Қызылорда облысында судья 12 азаматтық іс бойынша отырыстарды өткізбей, шешім шығарған. Істер баспана және жерді сату-сатып алуға қатысты болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
«Биылғы 10 желтоқсанда Шиелі аудандық сотының судьясы Құрманбай мен оның хатшысы Қыдырәлиеваға қатысты айыптау үкімі шығарылды. Оларға тиісінше 2 жыл 6 айға және 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды (Қыдырәлиеваның кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласы, оның ішінде 1 емізулі баласы болғандықтан, жазасы кейінге қалдырылды).
Құрманбай жалған әділетсіз сот актілерін шығарғаны (ҚК 369-бабы 3-бөлігі) және қызметтік жалғандық жасағаны үшін (ҚК 418-бабы 1-бөлігі) кінәлі деп танылды. Қыдырәлиева сыбайластығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Атап айтқанда, Құрманбай сот отырыстарын нақты өткізбестен, сондай-ақ жалған мәліметтер енгізу арқылы 12 азаматтық іс бойынша шешім шығарған. Істер тұрғын үйлер мен жер телімдерін сату- сатып алу мәмілелерін жарамды деп тануға қатысты.
«Сотталушылардың жас балалары болғандықтан, сот Құрманбайдың жазасын 5-тен 2,6 жылға дейін, Қыдырәлиеваның жазасын 4-тен 2 жылға дейін жеңілдететін жағдай деп таныды.
Сондай-ақ, олар өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Құрманбай сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деді агенттіктен.