Бүгін облыс әкімдігінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өңірге инвестиция тарту және инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі аймақтық кеңестің отырысы өтті.
Басқосуды ашқан облыс әкімі 2017 жылы кеңестің 6 отырысы өтіп, онда 12 инвестициялық жоба мақұлданғанын, өңірге 40 млрд. теңгенің көлемінде инвестиция тартылғанын айтты.
-Бүгінгі қаралатын төрт инвестициялық жоба облыстың дамуына қажетті ауыл шаруашылығы, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі салаларын, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Жобалардың барлығы да жеке инвестордың есебінен жүзеге асады,-деді Алтай Көлгінов.
Бірінші болып инвестжобасын таныстыруға шыққан «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның басқарушы директоры Ақжол Сауранбаевтың айтуынша, оның кәсіпорны 35-110-220-500 кВ-тық трансформаторларға арналған салқындатқыш панелді радиаторлар шығару жобасын жандырмақ. Бұған дейін осы жоба бойынша қажетті жабдық сатып алуға "Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік" АҚ-дан 400 млн. теңге гранттық қаржы алған. Жабдық Түркиядан жеткізіледі. Шығарылған өнімнің 30 пайызы ішкі нарықта қалады. 70 пайызы ТМД елдеріне экспортталмақ. Күллі ТМД елдерінде және Қазақстанда панелді радиаторлар шығарылмайды. Мұндай өнім еліміздің нарығына Қытайдан, Түркиядан тасымалдануда. Жалпы жобаға 3,9 млрд. теңге шамасында инвестия жұмсалмақ. Жаңа өндірістік цехта жылына 3000 тонна өнім шығару көзделген. Цех құрылысы биыл басталып, бір жыл көлемінде аяқтау жоспарланып отыр.
- Қазіргі уақытта трансформатор зауытында 250 адам еңбек етеді. Жоба іске қосылғанда 110 адамға жұмыс орны ашылады. Кәсіпорынның жұмысшылары 50 орындық жатақханада тұрады, енді өз жұмысшыларымызға арнап 9-қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Үйдің 1-қабатында жұмысшылардың балаларына арналған балабақша, 2-қабатында бизнес-орталық, спортзал, супермаркет болады. Осындай үйді Алматыда, Кентауда, Шымкентте салғанбыз. Тәжірибеміз бар. 107 пәтерлік тұрғын үй жобасының құны 1,5 млрд. теңге, - деді А. Сауранбаев.
Оның айтуынша, салқындатқыш радиаторларды өндіру және оны трансформатор өндірісінде пайдалану трансформатордың өзіндік құнын төмендетуге тікелей әсер етпек. «Біз Қытаймен бәсекелесе аламыз», - деді өзіне қойылған сұраққа басқарушы директор сенімді үнмен. «Аманат» шаруа қожалығының жетекшісі Бақыт Далабаев Бөрлі ауданындағы «AMANAT» сүт-тауарлы кешені құрылысы жобасын жүзеге асыруға 2,5 млрд. теңге жұмсайды. 600 басқа арналған кешен құрылысы Пугачев ауылында өткен жылдың мамыр айында басталған. Енді құрылысты осы жылдың 3-тоқсанында аяқтау көзделуде. Құрылыс жұмыстарында 30 адам жұмыс істейді. Бүгінде екі сиыр қора, сиыр сауу орны, сүт блогы салынған, инфрақұрылымдары тартылған. Алдағы мамыр айында офистің, асхананың ішін әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Жоба іске қосылғанда кешенде 250 адам жұмыс істейді.
-Жобаның 1-кезеңінде 125 сиырдан жылына 762,5 мың литр, 2-кезеңінде 1525 мың литр сүт сауамыз. Бастапқыда сүтті жергілікті сүт өңдеушілерге өткіземіз. Ал 2-кезеңде ірімшік, қаймақ, кефир және өзге де сүт өнімдерін өндіреміз. Сүтті малды қыркүйек айында Голландиядан әкелеміз. Мен Ресейге, Белоруссияға барып, тәжірибе алмастым. Шаруашылықтың жері бар. Сүтті малды мал азығымен қамтамасыз ету үшін көпжылдық шөпті, люцернді, жүгеріні егуді қолға аламыз, - деді Б. Далабаев.
«Орал» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басшылығы өз кезегінде лизингке ауыл шаруашылығы техникасын беру жағын қолдайтынын немесе жобаға қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Облыс әкімі бұл жобаның іске асырылуы назарда болатынын айта келіп: «Жобаның Ақсай қаласынан екендігі қуантады. Біз Бөрлі ауданының экономикасын әр тараптандырғымыз келеді. Қарашығанақ кен орнына қарап отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы саласын, қызмет көрсету, өңдеу саласын дамытқанымыз жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жоқ онда», - деді. Ал «Орал трансформатор зауытының» директоры А.Сауранбаев кәсіпорын дәнекерлеушілеріне болашақта осы кешеннен сүт алуға ниетті екенін айтып, залдағылардың езуіне күлкі үйірді. Келесі жоба - Теректі ауданында «Ringo milk» сүт кешені құрылысымен компанияның басшысы Киікбай Айдаралиев таныстырды. Оның баяндауынша, етті-сүтті 1500 бас ірі қараға лайықталған кешен жобасының құны - 3,9 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстарына 150 адам тартылады. Жобаны іске қосқаннан кейін кешенде 39 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Құрылыс жұмыстарын алдағы шілде айында бастап, 2020 жылдың аяғында аяқтау жоспарланған. «"Ringo milk" серіктестігі 2014 жылдан бері герефорд тұқымды ірі қара малын өсірумен айналысады. Қазір шаруашылықта 850 бас мал қыстатылуда, жазға салым мал басы 1300-ге жетеді.
- Еліміздегі сүт фермаларының жұмысымен таныстым. Олардың бәрінде мал азығымен қамту жағы кемшін. Сондықтан 1 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жобасын қолға алдық. Оны пайдалану үшін өткен жылы америкалық су бүріккіш қондырғысын сатып алып, орнаттық. Енді су тарту мәселесі шешіледі. Сөйтіп мал азығына қатысты түйткілді бір мың гектардың есебінен жабамыз. Сүт өңдеу саласымен жақсы таныс емеспіз, сондықтан итальяндық "ROTA GUIDO" компаниясымен бизнес-әріптестіктеміз. Сиыр қорасы автоматтандырылады, малдың күйі үнемі бақылауда болады. Әр сиырдың сүт шамасы, сүттің майлылығы мен қышқылдық құрамы сол бойда анықталады. Егер сиыр ауырып тұрса, оның сүті желімен басқа жаққа жіберіледі, - деді К.Айдаралиев.
Оның айтуынша, жаңа кәсіпорында жылына 7 мың тонна сүт өндіріледі. Жоба 3-4 жылда жобалық қуатына шықпақ. Жылына 8 мың тонна мал азығын өндіру жоспарланған. 2020 жылы қыркүйекте 600 бас гольштейн тұқымды сиырды Еуропадан әкелу жоспарланған. Тауарлық сүтті «Береке», «Жастық» кәсіпорындарына өткізу көзделген. Ал дайын сүт өнімдерін қаладағы супермаркеттерге өткізеді. Облыс әкімі жергілікті супермаркеттердің сүтке деген қажеттілігін облыстың өндірісшілері толықтай жаппайтынын, сондықтан екі сүт өндірісі жобасының назарда болатынын жеткізді. «Компания дамып, кәсіпкерлігін кеңейтіп, әртараптанып жатыр. Үшінші кезең өңдеу, өңіріміз үшін маңызды жоба, инвестиция, тұрғындардың қажеттілігі тұрғысынан», - деді облыс әкімі. Басқосуда Оралда тұрғын үйлер салу жобасын «К7 GROUP» компаниясының директоры Тимур Өтемұратов таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, компания Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында мұндай жобаларды жүзеге асырған. «Бүгінде Батыс Қазақстан облысының динамикалы түрде дамуын көріп отырмыз, сондықтан Оралға 20 миллиард теңге көлемінде инвестиция салғымыз келеді. Оның 80 пайызы өз қаржымыз, 20 пайызы несиелік қаржы. Жобаның 1-кезеңінде 20 шақты тұрғын үй Орал-Самара күре жолы бойындағы қар төгетін карьер маңынан салынбақ. Одан басқа ет комбинаты, «Самал» шағын ауданында да 9-қабатты үйлер құрылысы жүргізіледі. Жобаны алдағы сәуір айынан бастап іске асырамыз», - деді Тимур Өтемұратов.
Оның түсіндіруінше, тұрғын үй құрылысына 70 пайыз жергілікті құрылыс материалдары қолданылады. Жобаны «жандандыру» барысында 500 жұмыс орны ұсынылады. Комфорт класты үйлердің шаршы метрінің бағасы 150 мың теңгеге дейін болады. Облыс әкімі салынатын тұрғын үйлердің тұрғындарға қолжетімді болуын, пәтерлерді мембағдарламалар бойынша сатып алуға жағдай жасалуына назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кеңес мүшелері үй құрылысын жобалауда жергілікті климаттық жағдайды ескеруді, сондықтан үйлердің шатыры босла деген ұсыныстарын білдірді. Инвестор барлық ұсыныс-ескертпелерді ескеретінін білдірді.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz