30.08.2023, 11:42
Оқылды: 78

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы болсын!

Сейсенбіде «Атамекен» өнер ордасында ҚР Конституциясы күніне орай «Конституциялық құндылықтар – мемлекет пен қоғам дамуының негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға  облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, саясаттанушы Марат Башимов, зиялы қауыммен еңбек ардагерлері, ЖОО ректорлары, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдардыңөкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді жастар қатысты.

6d1c8675-2188-46be-b68f-302fc425bd95

Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын қазақстандықтар жаңа Конституциямыздың қабылдануы үшін бірауыздан дауыс беріп, өзінің тарихи таңдауын жасады. Осылайша Ата Заңымыз қабылданып, бүгінде еліміз демократиялық, зайырлы, өркениетті қоғамды дамыту жолында өз бағытын берік ұстанып келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің егемендігін, билік пен қоғамның демократиялық принциптерін бекітіп, қоғам өмірінің түрлі салаларында табысты өзгерістер жасауға бағдар болды. Еліміздің Ата заңы – әр қазақстандықтың барша жетістігінің негізі, тең құқығы мен мүмкіндігінің кепілі. 2022 жылы өткен референдум бойынша Ата Заңның үштен бірі қайта жазылып, 33 бапқа 56 түзету енгізілді. Конституциялық өзгерістер еліміздің тарихындағы маңызды белес ретінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырды. Еліміздің әрбір азаматының реформаларды іске асыруға белсене қатысып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын кезі келді.  Себебі, қолға алынып жатқан өзгерістердің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттілігімізді нығайту және қоғамды үйлесімді дамыту. Бұл міндеттерді орындауға өңіріміздің әрбір азаматы атсалысуы қажет. Негізгі Заң бойынша өмір сүру және оны құрметтеу – әр азаматтың қасиетті борышы, – деген Бақытжан Хаберұлы мерекелік лебізін білдірді. Сөз кезегін іс-шара қонақтарына ұсынды.

3e5a33ab-0df4-4fff-97e3-d796e7ca2bde

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов Ата Заңның маңызына тоқталды. «Елдегі Конституциялық реформа біздің өмірімізді өзгертті. Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Қысқа уақыттың ішінде керекті заңдар қабылданды.  Сайлау үдерісі жаңғыртылып, мажоритарлық сайлау жүйесі енгізілді. Конституциялық сот құрылды. Мысалы, Конституциядағы бір ғана өзгеріске тоқталайын. Ата Заңның 6-бабына: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» деген өзгеріс енгізілді. Халық жердің ғана емес, оның байлығының да иесі. Бұл халықтың жерге қатысты құқықтық статусының артқанын көрсетеді. Айта кету керек, қазір кәсіби және сапалы заңдар қабылдануда. Қоғам да осыны қалайды. Ал біз, депуттар осы бағытта жұмыс істейміз», – деді депутат Марат Советұлы.

ef91f27a-0456-469c-9566-4b0cde58c8e4

Жиын барысында облыс прокурорының міндетін атқарушы Дәурен Умаргалиевазаматтардың конституциялық құқықтарыныңқорғалуы жөнінде баяндады. Жыл басынан бері облыстық прокуратура қызметкерлері 610 азаматтың құқығын қорғаған. Мысалы, жұмыс берушілердің қызметкерлерге демалыс және мереке күндері үстеме жұмыс істегені үшін ақы төлеу талабын заңсыз алып тастағаны анықталған.

Облыста есепті кезеңде 516 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 7 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Тергеу құрылымдарының бизнеске негізсіз араласуына жол бермеу үшін прокуратура нақты шаралар қабылдады. Атап айтсам,  2022 жылы қыркүйекте бизнес өкілдеріне қатысты істі тіркеу тәртібі бойынша ҚР Бас Прокурорының нұсқауы қабылданды. Соған сәйкес бизнес субъектілерін қылмыстық жауапкершілікке тарту тәсілдері түбегейлі өзгерді. Біріншіден, бұрын аудиторлық есеп және басқа да тексерулердің нәтижелерімен бірден қылмыстық іс қозғалған еді. Енді жаңа талапқа сәйкес бизнес өкілдері уәкілетті құрылымдардың тексеру нәтижелері бойынша сотқа шағымдануға құқылы. Екіншіден, нұсқауда «үнемдеу» түсінігі енгізілді. Бұл мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты. Яғни жұмыс барысында шығындарды үнемдесе, бірақ ол сапаға зиянын тигізбесе, кәсіпкер жауапқа тартылмайды. Мысалы, құрылыс материалдарын жеңілдікпен арзан бағада алу, жұмысты аутоматтандыру немесе басқа тиімді жұмыс істеу әдістерін айтуға болады. Үшіншіден, бұған дейін құқық қорғау құрылымдары мамандарының расталмаған залал туралы қорытындылары негізінде қылмыстық істер тіркелетін. Енді мұндай қорытындылар бойыншаістер тіркелмейді және олар әрмен қарай тексерілуі немесе сараптама жүргізілуі қажет. Бизнес өкілдеріне қатысты қылмыстық істер тіркелсе, прокурорлар 1 тәулік ішінде тексеріп, тиісті қорытынды береді. Тергеу барысы үнемі бақыланады және прокурорлар әрбір 15 тәулік сайын тергеу барысын қорытындылауы тиіс.Облыстық прокуратураның араласуымен 16 кәсіпкерге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылып, құқықтары қорғалды, – деді Дәурен Батырғалиұлы. Баяндамада мәлім болғандай, енді прокурорлар құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында заңдарды бұзуға жол берілмейтіні туралы жазбаша немесе ауызша түсіндіреді және заң алдындағы жауаптылық туралы ескертеді.Мысалы, әкімдіктен келісім алмай заңсыз шеруге(митинг) немесе пикетке шыққан азаматтарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік көзделген.Прокурор мұндай жағдайда заңды бұзбау жөніндетүсіндіреді. Ал бұл талапты орындамағандар, аталмыш кодекстің 665-бабымен жауапқа тартылады.

Жиын барысында сөз алған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Құқықтық пәндер» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының докторы Әсет ТасмағамбетовКонституцияның тарихына, даму кезеңдерінетоқталды. «Қазақтың ежелгі ғасырлар бойы қалыптасқан, құқық дәрежесіне ие болған әдет-ғұрып қағидалары, хан-би ережелері талай дәуірлік дамудан өтті. Көшпелі қоғам негізінде қалыптасқан әдет-ғұрып құқық ережелері бірте-бірте жүйелі құбылысқа айналды. Олардың ішіндегі саяси билік тарапынан мойындалып бекітілгендері заңдық күшке ие болып, дәстүрлі қазақ қоғамына белгілі әдет-ғұрып ережелері кодекстерінің қалыптасуына ықпал етті», – деген Әсет Сембайұлы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды құқықтық мұралардың маңызы мен қағидаларын айтты. Жиында заң ғылымдарының кандидаты, конституционалист, облыстық мәслихаттың депутаты Мереке Габдуалиев те сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел соңында Бақытжан Хаберұлы құқық қорғау салысында қызмет етіп жүрген  бірнеше маманды облыс әкімінің алғысхатымен марапаттады. Олардың қатарында Ақжайық аудандық соты әкімшісінің бас маманы Айнұр Темірханова, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, жасақтау басқармасының басшысы Альберт Бекмұханов, облыстық әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заң қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Айнұр Ғұмарова және басқалар бар.

Конституция Қазақстанның егемендігін, билік пен қоғамның демократиялық принциптерін бекітіп, еліміздің одан әрі даму бағытын анықтады.Біздің түпкі мақсатымыз еліміздің тәуелсіздігін тұрақты ету, Ұлы Даланың еркін перзенті болып, елдің өркендеуін жалғастыру. Болашақ ұрпақтың бақыты үшін бұл мақсатқа асқан табандылықпен және ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткіземіз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы, елдігіміз мәңгі болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін, деп жиынды қорытындылады облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале