11.06.2024, 12:45
Оқылды: 363

Сырымдағы жатақхананы жаңғыртатын уақыт келді

Облыс басшылығы мен облыстық білім басқармасының назарына! A32B222C-1E54-49FF-BF96-3D42589120AE

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан төрт жыл бұрын Үкіметтің алдына кәсіптік-техникалық колледждерді реформалауды тапсырды.

«Техникалық-кәсіптік білімді ары қарай дамыту керек. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңартып жатырмыз. Тегін техникалық білім беру бағдарламасымен жыл сайын 100 мың студент қамтылады. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар ерекше назарды қажет етеді. Үкімет техникалық-кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау үшін (аталған санаттағы жастар үшін де) мемлекеттік тапсырысты арттыру мәселесін жетілдіруі керек», - деді Президент.  

Бұл жұмыс қалаларда қалай жүзеге асқаны бізге беймәлім. Ал Сырым ауданындағы кәсіптік-техникалық колледждіне жайлы жатақхана мен дербес спортзал салуды сұрап жүргенімізге қанша жыл?..

Жатақхана бар, бірақ ғимараты тозған. Қыстай іргеден суық үріп, жел гулейді. Жазда сықырлаған еденнің астынан сыздың лебі білінеді. Бірақ, қалай болғанда да, 30-ға тарта студенттің жылы ұясы, жастық мекені – осы жер. Айтпақшы, бейімделген акт залы, кітапхана мен асхана да осы жатақхананың ішінде.

Аудандардағы колледждер қоғам алдында миссиясын орындап отыр. Мектеп пен үлкен өмірдің тоғысында шетке шығып қалатын бір топ бар. Олар – мектеп кезінде оқу үлгерімі не тәртібі төмен болған, педагогтер болашағына сенімсіздікпен қараған жеткіншектер, денсаулығында кінәраты бар, әлеуметтік күйі әлжуаз, оқушы кезінде орталар қабылдамаған, тұйық-саяқ жүрген жасөспірімдер. Олардың үлкен өмірге сіңіп кетуі қиын. Колледждер болмағанда осы топ уақыт өте келе қылмыскерлердің, радикалды діни ағым өкілдерінің, бақытсыз жанұялардың, ең қарапайымы жұмыссыздардың қатарын толықтырар еді.

Міне, аудандағы кәсіптік-техникалық колледждер осы жастарды қатарға қабылдап, санатқа қосып, қоғамға экономикалық үлес қоса алатындай тұлға ретінде тәрбиелеуде зор жұмыс атқарып жатыр. Жатақханада тұрып, жастық базарын бірге аралап, жарасып, жанұя  болып кеткен студенттер қаншама?!

Сырым колледжі облыстық білім беру басқармасына материалдық-техникалық базасын ұлғайту турасында бірқатар ұсыныс бергенімен, жоғары тараптан жарытымды жауап  болмай тұр. Мәселен, осыған дейін колледж директоры болған Санат Берсебаев басқарманың бюджетіне салмақ салмай, жеке демеушілер арқылы колледж үшін қажетті спортзалдың жобалық-сметалық құжатын дайындатып, қолдау сұрады. Біз білсек, басқарма мамандары құжаттың бетін ашып та қарамаған сықылды. Ақыр аяғы, жобалық-сметалық құжаттың мерзімі өтіп кетті.

2BB16CCA-2F4E-470A-89C2-31C70BB40CA1

Биылғы наурыз айының 27-28-і күндері Сырым ауданында алапат су тасқыны болды. Өлеңті өзені арнасынан шығып, тұтас көшелер суда қалды. Сырым ауданы әкімдігінің ресми мәліметі бойынша, Жымпиты, Өлеңті және Бұлдырты ауылдық округтері  бойынша су кірген 243 үй есепке алынған. 114 баспана тұруға жарамсыз. «Қазақстан халқына қоры» жаңа үйлер құрылысын қаржыландырады.

Сырым ауданында үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар да суға кетті. С. Сейфуллин көшесінде тұрған Сырым колледжінің жатақханасы да суда қалды. Сәуірдің 10-ы күні нысанның тасқыннан кейінгі күйімен танысқан техникалық зерттеу жүргізуші мекеме  «Emir Stroy» ЖШС 1968 жылғы ғимарат 61,3%-ға тозған деген қорытындыға келген.

Іргетасы жарылған, отырған. «Причинами появления дефектов и повреждений являються: инфильтрация дождевых и талых вод у основания здания и длительная эксплуатация без капитального ремонта», - дейді мамандар.

Сырым аудандық мәслихатының депутаты  әрі аудандағы комиссия мүшесі ретінде Сырым ауданы әкімдігінен жатақханаға жасалған техникалық зерттеу құжатының қорытындысын алып, таныстым. Бір данасы облыстық білім басқармасында да болар.

D385C353-BD3E-4C1F-984E-BFAE172F253E

Қорытындыға тоқталсақ:

«Рекомендуем произвести демонтаж существующего здания, а также из самана и построить новое здание общежития и гаража согласно всем нормам и требованиям РК».

Демек, нысанды күрделі жөндеу тиімсіз, жаңадан салу қажет. Олай болса неге жұмыс басталмай жатыр? Жатақхананың жайымен таныстық. Дәліздің едені ортасынан тілінген. Қабырғалары қисайып тұр. Ғимараттың аузына құлып салынуы тиіс. Тұрып-тұрып, гүрс етуі  бек мүмкін. Cонымен, облыстық білім басқармасынан «Сырым ауданындағы кәсіптік-техникалық колледждің суға кеткен жатақханасының жай-күйімен таныс па? Техникалық зерттеу қорытындысына сай жаңа жатақхана құрылысын  жүргізу үшін облыстық құрылыс басқармасына сұраныс берді ме?» - деген сауалдарға нақты жауап беруді сұраймыз.

Облыс әкімдігі Сырым колледжінің жатақханасының өңір бойынша әрі аудан көлемінде жарияланған төтенше жағдай кезінде суға кетуіне байланысты жаңа жатақхана құрылысын бастауға және Президенттің кәсіптік-техникалық колледждерді реформалау туралы тапсырмасына сай мекемеде ветеринария және автоэлектрик, сантехник мамандықтарын ашуға ықпал еткені жөн деп есептейміз.

Жаңа жатақхананың құрылыс жобасында асхана, кітапхана, акт залы, спортзал және жаңа корпустар салуды қамту, жатақхананың дуалын жаңарту қарастырылуы керек.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым аудандық мәслихатының депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале