7.10.2025, 17:30
Оқылды: 60

«Су басты, өрт шалды, бірақ мойымадық»

Жымпитылық Ақеділ Нұрмашев 2019 жылдан бері кілем жуумен айналысады. Ол 2016 жылы аудан орталығынан жер сатып алып, өз күшімен ғимарат тұрғызған. Қазір бұл нысанның бір бөлігі жалға берілген, енді бір бөлігінен аутобөлшектер дүкенін ашады.

DSC06126

Ол 1991 жылы Сырым ауданының Жымпиты ауылында дүние есігін ашқан. 2009 жылы Қ. Мырзалиев атындағы ЖОББМ-ны аяқтап, Оралда­ғы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға оқуға түседі. Аталмыш универсиетті 2013 жылы кәсіптік бағдар беру мамандығы бойынша тәмамдап, Сырым колледжіне өндірістік оқыту шебері болып еңбек жолын бастайды. Осы күнге дейін колледж қабырғасында ұстаздық қызмет етіп, студенттерге тәлім беріп келеді. Ақеділ Жанқабылұлы қала азаматтарының қауырт тірлігі кәсіп бастауға түрткі болғанын айтады.

– Студент шақта қолым босай қалса, қосымша жұмыстарға шығып тұратынмын. Әйтеуір ауылдағы ата-анамнан ақша сұрамаудың бар амал-әрекетін жасап бақтым. Жүріп-тұруыма керек қаржыны адал еңбегіммен тауып, қажетіме жұмсап жүрдім. Сенбі-жексенбіде ерінбей, күндік ақы төлейтін жұмысқа баратынмын. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде қаладағы көлік жуу орнына жұмысқа кіріп алдым. Алғашында көлік жуу тәсілін меңгеріп, клиент көңілінен шығудың амалын үйрендік. Шамасы екі айдан соң «Бұл кәсіптің иесі қанша қаражат табады екен, неге маған осындай бизнес ашпасқа?» деген ой келді. Кейін іште жүргенде көлік жуу құрылғысы қанша, су шығынына жұмсалар қаражат көлемі қандай деген сұрақтар пайда болды. Күніне келетін көліктердің орташа есебі, олар төлейтін төлемақы және бізге берілетін пайыздық мөлшерлеме, кәсіп иесіне түсетін табыс жөнінде ойша сараптап, болашаққа жоспар құра бастадым. Алайда жоғары оқу орнындағы төрт жылым тәмамдалып, ауылыма «арманда» кеттім, – деді кәсіпкер Нұрмашев студент шағынан сыр шертіп.

Ағекең сөзіне өзек еткендей, кәсіп ашу туралы жоспары үш жыл бойы ойынан шықпапты. 2016 жылы бизнеске деген алғашқы қадамын жасап, аудан орталығынан әрі Самара – Шымкент тасжолының бойынан жер сатып алады. Ілгеріде бұл жер ірі кәсіп орталығы болатынын басшыларға айтқан екен. Оның осы ұсыныс-пікірін Сырым ауданының сол кездегі әкімі Абат Шыныбеков қолдап, сенім білдірген.

– Қазір үй немесе ғимарат салуға аз қаражат кетпейтіні жалпыға мәлім. Жер сатып алғаннан кейін осы сұрақ жиі мазалап жүрді. Жиналған жалақы қаражатына фотоаппарат сатып алып, ауылдың той-қуаныштарына қатысып, таспалау өнерін үйрендім. Әмияным сәл толса, ондағы бар ақшаны байыппен жұмсап, артылғанын ғимарат салуға жинап едім. Алғашында іргетасын қалап, кейін қабырғасын көтеріп, сосын көлік жуу орнын аштым. Ойға алған жоспарымды жүзеге асырып, толайым табыстарға кенелдім. Қазір ғимараттың төрт негізгі бөлігі бар. Оның біреуін көлік жөндеу орталығы ретінде жалға беріп отырмын. Келесі бөлігінен аутобөлшектер сату дүкенін жасақтап жатырмын. Ал екінші қабатындағы бір бөліктің ішкі құрылысы аяқталғанмен, әзірге бос тұр. Келер күндерде оны да кәсіп көзіне айналдырамын. Бүгінде өзім жүргізіп отырған көлік жуу орнынан негізгі табысымды тауып отырмын. Кілемін жудыруға тапсырыс берген азаматтарға тегін тасымалдау қызметі бар. Ол үшін «Жигулиімнің» асты-үстіне түсіп жөндеп, сыртын айнадай қып жылтыратып қойдым. Төбесіне кілем тасуға арналған ұзын жүксалғыш орнатып, үш метрлік арба сатып алдым. Кейде клиенттер «Мен кілемімді бүктеп, дайындап қойдым. Сізді таба алмай тұрмын, қандай көлікпен жүрсіз?» десе, мен «ақ Бентлимен» келе жатырмын дейтінмін. Ауыл арасында «ақ Бентли» деп аталып кеткен көлігім хит болып, кәсібімнің кең етек жаюына себепші болды. Ауданға қарасты ауылдармен қатар, Шыңғырлау, Қаратөбе секілді көршілес ауданның азаматтары да тапсырыс береді. Алыс-жақын ауылдарға тасымал қызметі үшін үстемеақы талап етпеймін. Кілем жуудың ақысы шаршы метріне байланысты болады. Шаршы метрі – 600 теңге көлемінде. Кәсібім жақсы жүріп тұр. Жұмысшыларға жалақы түскен табыстың пайыздық мөлшері есебінен төленеді, – дейді Ағекең.

Жанқабылдың Ағеділі ғимараттың ішін аралатып, жұмыс барысымен таныстырды. Сырт көзге кілем жуу тым оңай көрінгенімен, ол мүлде біз ойлағандай емес екен. Нақтырақ айтсақ, шаң басқан кілем ақ қардай болуы үшін бірнеше кезеңнен өтуі тиіс. Бірақ қазіргі тың технология адамның жұмысын жеңілдеткелі қашан! Ағекеңнің кәсіп ғимаратында кілемнің шаңын қағатын және кірін кетіруге арналған ысқылағыш құрылғы бар. Тіпті оны аз десеңіз, түрік бауырларымыздың ойлап тапқан жуғыш аппараты да шаруаның ширауына үлес қосып тұр. Кәсіпкер бұл құрылғыға «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қол жеткізген.

– 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініш бердім. Аталған жылдың желтоқсан айында 8 млн 600 мың теңге несие алдым. Мемлекеттің бұл бағдарламасы кәсіп бастауға ниетті ауыл азаматтарына демеу болғаны анық. Несие қаражаты бес жылға беріледі. Кәсіпкер аяққа тұрып алғанға дейін бір жыл несие демалысы қарастырылған. Мен алған жылда несие демалысы алты ай болды. Бүгінде ай сайын 180 мың теңге несие төлеймін. Несие қаражаты кілем жуатын аппараттың жарты шығынын жапты. Оны арнайы Алматы қаласынан алдырттым. Түрік бауырларымыздың жанында екі күн болып, техника тілін меңгердім. Жол шығынымен қоса алғанда осы аппаратты алу үшін 16 млн теңге жұмсалды. Қалған ақшаның жарты бөлігін табу үшін «Largus» (Ларгус) ныспылы көлігімді сатып, тағы да несие алдым. Жұмыс қарқыны енді сөзсіз үдейді деп отырғанда біраз қиындыққа тап болдық. Былтырғы су тасқыны Сырымды да айналып өтпеді.  Ғимараттың ішін су басты, іштегі бар құрылғы істен шықты. Оларды жөндеп, қайта қосқанда өрт шықты. Сөйтіп жуылып, жаюлы тұрған 32 кілемді күйік шалды. Клиенттерге жаңасын әпердік. Кәсіп біраз уақыт тұралады, оның үстіне шығынға ұшырадық... Қазіргі таңда барлық құрылғы жақсы жұмыс істеп тұр. Біздің қызметіміз ауылдағы ағайынның көңілінен шықса, осының өзі жүйелі жұмыс істеуге шабыт береді, – деп ақжарма пейілін жеткізіп, тілсіз жаудың тигізген кері әсерін де тілге тиек етті кейіпкер.

Өзі педагогика саласында еңбек етсе де, ептілігімен кәсіп көзін тапқан Ақеділ Нұрмашев – көпке үлгі. Еңбекқор азаматтың жұмысы жандана бергей.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале