Татьяна Есенғалиева – 1990 жылдың 16 мамырында Орал қаласында өмір есігін ашқан. Орта мектептен кейін Алматы технологиялық университетіне грантпен оқуға қабылданғанымен, бір жылдан соң отбасы жағдайына байланысты үйіне қайтады. Амалсыз Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне ауысып, оны үздік бітіреді. Еңбек жолын «Желаев КХП» АҚ өндірістік-технологиялық зертханасының зертханашысы болып бастаған ол 2012 жылы қайтадан білім грантымен Алматы технологиялық университетінің магистратурасына түседі. Сол кезде құқықтану мамандығы бойынша халықаралық бизнес академиясы ұйымдастырған байқауға қатысып, жүлдегер атанған Татьяна университетте жеңілдікпен оқуға мүмкіндік алады. Осылайша күндіз жұмыс істеп, кеште сабағына барады. 2016 жылы оны да үздік аяқтап, құқық бакалавры академиялық дәрежесін иеленеді. Сол күннен бастап жалынды жас енді заңгерлік салаға бет бұруды алдына айқын мақсат етіп қояды.
Алғашында қаладағы ірі сауда орындарының бірінде заңгерлік қызмет атқарса, 2018 жылдың қыркүйегінде ол Орал қалалық прокуратурасына бөлім прокуроры болып тағайындалады. Елгезек, ізденімпаз, білімге құштар Татьяна жаңа ортаға да бірден сіңісіп, әріптестерінің арасында зор беделге ие болады. Ісіне адал, жаны ізгілікке құштар жан қандай тапсырма болмасын, мінсіз атқаруға күш салады. Күн санап тәжірибесі де молайып, өз мамандығының қыр-сырын терең зерделей түседі.
Ал 2020 жыл оның өміріне тағы бір жаңалығын алдынан тосады. «Талаптыға нұр жауар» дегендей, өз білімін үздіксіз жетілдіруге құштар Татьяна енді ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау құрылымдары академиясына оқуға түседі. Биыл «Мемлекет кірісіне өндіріп алу бойынша атқарушылық іс жүргізудің ұйымдастырушылық-құқықтық проблемалары» тақырыбында магистрлік жобасын сәтті қорғап, ұлттық қауіпсіздік және әскери іс магистрі дәрежесіне қол жеткізді. Кешікпей Орал қалалық прокуратурасына бұрынғы атқарған қызметіне қайта оралды. Оның қадағалауындағы басым бағыттардың бірі – кәмелетке толмаған балалардың пайдасына өндірілетін алименттерді тексеру. Жыл басынан бері бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Әрі кешенді жүргізілген тексеру нәтижесінде уәкілетті құрылымдар тарапынан жіберілген көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Осы ретте борышкерлердің қосымша табыс көздері ашылып, балалар пайдасына қомақты қаржы өндірілгенін айта кетсек болады. Іскер маманның бұл тынымсыз тірлігі де Бас прокуратура тарапынан оң бағасын алғанын естідік.
– Қызмет бабында әр түрлі жағдайлармен бетпе-бет келіп жатамыз. Адамдар өз тағдырын өзі шешеді, ал біздің міндетіміз – құқықбұзушылықтың жолын кесу және заңдылықты қалпына келтіру. Шешім қабылдар кезде табанды һәм әділетті болғанды жаным қалайды. Басты мақсат – ешкім орынсыз жапа шекпесе екен, – деді Орал қалалық прокуратураның сотта азаматтық, әкімшілік істер бойынша мемлекет мүддесіне өкілдік ету және атқарушылық өндіріс бөлімінің аға прокуроры Татьяна Есенғалиева бізбен әңгімесінде.
Бақытжан Ордабаев