Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында өртке қарсы және суға шомылу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, тұрғын үй кезегіндегі әлеуметтік осал топтағы азаматтарға баспана беру мәселесі қаралды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Руслан Қасыбаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс аумағында ауданы 7,7 га құраған 1 орман өрті және ауданы 78,5 га болатын 10 дала жану оқиғасы орын алған. Департамент жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп, өрттің алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізуде.
– Қазіргі таңда департаменттің аумақтық бөлімшелерінің жарағында 197 бірлік техника бар. Биыл департаменттің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 962 656 000 теңге қаржы бөлініп, 1 бірлік өтімділігі жоғары авариялық-құтқару көлігі, 7 дана тіркемелі мотопомпа, 3 дана тасымалды мотопомпа және т. б. жабдықтарды сатып алу жоспарлануда. Өткен жылы 23 бірлік техника және 395 бірлік арнайы жабдықтар сатып алынды. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 150 дана аспалы өрт сөндіргіштерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 8,6 млн теңге қаржы қарастырылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар өзінің оң нәтижесін көрсетіп келеді. Соңғы 5 жыл ішінде 1200-ден астам аспалы өрт сөндіргіштер сатып алынды.
Табиғи өрттер мен жанудың алдын алу және сөндіру үшін бүгінгі күні елді мекендерде құрамында 2247 адам бар өртке қарсы 152 құрылым құрылды. Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарында су тасығыштардың саны аз және Ақжайық, Бәйтерек, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қаратөбе, Теректі аудандарында өте аз, кейбірінде мүлдем жоқ, - деп атап өтті департамент бастығы.
Өткен жылы облыс аумағында құрамында 206 адам қызмет атқаратын 34 өрт сөндіру бекеті өз жұмысын ұйымдастырған. Олар 83 мыңнан астам тұрғыны бар 162 елді мекеннің және оларға іргелес дала алқаптарының өртке қарсы қорғалуын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспарына сәйкес, 2024 жылға 5 өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған. Атап айтар болсақ, Бәйтерек ауданындағы Рубежинский ауылы, Бөрлідегі Жарсуат, Жаңақаладағы Пятимар, Жәнібектегі Қамысты, Казталовтағы Қарасу ауылдарында өрт сөндіру бекеті құрылған.
Мобильді топтармен бірге 350 рейдтік іс-шара өткізіліп, 8 327 тұрғынға нұсқаулық берілген. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 38 тұлға (Бөрлі – 19, Орал – 12, Тасқала – 1, Бәйтерек – 1, Теректі – 4, Бөкей ордасы – 1) әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 19-ы ескерту алса, 19 тұлға жалпы сомасы 1 070 680 теңге айыппұл төлеген.
2024 жылғы ауа райы болжамын және 2001, 1994 жылғы (ұқсас кезеңдер) мамырдағы нақты деректерге жүргізілген талдауды ескере отырып, жаз және күз айларында республиканың басым бөлігінде өрт қауіптілігінің жоғары және төтенше дәрежесі болжануда.
– Жыл сайын атқарылып жатқан ауқымды іс-шаралар кешеніне қарамастан, әлі де бірқатар мәселелердің шешімі табылмай келеді. Мәселен, өртке қарсы ерікті құрылымдардың материалдық-техникалық жарақталуы төмен деңгейде болуы салдарынан табиғи өрттер мен жануларды бастапқы кезінде сөндіру мүмкін болмай тұр. Еріктілерден жиналған құрылымдардың жарақталу деңгейі талапқа сай емес. Сол себепті ерікті өрт сөндірушілерді қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтауды кемінде 70% көлеміне жеткізуді ұсынамын. Жергілікті атқарушы құрылымдармен бірге минералды жолақтарды салу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуі салдарынан, өрттің мемлекеттік орман қорына және елді мекендердің аумағына кіріп кету қаупі артуда. Соңғы жылдары болған орман өрттерінің көбінің себебі дала аумағынан кірген өрттер болып табылады. Сонымен қатар ашық су көздерінен су алу үшін пирстердің болмауы да қиындықтар туғызады. Табиғи өрттердің орын алуына полигондарда шыққан өрттер мен жанулардың салдары ықпал етеді. Облыс аумағында қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинайтын 152 орын белгіленген. Биылдың өзінде қаттытұрмыстық қалдықтарды жинау орындарында 11 жану (2023ж. – 12) оқиғасы тіркелді. Осылайша, полигон орындарын өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендіру бойынша жергілікті атқарушы құрылымдармен тиісті шаралар қабылдау қажет деп есептейміз, - деді департамент бастығы.
Жиында белгілі болғанындай, облыс аумағында суға түсуге рұқсат етілген 31 жағажай анықталған. Қазіргі таңда Теректі ауданындағы Шалқар көлінде заңды түрде тіркелген жағажайлар ашу мәселесі өте өзекті болып отыр. Жалпы Шалқарға қатысты туризм мәдениетін арттыру кезек күттірмейтін мәселе. Сонымен қатар Ақжайық, Жаңақала, Казталов, Қаратөбе, Сырым және Шыңғырлау аудандарында бірде бір ресми жағажай орындары жоқ. Суға түсетін белгіленген орындардың болмауынан адамдардың суға бату қаупі артып отыр.
Жыл басынан бері облыстағы су айдындарында 1 адам қаза болды (Сырым ауданында балық аулау кезінде). 2023 жылғы барлығы 16 адам суға батып кетті, оның төртеуі бала.
Келелі кеңесте оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, балаларды сауықтыру және жұмыспен қамту мәселелері де талқыланды.
Жаз мезгілінде барлығы 618 лагерь жұмыс істейді. Қазіргі уақытта лагерьлерде жоспарға сәйкес балаларды қабылдап, сауықтыру демалыстарын өткізуде. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аяжан Жүнісованың берген мәліметі бойынша, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ҚР
Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардағы 343 бала сәуір, мамыр айларында Алматы, Балқаш, Қонаев, Түркістан, Щучинск қалаларында сауықтыру лагерьлерінде демалып қайтты.
– Бұдан басқа, су тасқынынан зардап шеккен отбасының балалары аудандық, қалалық, қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлермен қамтылып, басқа өңірлердегі (Бурабай) лагерьлерге және экскурсияларға (Астана, Түркістан) жолданады. Балаларды жаз мезгілінде лагерьлерден бөлек өңіріміздегі тарихи орындарға апару үшін туристік маршруттар жасалды. Шілде, тамыз айларында осы маршруттар бойынша туристік экспедицияларға шығады. Сонымен қатар Астана, Алматы, Түркістан қалаларына балаларды апару жоспарланды. 2023 жылы жазғы демалыспен қамтылған балалар саны Бәйтерек ауданында және Орал қаласында облыстық көрсеткіштен төмен болса, 2024 жылы Бөкей ордасы, Сырым аудандары мен Орал қаласы балаларды жазғы демалыспен қамтуда төмен көрсеткіш көрсетіп отыр, - деді Аяжан Жүнісова.
Жиында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғын үйлер сатып алу бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, биыл 758 пәтер сатып алу жоспарлануда. Сандарды сөйлетсек, Орал қаласында – 200, Бөрлі – 124, Теректі – 10, Бәйтерек – 48, Ақжайық – 37, Жаңақала – 67, Казталов – 115, Тасқала – 24, Сырым – 45, Жәнібек – 28, Шыңғырлау – 36, Қаратөбе – 2, Бөкей ордасы ауданында 22 пәтер сатып алу жоспарланған.
Сатып алынатын 1 пәтердің шекті құны республикалық бюджет есебінен – 17,8 млн теңгені, бағалы қағаздар (ГЦБ) есебінен – 19,37 млн теңгені құрайды. Пәтердің жалпы ауданы 80 шаршы метрден аспауы керек.
– Бүгінгі күні 758 тұрғын үйдің 65 пәтер бойынша құрылыс жұмыстары басталған жоқ (оның ішінде жер рәсімдері – 2 пәтер, құрылысқа дайындық – 45 пәтер), 3 пәтер бойынша сатып алу келісімшарты бар, 490 пәтер бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Ақжайық, Казталов, Жәнібек аудандарындағы бірқатар тұрғын үй бойынша құрылыс қарқыны баяу жүргізілуде, - деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.
Келелі кеңесте облыс әкімі Нариман Төреғалиев жаз басталысымен бықсып жанып, халықтың наразылығын тудырып жүрген полигондағы өртке бақылауды күшейтуге тапсырма берді. Сондай-ақ балалар қауіпсіздігі мен денсаулығы әр кез басты назарда екендігіне тоқталған өңір басшысы жазғы демалыс лагерьлерінде балалардың дұрыс тамақтануына аса мән беріп, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін қадап айтты.
Жиында тұрғын үй сатып алу бойынша жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмай, төмен көрсеткішке ие болған Теректі, Қаратөбе аудандары сынға алынып, келесі жылы бұл жұмысты үйлестіре алмайтын аудандарға қаражат қарастырылмайтындығы ескертілді. Аппарат кеңесін түйіндеген облыс әкімі күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша аудан әкімдері мен тиісті мекемелерге тапсырмалар берді.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz