13.02.2024, 10:15
Оқылды: 85

Тегеурiн

Қол күресі – алапат күш пен ғаламат әдісті талап ететін спорт түрі. Құрыш білектер қарысып қалғанда қарсыласыңды қапы қалдырғанша қара тер боласың. Қапсыра түскен жұдырықтар қарсылас білегін қыран бүркіттей бүріп әкетуі тиіс. Әрине, ебін тауып, шалт қимылдасаң, санаулы секундта кім мықты екені анықталады. Бұл жекпе-жекте итжығыс түсу деген болмайды. Армрестлингте тынымсыз төгілген тер, ерекше ерік-жігер, тәулік бойы жүргізілетін жаттығулар ғана жеңіс жолына алып келеді.

IMG_20240115_165303

Егер жол түсіп жатса, Қаратөбе ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне баруыңызға болады. Кешеннің құрқылтайдың ұясындай бір бөлмесінде бозбалалар ерекше ынтамен күш сынасып жататынын көресіз. Менің айтпағым, осы аядай бөлмені шемпиондар ұстаханасына айналдырып үлгерген бапкер туралы болады. Иә, былтыр 35 жастың жалын тартып мінген Нұрқат Нысанов жалындап-ақ тұр. Ауылда жүріп қоңыртөбел тірлік кешіп, ғаламат іс атқарып жүретін адамдар болады. Меніңше, Нұрқат – дәл сондай азаматтың бірі. Көкірегіндегі арман алауы көптеген шәкіртінің кең қанат жайып, шырқау биікте самғауына себепкер болып жүр.

Әке әсері

Кейіпкермен сұхбаттаса отырып, бұлшық еті бұлықсыған, ұзын бойлы, кең жауырынды жігіттің әсерлі әңгімесінен соншалықты қарапайым екенін, болмыс-бітімінен қайсар мінезін, ауыл қазағының аңқылдаған саф көңілін, жан жадыратар жүрек тазалығын аңғардық. Әсіресе, темір қанат балауса бозбалаларды жеңіс биігіне жетелеген сәттер есіне түскен сайын жанарынан от ұшқындап сала береді. Өзі де ақ адал еңбегінің жемісін ерте татып, біраз белесті бағындырып үлгерген. Бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қол күресінен ұлттық спорт төрешісі, жоғары санатты жаттықтырушы.

Сонымен... Өмір жолын тарқата айтсақ, Н. Нысанов 1988 жылы 28 ақпанда дүниеге келген. Қаратөбенің тумасы. Әке-шешесі – медицина мен сот саласының мамандары. Қазіргі кезде екеуі де зейнет жасында. Кадр тапшылығына байланысты аудандық ауруханада қызметін жалғастырған Есенжан ағаның жақсы қасиеті – жас кезінен тән саулығына мән береді, дене бітімін қалыпта ұстау үшін ұдайы спортпен шұғылданады. Қимыл-қозғалыста болуды жаны сүйеді, отбасында саламатты өмір салтының үлгісін көрсетуден жалықпайды. «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, асықтай төрт ұлы да спорт десе, ішкен асын жерге қоятын жігіттер болып өсті.

Екінші ұлы – Нұрқатты газет-жорналдардан бұлшық еті бұлтылдап тұрған спортшылардың суреті ерекше қанаттандыратын. Әке тәрбиесінің әсері де ғаламат еді. Қазіргідей зәулім спорт нысандары салына қоймаған кез. Қай ауылда болмасын, тоқсаныншы жылдардың төлдері темір-терсек жинап, үй ауласын, тіпті қора-қопсыны спорт алаңына айналдыратын. 13 жасынан бастап ұлының дене шынықтыруға ден қойғанын көріп, әкесі «Ауыр зат көтеруге әуес болма, денсаулығыңа зиян болады» деп ескерту де жасаған. Спорт деген бір сиқыр. Шымыр бала күнделікті жаттықпаса, көңілі көншімейтін болды. Әке тыйымына қарамай, өз бетінше темір-терсек көтеруді әдет қылды.

нысанов

Мектепте жүргенде дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерінің көзіне түскені бесенеден белгілі. Баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, шаңғы тебу – қай спорт түрі болмасын, үйірме жетекшілері алғыр оқушыны түрлі деңгейдегі жарысқа қатысуға жетелейді. Балалық шағынан сыр тарта отырып, «Бір әттеген-айым ғана бар, көптеген спорт түрін меңгеруге қабілетім болды. Бірақ соның бір ғана түрін таңдап, тұрақты жаттыққанда, қазіргі шәкірттерімдей арман асуларын бағындырар ма едім? Спорт саласында табандылық пен тұрақтылық өте маңызды», – деген ой түйді Нұрқат.

Арман жолында

2009 жылы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық коллеждегі оқуын тәмамдаған соң, Қаратөбе аудандық балалар-жас­өспірімдері спорт мектебіне волейболдан жаттықтырушы болып орналасты. Әуе допты жетік меңгергенімен Н. Нысанов сүйікті спорты – қол күресін дамытуға аңсары ауады. Сол кездегі аудандық балалар-жасөспірімдері спорт мектебінің директорынан қол күресіне арналған үйірме ашып беруді бірнеше рет өтінеді. Алайда басшылардан «Арнайы штат қарастыруға қаражат жеткіліксіз әрі олимпиадалық емес спорт түрі болғандықтан үйірме ашу оңайға соқпайды» деген сарындағы жауапты еститін.

Жас жаттықтырушы арманының орындалуын бақандай жеті жыл күтті. Әрине, оған дейін қол қусырып қарап отырған жоқ. Студент кезде осы спорт түрінен облыс шемпионы атанды, бірнеше сайысқа қатысты, тәжірибесі бар жігіт қой. 2014 жылы қол күресіне қабілеті бар балаларды тартып, қал-қадерінше армрестлингке баулуды бастап кетеді. Әуел бастан осы спорт түрінен әлем шемпионын тәрбиелеуге ынтық еді. Жастық жігер қайсар кеудені жалынға толтырды. Жаңа мақсат ықпалымен жұмыс еселене түсті. Күндіз спорт мектебінде оқитындарға волейболдың қыр-сырын үйретеді. Одан кейін үйінен кешкілік асын ішкен соң жұмыс орнына қайта келіп, қол күресін қолай көрген жас­өспірімдерді жаттықтырады.

– Алғашында он шақты бала жиналды. Уақыт өте талапкерлер саны жиырмаға жуықтады. Біртіндеп күш сынасудан облыстық деңгейдегі сайыстарға алып бара бастадым. Жол шығынын бірде өзім өтеймін, бірде ата-аналар қолұшын созады. 2015 жылдың соңына қарай дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне арналған жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Соның қарсаңында аудан әкімі Асхат Шахаровпен тілдесудің сәті түсті. Мінезі жайсаң, өте қарапайым кісі ғой. Әкім жұмыс уақытынан кейін өзінің орынбасарларын, басқа да мекеме басшыларын бұрынғы спортзалға ертіп келетін.

Бір күні әдеттегідей кешкілік уақытта балаларды жаттықтырып жатыр едім. Асхат Берлешұлы бізге назар аударып, сұрақ қоя бастады. «Қол үресіне арналған ресми үйірме жоқ, негізінен, волейболшылар тобының жетекшісі­мін» дедім. «Неге олай? Қол күресінен қандай жетістіктерің бар?» деп қазбалай сұрады әкім. 9-сыныпта оқитын бір шәкіртім облыс бірінші­лігінде топ жарып, республикалық додаға дайындалып жатқаны туралы айттым. Асхат аға қызығушылық танытып, шемпион баланы күш сынасуға шақырды.

Мен оңашада шәкіртіме бірден күшке салмауды, ақырын тіресу керектігін ескерттім. Күрес техникасын жетік меңгергені өзіме аян. Содан екеуі күш сынасуға көшті. Асхат Берлешұлының қарсыласының қолын жығу үшін бар ықыласымен кіріскенін байқап тұрмын. Спортшы бала міз бағар емес. Сәл уақыт өткеннен кейін ол сұраулы жүзбен маған қарады. Мен басымды изедім. Әкімнің қолын ақырын жыға салды. Бір ғажабы, Асхат аға одан сайын таң-тамаша болды. «Осы бетіңнен танба, қол күресіне арнайы штат ашу мәселесін түбінде шешеміз» деп мені қайрап кетті.

Балалар мәз-мейрам. Үміт оты тұтанды. Үйге келіп, зайыбыма жаңалықты бөлістім. Ол менен бетер қуанды. Өйткені осы саланың отына күйіп, суығына тоңып жүргенімді бір кісідей біледі. Көңіл күйімді қас-қабағымнан таниды. Әрине, штат бірлігін қарастыру тез шешілетін мәселе емес. Бірқыдыру уақыт өтті. Зырғып 2016 жыл да босағадан аттады. Әкіммен тағы бір рет кездескенде, уәде жайын нақтылап сұрадым... Көп ұзатпай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Азамат Бекетпен келісімге келіпті. Бір-бірін бұрыннан таниды екен. Сөйтіп, ақпан айында ресми түрде қол күресі үйірмесі ашылып, мен оған жаттықтырушы болып бекідім. Бастан-аяқ үйірме мүшелеріне арналған спорт киімін тіктіріп, жұмысыма қызу кірістім, – деді қызықты сәттерді баяндаған бапкер.

Жеңіс жорығы

«Сабақты ине сәтімен» дегендей, бұдан әрмен бапкердің тынысы ашылып сала берді. Бапкерлік қабілетін шыңдап, кәсіби тұрғыда жетіле түсті. Тынымсыз тер төгудің нәтижесінде жетістік жолына жүлделер жиынтығы менмұндалай бастады. 2016 жылы Өскемен қаласында жасөспірімдер арасында қол күресінен өткен ҚР шемпионатында Қуаныш Саламатов екінші орын алды. Жаттықтырушының айтуынша, облыс тарихында бұл – алғашқы олжа болып есептелінеді. Республика бойынша бұрын жасөспірімдер арасында армрестлингтен ешкім жүлде алмаған. Бұдан кейін қаратөбелік құрыш білектілер біртіндеп Азия және әлем шемпионатының жеңіс тұғырын бағындыра бастады.

20170909_154225

2017 жылы Өзбекстанда өткен Азия шемпионатында үйірме мүшесі, облыс шемпионатының Сүйесін Құмаров қола жүлдегер атанды. Бапкердің қуанышында шек болмады. Сүйесін келесі жылы Қазақстанда өткен шемпионатта күміс жүлдеге ие болды. Өкініштісі, талантты жас, ҚР спорт шеберлігіне үміткер Сүйесін Ермұратұлы ұзақ өмір сүрмеді. Қазақстанда Ақмола облысы Щучинск қаласында болған Азия шемпионатының финалдық кезінде қолын сындырып алды. Одан кейін оңалып кете алмай, жарақат салдарынан қайтыс болды. Тура мағынасында спорт үшін жан алып, жан беріскен өрен еді. Спортшы құрметіне аудандық БЖСМ қол күресінен екі мәрте Сүйесін Құмаровты (1999-2018) еске алу турнирін өткізді.

FB_IMG_1660401026640_1

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрқат Нысанов тәрбиелеген спорт мектебінің тәрбиеленушілері әлемдік деңгейде – 6, Азия шемпионатынан – 12, елішілік сайыстардан 22 медаль ұтып алған. Олардың қатарында ҚР спорт шебері, қаратөбелік армрестлер Ерболат Ержан жасөспірімдер және жастар арасында бес дүркін әлем шемпионы болды. «Арпа ішінде бір бидай» дегендей, момын, бұйығы көрінгенмен, жас талант жарқырай көрінді.

IMG_20221017_230554_1 (1)

– Мектепте 8-сыныпты тәмамдаған соң, қол күресі үйірмесіне қызығушылық танытты. Екі жыл ішінде тынымсыз жаттықты. Спорт кешенінен шыққан соң, үйге барып қосымша жаттығу жасап жүрді. Ержан оң қолмен де, сол қолмен де күрес техникасын жетік меңгерген. Егер ел ішінде топ жарсаң, одан әрмен халықаралық аренада жүлде алу қиын емес. Қазақ жігіттері бұл спорт түрінен өте мықты. Алғашқы кезде Ержан республикалық турнирлерде бірден серпін ала алмады. 10-сынып оқып жүргенде, «Әділетсіздік жиі болады, доғарамын» дегені бар. Жаттықтырушы ретінде жігерін жани сөйледім. Көзі шырадай жанып, қанатын қомдады, – деді Нұрқат Нысанов.

Ержан Ерболатұлы 2019 жылы Талдықорған қаласында өткен республикалық іріктеу кезеңінде сол қолмен күш сынасудан қарсыласының бәрінен басым түсті. Оң қолмен тіресуден ақырғы мәреде ғана ұтылды. Бірақ ұпай санымен мерейі үстем болып, Азия және әлем шемпионаттарына қатысуға мүмкіндік беретін лицензия ұтып алды. Жас спортшының бағы жанып, жеңіс жорығы басталды. Румынияның Констанца мен Бухарест (2019, 2021), Түркияның Анталья (2022), Қазақстанның Алматы (2023), қалаларында өткен әлем шемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілді. Бухарестегі әлем шемпионатында оңқай және солақай бағытта күш сынасып, қос алтынды ұтып алған.

Нар жігіт Нұрқат – қара күш иесі ғана емес, білім мен білігін қатар шыңдап отыратын маман. Әріптестерімен әрдайым өз тәжірибесін бөліседі. Бүгінге дейін  өңір бойынша тұңғыш рет Қаратөбеде екі аудандық, бір облыстық семинар ұйымдастырған. Былтыр дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен спорт саласындағы жаттықтырушыларға арнап оқу-әдістемелік жинақ басып шығарды. Әдістемелік құралда автор бұқаралық сипатқа ие қол күресінің қыр-сырын кеңінен сипаттап, армрестлинг тарихы, баланы шынықтыру жолдары, жылдық жоспар жасау тәсілдері туралы мәліметтер жарияланған. Тегеурінің мықты, балуан білекті спортшыларды тәрбиелей бер, бапкер!

Нұртай Алтайұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале