Индонезияның Джакарта қаласында өткен 2018 жылы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына екі алтын, бір күміс салған оралдық Алексей Дергунов, Андрей Ергучев, Павел Липилин бүгін елге оралды.
Оларды әуежайдан БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева және спортшылардың тума-туыстары мен дос-жарандары салтанатты түрде қарсы алды.
Шарада Әсия Аманбаева спортшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта биік белестерді бағындыруларына тілектес екенін жеткізді.
-Жеңіске деген құлшынысымыз жақсы болды. Намысты қолдан бермеуге тырыстық. Енді 2020 жылы Токиода өтетін жарысқа дайындаламыз. Отбасымызды көрмегелі бірнеше ай болды. Қатты сағындық. Құрметтеп қарсы алып жатқандарыңызға мың алғыс, - деді спортшылар.
Айта кетейік, Алексей Дергунов 500 метр қашықтыққа байдарка есуден (төрт кісілік) алтын алса, Андрей Ергучев 1000 метр қашықтыққа байдарка есуден (екі кісілік) күміс медаль еншіледі. Ал су добынан сынға түскен қақпашы Павел Липилин алтыннан «алқа» тақты.
Е.ЕЛЕКЕНОВ