9.06.2023, 16:00
Оқылды: 123

Тілсіз тажалмен арпалыс немесе өрт сөндірушінің бір күні

Біз өрт сөндірушілерді төтенше жағдайлар кезіндегі қызу жұмысы үстінде бақылап, көріп жүрміз. Ал олардың күнделікті өмірі қалай өтеді? Өрт болмаған уақытта олар қандай іспен айналысады? Осы сұрақтарға жауап іздеп, қаламыздағы Ю.Гагарин көшесінде орналасқан №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне келдік. Бұл бөлім қызмет көрсету аймағы бойынша қаладағы өрт сөндіру бөлімдерінің ең ауқымдысы. Бөлімде 4 ауысым жұмыс жасайды, әр ауысымда 13-14 қызметкерден. Біз 1-ші қарауылдың ауысым қабылдау-тапсыру кезеңіне тап болдық.

image-08-06-23-06-11-6

Қаламыздағы өрт сөндіру бөлімдерінің әр күні сағат 8:00-де қарауылдардың ауысуынан басталады. Бұл кезде құтқарушылар техниканы, құралдар мен жабдықтарды тексереді, кемшіліктері мен ақауларын анықтайды. Болған жағдайда қалпына келтіру, жөндеу, ауыстыру не есептен шығаруға дайындайды. Содан соң өрт сөндіру машиналарын қабылдайды. Автокөліктің тазалығы, жарамдылығы, су мен көбіктің болуы, жеңдер мен бөшкелердің саны түгелдей тексеріледі.

image-08-06-23-06-11-21

Тексеру мен дайындықтан кейін қарауыл бастығы нұсқама жүргізеді, әр қызметкердің құжаттарын, білімі мен міндеттерін тексереді. Өрт сөндіру бөлімінің бастығы ауысымды қабылдап болған соң, бүгінгі күнге маңызды ақпараттарды хабарлап, әр қызметкерге жүктелетін міндеттерді белгілейді.

image-08-06-23-06-11-15

Өрт сөндірушілердің күнделікті өміріндегі ең маңызды міндеттердің бірі – сабақ оқу. 8:30-да бөлім қызметкерлері сабаққа дайындалады. Өрт сөндірушілер үшін сабақ мектеп, колледж не университеттің қабырғасында қалып қоймайды, олар сабақты күнделікті оқиды. Дәрістер, семинарлар тыңдайды, жұмыстарын жазады, сынақтар мен емтихандар да олар үшін таңсық емес.

image-08-06-23-06-11-24

Оқу сағаттары тек теориямен шектеліп қоймайды, сонымен қатар сипатына қарай өрт сөндірушілердің физикалық дайындығы да аса маңызды. Тренажер залында жаттығудан бөлек өз жұмыстарында күнделікті бетпе-бет келетін дағдыларды пысықтайды. Мысалы, жең сызықтарын төсеу, өртті сөндіруге дайындық, баспалдақтарды орнату, шабуыл баспалдақтарымен көтерілу және т.б.

image-08-06-23-06-11-18

Суреттер: Гүлмира Сарсенғали

– Ауысымды қабылдау-тапсыру процесіне дәл келдіңіздер. Ауысым кезінде жеке құрамның киінуі, өрт сөндіру техникалары мен жабдықтарының түгел және ақаусыз болуы толықтай тексеріліп, келесі ауысымға тапсырылады. Өйткені кез-келген уақытта өртке шығуға сақадай сай, дайын болуымыз қажет. Бұлардың біреуінде кемшіліктер анықталған жағдайда бізге баяндайды, біз әрі қарай шешім қабылдаймыз. Әрбір қызметкердің өз міндеті қатаң белгіленген және сақталуы қажет. Мысалы, өрт сөндіру автокөлігіне келетін болсақ, кабинада жүргізуші, бөлімше командирі, қарауыл бастығы немесе ауысым кезегінің аға инженері отырады. Көліктің жауынгерлік бөлімінде жауынгерлік есеп табелі бойынша 1, 2, 3, 4 өрт сөндіруші отырады. Әрбір өрт сөндірушінің нөмір бойынша ретімен отыратын орны белгіленген. 1,3 нөмір кабинаның сол жағына отырса, 2,4 нөмір оң жағына отырады. Олардың орны мен міндеттері табель бойынша қатаң жазылған. Бірақ олар үнемі сол орында отырмайды. Әрбір ауысым сайын олардың орнын ауыстырып тұрамыз, себебі олар 4 өрт сөндірушінің де міндетін жатқа білуі қажет. Автокөліктегі өрт сөндіру түтікқұбырлары, жеңдер, құтқару құралдары сияқты өрт сөндіру жабдықтары техникалық талаптар бойынша белгіленген мерзімге сәйкес жылына бір не екі рет сыналады. Сынаудан өткен соң, белгі қойылып, келесі сынақ мерзімі жазылып, жараққа қойылады. Жарамсыз боп танылған құрал-жабдықтар есепке қойылмайды, алып тасталады, жөндеуге не есептен шығаруға жолданады. Олардың орны ақаусыз, кемшіліксіз жаңа жабдықтармен алмастырылады, - дейді ауысым кезекшісінің аға инженері, қарауыл бастығы Арыстанбек Тапалов.

Өрт сөндірушілердің күн тәртібі сағат 13.00-де түскі асқа жалғасты. Ас ішуге арналған бөлмелері бар, ауысым барысындағы ауқатын әр қызметкер өз үйінен әкеліп, осы жерде дайындайды.

«Қызметкерлерді тамақтандыру – өзекті мәселелердің бірі, тамақтандыру қарастырылмаған. Алайда жігіттер тәулік бойы ішетін тамағын, яғни түскі ас, кешкі ас, барлығын үйден әкеледі, өздері жылытады, дайындайды», - деп №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Асхат Қабденов те айтып өтті.

image-08-06-23-06-11-20

Түстен кейін ауысым өртке қарсы тактикалық сабақтарға кіріседі. Мұнда өртке қарсы сумен қамту, өрт сөндірудің жедел жоспарлары мен карточкаларына түзетулер енгізу, мәліметтерді жаңарту бойынша тактикалық сабақтар өткізіледі. Жеке құрам шығу ауданын зерттейді, ауданда пайда болған құрылыс нысандарының орналасуы, бұл құрылыстардың қанша қабатты екені, өрт гидранттарының орналасуы, олардың жұмыс жасайтын не жасамайтыны, барлығы зерттеліп, мәліметтер күнделікті жаңартылып отырады. Шығу ауданында пайда болған кез-келген өзгерісті зерттеп, біліп отыру өртті сөндіру кезінде аса маңызды рөл атқарады.

image-08-06-23-06-11-16

Әрі қарай әкімшілік-шаруашылық іс-шаралар өтеді. Жеке құрам өрт сөндіру бөлімінің күнделікті тазалығы мен күтімін жүргізеді, бөлімнің жағдайын жақсартады, содан кейін дене шынықтыру нормативтерін қайта пысықтайды. Психологиялық жеңілдеу уақыты мен спорттық, қоғамдық-мәдени шаралар да қарастырылған. Егер өрт сөндірушілер кешкі асын ішіп алып, жайғасып демалады десеңіз қателесесіз. Олар кешкі уақытта да бос отырмайды, өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарына күтім жасайды. Бөлім аумағындағы ғимараттар мен үй-жайларды күзету, қарауылдық қызметті атқару тәулік бойы тоқтамайды.

image-08-06-23-06-11-13

– №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қаламыздың батыс-шығыс ауданында орналасқан. Шығу ауданын атап айтар болсақ, арғы жағында Депо ауданындағы көпірден Шолохов көшесінің оң жақ беті мен Московский көшесінің оң жақ беті, бергі жағында «City Center» сауда орталығынан, Жылуэлектр орталығы, Ет комбинаты ауданы және қаладан шығу бағытындағы көпірге дейін осы батыс-шығыс ауданына жатады. Біздің қызмет көрсететін ауданда ірі өндіріс ошақтары, кәсіпорындар, сауда қоймалары, базалар шоғырланған, әлеуметтік-мәдени нысандар, сауда ойын-сауық орталықтары мен тұрғын үй нысандары да көптеп орналасқан. Бөлім аумағы жағынан да, нысандар саны жағынан да, шығу саны жағынан да ауқымды. Бөлімде штат бойынша 60 қызметкер еңбек етеді. Қазіргі уақытта штатымыз толық. Бөлімнің жеке құрамы өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарымен үздіксіз айналысады. Бөлімде 15 бірлік техника бар, олар өрт сөндіру автотехникасы, авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу автомобильдері және өрт сөндіруге қажетті қосымша күштерді өрт орнына жеткізетін автомобильдер. Бүгінге дейін өрт сөндірушілер мыңдаған адамдардың өмірін сақтап, халыққа адал қызмет етіп жүр, қатарымызда түрлі жылдары ҚР Президенті мен ҚР Төтенше жағдайлар министрінің қолынан наградалар алған әріптестеріміз барын мақтаныш етеміз, - деді бөлімнің жұмысымен қысқаша таныстырған №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Сағындық Нұрымғалиұлы.

Айта кету керек, дәл осы күні түске таман бөлім бастығы Асхат Қабденов резервтегі ауысымның жеке құрамымен қала аумағында өткізілген терроризмге қарсы күрес жөніндегі БҚО жедел штабының жоспарына сәйкес өткізілген терроризмге қарсы жедел-тактикалық оқу-жаттығуларынан оралды. Осы жағдайдың өзі өрт сөндірушілердің демалыс күні де толыққанды демала алмайтынын көрсетеді.

Бұдан басқа да айта кететін жай, өрт сөндірушілер ауысым демалған уақытта өзінің жеке істерімен қала сыртына шыға алмайды, ал кезекті еңбек демалысын үнемі жазғы уақытта не өзіне ыңғайлы, өзі қалаған уақытта ала алмайды.

WhatsApp Image 2023-06-09 at 16.28.40

БҚО ТЖД мұрағатынан

«Өрт сөндірушілердің жұмысы ауыр, зиянды, әрі қиын. Өмірлеріне үнемі қауіп төніп тұрады. Қысқы уақытта 5-6 сағат өрт сөндіреді, терлейді. Өрт толық сөндірілгенге дейін қалады. Кейін пневмония, өкпенің қабынуы, омыртқа жарығы (позвоночная грыжа), бел аурулары пайда болады, бұл – өрт сөндірушілердің кәсіби аурулары десек те болады. Кейде жарақаттар алып жатады, жұмыс барысында күнделікті адам құтқару үшін көп нәрсеге барады. Соған қарамастан, жігіттер спортпен белсенді айналысады, салауатты өмір салтын ұстанады, өз қызметіне адал. Біздің қызметкерлер сала бойынша облыс көлемінде өткізілетін спартакиадаларға қатысып, түрлі сайыстардан жүлделі орындар алып жүр. Жалпы командалық есепте біздің бөлім соңғы төрт жыл бойы тұрақты бірінші орында», - деген бөлім бастығы Асхат Қабденов қызметтің ыстығы мен суығына төзіп, қоғамдық белсенділікті де қатар алып жүрген өрт сөндіру мамандарына деген ризашылығын да жасырмады.

image-08-06-23-06-11 (1)

Бізді қызықтырған тағы бір мәселе өрт сөндіру қызметіндегі күнделікті кездесетін қиындықтар мен өзекті мәселелер. Бұл туралы ҚР ТЖМ БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Асар Бисақов егжей-тегжейлі баяндап берді.

WhatsApp Image 2023-06-07 at 13.25.39

БҚО ТЖД мұрағатынан

– Негізгі өзекті мәселелердің біріншісі, бұл – жайландырылған үйлердің аумағына кірме жолдардағы кедергілер. Тұрғындар тарапынан кірме жолдарға көлік өтпес үшін бетон тастар немесе шлагбаумдар қойылады. Бұлар өрт сөндіру автокөліктерінің жолын бөгейді, кедергі келтіреді. Екінші мәселе – шақыру орнын зерттеу кезінде өрт сөндіру автокөліктеріне жол бермеу. Біздің арнайы автотехниканың көлемі үлкен, ауқымды және ауыр. Жеңіл автокөліктер жол бермейтін жағдайлар жиі кездеседі. Қаладағы тар көшелер арқылы қозғалу онсыз да өте қиын. Азаматтардың кейбіреуі байқамайды, кейбіреуі мән бермейді, ал біздер үшін әр минут қымбат. Осыған орай, қала тұрғындары мен азаматтарға айтар өтінішіміз бар. Үйлеріңіздің аумағындағы кірме жолдардағы бетондар мен шлагбаумдардың өрт шыққан кезде өрт сөндіру автокөлігіне үлкен кедергі екенін біліп жүріңіз. Қала көшелерінде өрт сөндіру автокөлігін көрсеңіз мүмкіндігінше жол беріңіз. Өрт кезінде уақыт өте маңызды рөл ойнайды. Әр минут өткен сайын өрт шыққан жердегі адамдардың жағдайы қиындайды, бізге де жедел қимылдап, орынға тез жету қиынға соғады. Осыған қоса өрт ауқымы ұлғаяды, шығын көлемі көбейеді, адамдар көбірек зардап шегеді, құтқару мүмкіндігі азаяды, мүлікті мүмкіндігінше аман сақтап қалу мүмкіндігі төмендейді. Біз неғұрлым тез жетсек, адамдарды ертерек құтқарып, меншікті сақтап, өртті де тез сөндіріп, шығын көлемін азайтамыз, - деді ол.

image-08-06-23-06-22-1

Анықтама:

№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі

  • 1961 жылы №81 дербес әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімі ретінде құрылған.
  • 1998 жылы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ретінде қайта ұйымдастырылған.

Өрт сөндіру бөлімінің 7 қызметкері Финляндия, Шотландия, Беларусь елдерінде біліктілігін арттыру курстарынан өткен. 34 қызметкердің парамедик курсы бойынша сертификаттары бар.

Өрт сөндіру бөлімі 2014 жылы Астана қаласында өткен «Үздік өрт сөндіру бөлімі» атты республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Бөлімге республика бойынша 3 бөлімде ғана бар өрт сөндіру техникасы тарту етілді.

Өрт сөндіру бөлімінің 4 қызметкері түрлі жылдары әскери және қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлығы, төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен құтқарылған өмір үшін ҚР Президентінің қолынан «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, бөлім қызметкерлері ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі, БҚО Төтенше жағдайлар департаменті және басқа да мемлекеттік органдардың марапаттауларына ие болған.

image-08-06-23-06-11-7 (1)

WhatsApp Image 2023-06-06 at 17.02.49 (1)

WhatsApp Image 2023-06-09 at 16.29.36

БҚО ТЖД мұрағатынан

Альфия Шамаева

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігі | zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале