29.09.2022, 10:15
Оқылды: 76

Теректі ауданының әкімі Тілек Ғабдошев: «Біздің ауданда инвесторларға мүмкіндік мол»

– Тілек Александрұлы, сіздің Теректі ауданының тізгінін ұстағаныңызға бір жылға жуықтады. Демек, осы уақыт аралығында ауылдық округтерді түгел аралап, ауданның тыныс-тіршілігімен барынша танысып үлгергеніңіз анық. Әкім ретінде сізді Теректі ауданының, ең алдымен, қандай мәселесі мазалайды?

1443a905-7b9c-41ff-95ab-cd2516e8320d

– Өзіңіз айтқандай, қазіргі лауазымдық қызметімді атқаруға кіріскеніме жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында барлық ауылдық округті бірнеше рет жұмыс сапарыммен аралап шықтым.

Одан бөлек, жоспарға сай халық алдындағы есептік кездесулеріміз бар. Теректі – даму әлеуеті жоғары, аумағынан республикалық маңызы бар аутокөлік және теміржол өтетін, халықаралық әуежай, бірнеше ірі кәсіпорын орналасқан, туристік өлкетануды өркендетуге, бизнесті дамытуға қолайлы аудан. Экономикалық дамуының негізгі бағыты – ауыл  шаруашылығы саласы. Сондықтан шаруа қожалықтарының басшыларымен де жиі кездесіп тұрамыз.

Кезіндегі екі ауданнан құралып, үлкен аумақты алып жатқан Теректі өңірінде күн тәртібінен түспейтін бірқатар мәселе бар. Соның бірі – Подстепный – Елек – РФ шекарасы бағытындағы тасжолды жөндеу жұмыстары. Көп жылдан бері халықтың көкейінде жүрген мәселе біртіндеп шешімін табуда. Жөндеу жұмыстары басталды. Ауылішілік жолдар да жөндеуді қажет етеді. Ақжайық, Под­степный, Теректі ауылдарында бұл жұмыстар басталғанымен, көптеген елді мекендердің тұрғындары әлі ескі жолды пайдалануға мәжбүр. Біз жылма-жыл бюджеттік қаражаттың бөлінуіне қарай бұл жұмыстарды да жандандырғымыз келеді. Сонымен қатар 90 пайызы тозып біткен электр желілері де – халықты тұрақты толғандыратын мәселе. Жылма-жыл әр жерден бағана мен желілер ауыстырылғанмен, бұл жұмыстар тұтынушылардың қажеттілігін толықтай өтей алмайды. Бұл бағытта ауқымды әрі жүйелі жұмыс керек. Бүгінгі таңда елді мазалап отырған тағы бір түйткілді жайт – ауылдардың экологиялық ахуалы. Әсіресе, Подстепный, Жаңа өмір, Ақсуат ауылдық округтері – қалаға жақын, халық көп шоғырланған ауылдар. Тиісінше құрғақ тұрмыстық қалдықтар осы ауылдарда өте көп жиналады. Үш ауылға қарасты көң-қоқыс төгетін орын азаматтық авиацияның әрлі-берлі ұшу бағытының астында орналасқан. Тұрмыстық қалдыққа жиналған құстар мен өртенген көң ұшақтардың жұмысына кедергі келтіреді. Ашық жатқан қоқыстың экологияға келтіретін зардабы жайлы айтпаса да аян. Осы ашық полигондарды басқа аумаққа көшіріп, консервациялау бағытында жұмыстанудамыз. Нақты бір аумақты белгілеп, сол жерге көшіруіміз қажет. Қазіргі кезде жер белгіленді. Аудан тұрғындары ұялы байланыс пен ғаламтор жылдамдығына да жиі шағымданады. Бұл да заман талабы. Сондықтан аталмыш шаруаны  кезек күттірмей шешу – басты мақсатымыздың бірі. Яғни шаруа шаш-етектен деп қарап отыруға болмайды.

– Жаңа оқу жылын қандай жақсылық-жетістіктермен  бастаудасыздар?

– Күні кеше басталған биылғы оқу жылында 36 мектепте 6314 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылының қорытындысында аудан бойынша 17 оқушы «Алтын белгі» иеленсе, 6 түлек «Үздік аттестат» иегері, 8 шәкіртіміз облыстық пәндік олимпиададан жүлдегер атанды. Абай және Х. Есенжанов атындағы мектептер мемлекеттік грант иегерлерінің көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетіп отырғанын да мақтанышпен  атап өтуге болады.

Балалардың сапалы білім алуы үшін білім ұяларының материалдық-техникалық әлеуетін жақсарту – заман талабы. Өткен жылы екі мектеп, биыл бір мектеп күрделі жөндеуден, 7 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Пойма ауылында жаңа білім ошағы салынуда. Ұзынкөл мен Приречный орта мектептері де күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұған қоса Подстепный ауылындағы қазақ мектебінің шәкірттері үш ауысыммен оқитыны да біраздан бері айтылып келе жатқан мәселе.

Бұл саланың тағы бір өзекті мәселесі – мамандар тапшылығы. Ауданда сегіз мектепте директордың лауазымы бос. Сала мамандары мойнына жауапкершілік алып, білім ордасын басқаруға құлықсыз. Сондай-ақ мектеп басшылығына өту үшін тапсыратын тест сынағынан да өте алмай жүргендері бар.

– Ауданда қай салаға қандай мамандар жетіспейді? Келген мамандарға қандай жағдай жасаудасыздар?

– Ауданымызда медицина саласы бойынша жалпы тәжірибе дәрігері, гинеколог, хирург сықылды мамандар тапшы. Биыл үш дәрігер келді.

Әлі де дәрігерлер қажет. Жоғарыда атап өткендей, мұғалімдер тапшылығы да бар. Мектептерімізге орыс тілі мен әдебиеті, информатика пәндерінің мамандары жетіспейді.

Жол жөндеу жұмыстары мен құрылыс жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Аталмыш  салада да кадр тапшылығы сезіледі. Ауыл шаруашылығы саласына да меха­низатор мен малшы жетіспейді. Тура осы механизатор мен малшыға келгенде жоғары жалақы төлеп, оған қоса  тұрмысқа қатысты қолайлы жағдай жасауға ниетті шаруа қожалықтары жеткілікті. Ал мемлекеттік мекемелерге маман болып келген жастарға, жас ұстаздар мен дәрігерлерге, ветеринария, мәдениет саласының мамандарына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көтермеақы және үй алуға бюджеттен қаражат бөлінеді. Аталмыш бағдарлама аясында соңғы үш жылда, яғни 2020-2022 жылдары 339 маманға 96,6 млн теңге көтермеақы, 166 адамға 738,6 млн шамасында баспана алуға қаражат бөлінді. Сондай-ақ ауданға қажетті мамандарға қызметтік пәтермен де көмектесеміз.

– Биылғы шөптің шығымы, егіннің түсімі, бау-бақшаның өнімі қалай болды?

– Өткен қыстың қарлы, жаздың жауынды болуы ауыл шаруашылығына айтарлықтай жақсы әсер етті. Биылғы жылы егіс жұмыстарына 92 шаруашылық қатысып, жалпы егіс көлемі 140 мың гектарды құрады. Көкөніс жинау жұмысы да қызу жүріп жатыр, 506 га бау-бақша дақылдарының 388 гектары жиналып, 161 ц/га орташа өнімділікпен 6276 тонна өнім жиналды.

Мал азығын дайындау жұмыстары ойдағыдай. Биыл қыстаққа кіретін 66,3 мың шартты мал басына сәйкес 143,2 мың тонна мал азығын қамдау жоспарланған болатын. Қазіргі кезде 7,4 ц/га орташа өнімділікпен 155,4 мың тонна шөп жиналды немесе 108,5% мал азығын жинап алдық. Мал азығының бағасы да тұрғындар үшін қолжетімді болуын жіті қадағалап отырмыз. Ауданымызда науқан кезінде бір орам (рулон) шөптің құны 4000-5000 теңгеден болса, қазіргі кезде  3000-3500  теңгеден.

Облыс басшысы әр ауданда «жасыл» және «сүтті белдеулерді» дамытуды тапсырған болатын. «Жасыл белдеу» бойынша жоғарыда атқарылған жұмыстарға қоса, әр ауылда бағбандар артуына жұмыстанудамыз. Сүтті белдеу бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант алушылар ірі қара өсіруге дендеп көңіл бөліп,  агроөндірістік кооперативтерге бірігуде. Нәтижесінде, аудан бойынша барлығы 382 асыл тұқымды симментал ірі қарасы бар болса, соның 153 басы кооперативтерде тіркелген. Жалпы алдағы мақсат – сүтті белдеу бойынша нақты шараларды жалғастыру. Бұл бағыттағы жаңа жобаларымыз да бар, солардың бірі – «Ringo Milk» ЖШС-ның асыл тұқымды мал басын өсіру жобасы. Бүгінгі таңға құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалды, ірі қара малы күз айларында ауданға  жеткізіледі.

– Тілек Александрұлы, Теректі – кәсіпкерліктің  кең қанат жаюымен байтақ елге танылған аудан. Бүгіндері кәсіпкерліктің қандай  түрі  өрістеуде?

– Иә, біздің ауданның шын мәнінде кәсіпкерліктің біраз түрін өрістетуге әлеуеті зор. Мысалы, егін және мал шаруашылығы, бау-бақша баптау, азық-түлік өндірісі және құрылыс саласы бойынша инвесторлардың  мүмкіндігі мол.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауының екінші бағдарында «Нақты секторды дамыту» бойынша «Ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керек» деп атап өтті. Сонымен қатар инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, көршілес мемлекеттердегі геосаяси жағдайлар мен экономикалық дағдарыстарды өз әлеуетімізді арттыру бағытында оңтайлы пайдалану қажет екеніне де тоқталып өтті.

Былтыр ауданда инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында құрамына барлық қажетті мемлекеттік құрылымдар енгізілген арнайы жұмыс тобы құрылды. Осы топтың бағыт-бағдар беруімен бүгінгі күнге ірілі-ұсақты 2022-2026 жылдар аралығында жалпы құны 121 млрд теңгені құрайтын 76 жоба жүзеге асырылуда. Аталмыш жобалар іске қосылғанда 1600-ден астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 802,5 млн теңгені құрайтын 28 инвестициялық  жоба іске қосылып, 79 жаңа жұмыс орны ашылды. «Ringo milk» ЖШС-ы Еуропа елдерінен 640 голштин тұқымды сүт бағытындағы мал әкеледі деп күтілуде. Шаруашылық басшылығы қора-қопсысын заманауи үлгіде жабдықтап, мал азығын дайындауда. Сонымен қатар «Төлеңгіт» және «Абай» ШҚ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы Павлодар облысынан 160 асыл тұқымды симментал мал алды. Осы жобалар сәтті жүзеге асатын болса, ауданда 250 жаңа жұмыс орны ашылып, тәулігіне 50 мың литр сүт өндірілетін болады. Ақсуат және Теректі ауылдарында шағын супермаркеттер ашылып, ал «Батыс минерал су» ЖШС Юбилейный елді мекенінде минералды су өндірмек ниетте. Осындай жобалар аудан экономикасын ілгерілетіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге оң ықпал етері сөзсіз. Аталмыш бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғаса бермек.

– Құрылыс саласы қарқынды ма?

– Жалпы ауданда бюджет тарапынан биылғы жылы құны 17 млрд. теңгеге жуық 53 жоба жүзеге асырылуда.

Оның ішінде тұрғын үй құрылысы бойынша 372 пәтерлік 7 жоба, ауыз сумен қамту бойынша 6 жоба, тұрғын үйлерді инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету мақсатында – 23, денсаулық сақтау саласы – 1, білім беру саласы  – 2, мәдениет саласы – 1, газдандыру бойынша 6 жоба және аутожолдарды жөндеу бағытында – 7 жоба. Бұлардың құрылыс жұмыстары аудан бойынша өз деңгейінде жүріп жатыр.

Құрылыс материалдарының қымбаттауынан, әлемдік саяси-экономикалық ахуалдың салдарынан бұл салада біраз қиындықтың болғаны да рас.

Дегенмен ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістіктер де жоқ емес. Ағымдағы жылдың соңына дейін бірнеше жобаны халық игілігіне ұсынуды  көздеп  отырмыз.

– Тілек Александрұлы, теректіліктер ел ішіне, халық арасына іріткі салып, жымысқы әрекеттерден тайынбайтын жат діни ағым атаулыдан аман ба?

– Жат ағымдардың алдын алу – күн  тәртібінен түспейтін мәселе.  Аудан  бойынша діни ахуал тұрақты. Бүгінгі күні ауданымызда 4 теолог маман қызмет атқарады. Ауданда «Бірлік» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы жұмыс істейді. Қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты профилакикалық және оңалту жұмыстары болып табылады.

Аудан аумағында ислам діні бағытында – 4 діни бірлестік (Теректі, Ақжайық, Барбастау, Покатилов ауылдарындағы мешіттер)  жұмыс істейді. Аталмыш мешіттерде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бекітілген имамдар қызмет атқаруда. Бұған қоса мешіттер жоқ ауылдарда молдалық қызмет атқаратын тұрғындар бар. Сонымен қатар ауданымызда православ бағытындағы екі шіркеу бар. Аудан аумағында өткен жылдармен салыстырғанда ислам дініне жастардың  ынта-ықыласы артқаны байқалады. Соған байланысты ғибадат үйлерінің де қажеттігі туындап отыр. Бүгінгі күні Подстепный, Ақсуат, Жаңа өмір және Сары өмір ауылдарында мешіттер салынуда. Құрылыс жұмыстарына қаражат демеушілер тарапынан бөлінуде. Ақсуат ауылындағы мешіт жақын арада ашылады.

– Аудан халқының табиғи өсімі байқала ма? Әлде урбанизацияның салқыны Теректінің елді мекендеріне әлі де кесірін тигізуде ме?

– Теректі ауданының халық саны биылғы жыл басындағы ресми статистика деректері бойынша 38 496 адам.

Жарты жыл ішінде халықтың табиғи өсімі 178 адамды, ал көші-қон бойынша 160 адамды құрады. Жыл басынан бері 451 сәби жарық дүниеге көрінді. Урбанизация салқыны тимеген елді мекен кемде-кем шығар. Біз­дің ауданда да шалғай ауылдардан жастардың қалаға немесе аудан орталығына қоныстану жағдайлары баршылық. Алайда соңғы жылдарда қаладан ауылдарға кері көшу арқылы тұрмысын да, шаруасын да түзеп жатқандар аз емес. Ауданның қалаға жақындығы да халықтың тұрақтауына оң септігін тигізуде. Әсіресе, Подстепный, Шаған, Ақсуат ауылдық округтерінде халық санының өсімі айтарлықтай, осы елді мекендерде аудан халқының 57,1 пайызы қоныстанған.

– Ономастикалық саясатты ұлы мәртебелі Тәуелсіздік талаптарына лайық жүргізу мәселесі назарыңыздан тыс қалып жатқан жоқ па?

– Аудан бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ауыстыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Атқарылған шаруа да жоқ емес. Соның бір-екеуін айтып өтер болсақ, Новопавлов ауылдық округін «Құмақсай ауылдық округі» деп қайта атауға ұсыныс берілді. Сонымен қатар аудан орталығының атауы «Теректі» болып өзгертілді. Жер-су атауын өзгерту бойынша әлі де халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кейбір елді мекендердің тарихи атауын архив қойнауынан іздестірудеміз әрі көнекөз қариялардан да сұрастырудамыз. Тұрғындар тарапынан да біраз ұсыныс түсіп, жергілікті жұрттың талқысына салынуда.

Бұл бағыттағы жұмыстар ретімен жалғасын табатын болады.

– Ауқымды сұхбатыңызға көп рақмет. Жемісті еңбек, абыройлы қызмет  тілейміз!

Сұхбаттасқан Бауыржан Әлжанұлы,

zhaikpress.kz

,

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале