11.08.2017, 18:16
Оқылды: 51

Шекарашылар ел аумағына келу тәртібін бұзған 384 шетелдікті ұстаған

DSC_0069Оралдағы 2029-шы әскери бөлім Батыс Қазақстан облысының Бөрлі, Зеленов, Шыңғырлау, Тасқала аудандарының аумағын қамтитын  ұзындығы 956 км мемлекеттік шекараны қорғайды. Былтыр 237 адамның шекара тәртібін бұзғаны құжатқа тіркелген. 496 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ел аумағына келу тәртібін бұзған 384 шетелдік азамат ұсталған. Бұл жайында ҚР ҰҚК шекара қызметінің 25 жылдығы қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында 2029-әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник, №2 штаб басшысы Бейбіт Зейнолданов хабарлады. Ол өткен жылы шекарадан 695 мың адамның өткенін айтты.


Шекарадан алып өтуге тыйым салынған тауарлар мен жүктерге байланысты 132 дерек тіркелген. Оның ішінде 12-сі анаша тасымалына қатысты. Заңсыз тауар айналымына түскен анашаның салмағы 5 келіні құрайды. Қару-жарақ пен оқ-дәрі тасымалына байланысты 38 дерек тіркелді. Былтыр 2800 жедел тапсырма орындалды. Аумағы 8,5 гектар болатын қарасораның 7 алқабы жойылды.

DSC_0052Бүгін ҚР ҰҚК шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толуына байланысты Оралдағы шекарашылардың 2029-бөлімі «Ашық есік» күнін ұйымдастырды. Қаладағы мектеп оқушылары мен облыстық балалар үйі тәрбиеленушілеріне, әскери-патриоттық тәрбиемен айналысатын клуб мүшелері, шекарашылардың отбасылары бөлім штабында орналасқан әскери техника мен көрмеге қойылған киім-кешек пен қару-жарақ түрлерімен танысты. Шекара жасағы жекпе-жек пен суық қарудан қорғану әдістерінен көрініс ұйымдастырды. Жасөспірімдердің көзінше арнайы қолға үйретілген иттер сөмкелер мен көлік салонына жасырылған анашаны тауып, әскерилерден қашқан күдіктіні ұстады. «Ашық есік» шарасында облыстық балалар үйіне шекарашылар атынан сыйлық табысталды.

Елбасының 1992 жылғы 18 тамыздағы №862 жарлығына байланысты ҚР ҰҚК шекара қызметі құрылды. 2001 жылы Батыс Қазақстан облысында шекара бекеттері қызметіне кіріседі. Сол жылдың 28 мамырында шекара күзетіне алғаш шыққан барлау тобы «Погодаев» бекеті аумағында контрабандалық ұйымды ұстайды. 2011 жылдың 28 мамыры содан бері 2029-әскери бөлімнің құрылған күні болып есептеледі.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале