста. Өнер мен спортқа бейім мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шараны бірлесіп атқаруда.
Әнуар Аманжол,
Орал қаласы