Облыста коронавирус жұқпасының 78 ошағы тіркелсе, сол жердегі тұрғындармен 999 адам қарым-қатынаста болған. Бұл туралы БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеген болатын.
Күні бүгінге дейін өңірімізде коронавирус жұқпасына шалдыққан 352 науқас анықталса, оның 189-ы емделіп шықты. Тіркелген науқастардың 245-і Ресей Федерациясы мен Атырау облысынан келсе, 105-і науқастармен қарым-қатынаста болған (денсаулық сақтау нысандарында - 62, үшеуі полиция қызметінде, 40-ы үй ошағындағы) өңір тұрғындары екен.
-Сәуір айынан бастап коронавирус жұқпасының алдын алу шараларына қатысып жүрген медицина, санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандары, лабораториялық зертханашылар және полиция қызметкерлері мен шекарашылар коронавирусқа байланысты тест тапсырып, профилактикалық скринигтен өтуде. Нәтижесінде үш полиция қызметкері мен 62 денсаулық сақтау маманынан коронавирус жұқпасы анықталды. Соңғы анықталған Орал қалалық №5 емхана мен облыстық көпбейінді аурухананың медқызметкерлері жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Жұқпа ошағына дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Науқаспен қарым-қатынаста болған медицина мамандары карантинде оқшаулануда. Сондай-ақ Сырым ауданында коронавирус жұқпасының екі ошағы анықталып отыр. Оның біреуі – аудандық аурухананың медицина қызметкері. Қазір қарым-қатынаста болған адамдар тексеріліп, эпидемиологиялық тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жұқпаға шалдыққандардың үйлері қоршауға алынып, дезинфекциялық шаралар жүзеге асуда. Коронавирустың инкубациялық кезеңі екі апта. Сол аралықта ағзаға түскен аурудың қоздырғышы алғашқы белгілерін бере бастайды,- дейді Нұрлыбек Ермекұлы.
Сондай-ақ ол тұрғындарға көшеде жүргенде, көпшілік орындарға барғанда тұмшаны тастамау қажеттігін ескертті. Ал COVID-19 жұқпасын анықтайтын тестті Орал қаласындағы «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасында ақылы түрде жасатуға болады.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz