5.12.2025, 12:00
Оқылды: 5

Төрт түлік түгел  көбеюде

Жақында  өңірлік  коммуникациялар  қызметі алаңында  Қаратөбе  ауданының  әкімі  Қадыржан  Сүйеуғалиев  аудандағы  әлеуметтік-экономикалық  даму  бойынша  атқарылған  жұмыстар  мен  алдағы  жоспарлар  туралы  кең  көлемді  мәлімет  берді.  Брифинг барысында  өңірдің  аграрлық  саласы,  инфрақұрылым,  әлеуметтік  нысандар  құрылысы,  кәсіпкерлік,  жол,  электр  желісі,  білім,  мәдениет,  спорт  және  денсаулық  сақтау  бағыттарындағы  жетістіктер  сөз  болды.

суйеугалиев

Биыл 1 қарашада ауданның бюджеті 5,6 млрд теңгеге жетті. Ағымдағы жылдың жоспары 1,175 млрд  теңгені  құрайды.

Аудан экономикасына құйылған инвестиция көлемі де артып отыр: 9 айдың ішінде негізгі капиталға 4,2 млрд теңге, соның ішінде 2,6 млрд теңге жеке инвестициялар тартылған.

– Жалпы аудан бойынша қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы 445 агроқұрылымда 582 тұрғын агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша қызмет атқаруда. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы мәліметті келтірсем, аудандағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 8597,3 млн теңгені құрап, бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,9 пайыз өсімді көрсетті. Ауданымызда мал саны тұрақты өсім көрсетіп, қазіргі таңда ірі қара малы – 63 189, қой мен ешкі – 102 741, жылқы – 18 381, түйе – 25, құс 5153 басқа жетті. Мал басын асылдандыру – ауыл шаруашылығында өнім көлемін арттыруға және малдың тұқымдық сапасын жетілдіруге бағытталған маңызды шаралардың бірі.  Күні бүгінге асыл тұқымды мал асырайтын 70 шаруашылықта 7960 ірі қара малы, 10 шаруашылықта 1 766 қой, екі шаруашылықта 118 жылқы бар. Биыл  аудан бойынша 1000 асыл тұқымды МІҚ сатып алу жоспарланып, 9 ай ішінде  1369  бас сатып  алынды.

Бау-бақша көлемі ұлғайып келеді

Аудан шаруашылықтары биыл ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында субсидиялау ережелеріне сәйкес мал шаруашылығына 333,2 млн теңге, ал ауыл шаруашылығы техникасы мен қондырғыларына 159,2 млн теңге инвестициялық субсидия алып, жалпы 492,4 млн теңге көлемінде субсидияға қол жеткізді.  Биыл ауданымыздағы біржылдық және көпжылдық екпе шөптер көлемі 970 гектарға жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға артты (2024 жыл – 790 га). Ауданда бау-бақша көлемін, жеміс ағаштарын ұлғайту жұмыстары да жүргізілуде. 38,4 гектар жерге шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар ұжымдық бау-бақша егу жұмыстарын жүргізді (7 га картоп, 16,3 га көкөніс және 15,1 га бақшалық дақылдары). Мекеме қызметкерлері үшінші жыл қатарынан ұжымдық бау-бақша егіп келеді. Биыл 4,4 га картоп, 2,3 га бақша өнімдері және 1,9 га көкөніс өнімдері егіліп, барлығы 112 тонна өнім жинақталды, – деп атап өтті аудан әкімі Қадыржан  Сүйеуғалиев.

Аудан әкімінің баяндауынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 жоба іске асып, ауылда  кәсіпкерлік көкжиегі кеңеюде.   Бағдарлама аясында биыл 24 жобаға 255,1 млн теңге несие берілген. Ауыл тұрғындары сүтті бағыттағы МІҚ (мүйізді ірі қара) сатып алып, қой шаруашылығын дамытып, техникалар алуда. Сонымен қатар шаштараз, кілем жуу, құс өсіру, асхана, аутосервис ашу бағыттарында да жобалар жүзеге асырылуда. Ауданда 879 шағын кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп, 2004 адамды жұмыспен қамтып отыр.  Биыл жалпы құны 403 млн теңге болатын 6 жоба іске қосылып, 28 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Жыл соңына дейін тағы 90 млн теңгенің екі жобасы іске қосылмақ. Әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін гранттар конкурсында ауданнан екі жоба жеңімпаз атанып, 9,5 млн теңге грантқа  ие  болды.

Қазіргі кезде екі ауылдық округте мал моласы салынып, төрт жаңа ветеринариялық пункттің құрылысы жүріп жатыр. Мамандар қызметіне қажет көліктер толықтай жаңартылып, биыл жеті «Нива» және былтыр бір «ГАЗель» аутокөлігі алынған. 2026 жылы тағы бір ветеринариялық пункт, бір станса және екі мал моласын салу жоспарланған.

18  үй  салынуда

Ауданда тұрғын үй кезегінде 639 адам тұр. Биыл көпбалалы отбасыларға арналған 18 үйдің құрылысы аудан орталығынан шалғай жатқан сегіз елді мекенде жүргі-зілуде. Ауыз сумен қамту деңгейі – 91,3%.  Қазіргі уақытта Төлен, Сәуле, Қарақамыс ауылдарына жаңа магистральдық су желісі салынып, жұмысы 75% орындалды. Алакөл ауылішілік су желісі толық аяқталып,  Бесоба ауылына модульдік блок орнатылды.  Екі маңызды мәдени нысан – Шөптікөлдегі мәдени-спорт кешені мен Қоржында салынған мәдениет үйі – жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлігі ауданда көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында  бірқатар  жоба  іске  асуда.

– Шалғын ауылына дейінгі 10,4 км жолға қиыршықтас төсеу басталды (341,9 млн тг). Қаратөбе – Ақтайсай жолының 6-7 шақырымында жөндеу жүргізіліп, аяқталды.  Үш бірдей жол жобасының құжаттамасы дайындалып, қаражат күтудеміз. Жусандыой ауылына дейінгі 17 шақырым кірмежол, Ханкөлден Самара – Шымкент трассасына дейін 17 шақырым, Сулыкөл – Қаратөбе – 27 шақырым жолды күрделі жөндеуге өтінім бердік. Биылға жоспарланған электр желілерін жөндеу жұмыстарына 14 млн теңге бөлінді. Сонымен бірге құны 3,3 млрд теңге болатын 60 км электр желісі мен 19 трансформаторды ауыстыру жоспарлануда. Оның 30%-ы 2026 жылдың қаңтарына дейін аяқталмақ, – деді аудан әкімі.

Шөптікөл орта мектебі –100 үздік мектептің қатарында

 Жыл басынан бері аудандағы мансап орталығына 1532 адам жүгініп, 1090 адам жұмысқа орналасқан. 252 адамнан құралған 47 отбасына 13,9 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Биыл 21 адамға 33 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілген. 2024-2025 оқу жылында 2548 оқушы білім алды, 105 түлек грант иегері атанды. Аудандағы Шөптікөл орта мектебі еліміздегі «Үздік 100 мектеп» қатарына енді. Білім ұйымдарының материалдықтехникалық әлеуеті 180,2 млн теңгеге жаңартылып, физика, химия, биология, STEM кабинеттері сатып алынды.  Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры Қаратөбе мектеп-гимназиясын толық жабдықтап, оны тірек мектеп  ретінде  анықтады.

Биыл  мерейтойлық мәдени шаралар елімізде кең көлемде тойланды. «Ауылым – алтын бесігім» фестивалі, ұлттық ойындар, қолөнер көрмелері, еңбек адамын ұлықтаған шаралар аудан өмірін жандандыра түсті. 1000-ға жуық қаратөбелік Ескендір Хасанғалиевтың 85 жылдығына орай «Атамекен» әнін бір мезетте орындап, ерекше өнерлік акция өткізілді. Спорт саласында Ержан Ерболатұлы – қол күресінен әлемнің 5 дүркін шемпионы,  Мейрамбек Білімбекұлы бокстан халықаралық турнирде бірінші орын, Нұрлан Інжу – ауыр атлетикадан ҚР шемпионатында жүлдегер атанды. Балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада ойын ойнауы мен дене шынықтыруына жағдай жасау мақсатында Қоскөл және Қаратөбе ауылдарында балаларға арналған ойын алаңдары  орнатылды.

Соңғы екі жылда ауданға жеті санитарлық аутокөлік алынды. Биыл денсаулық мекемелері 58,1 млн теңгенің медициналық жабдықтарымен толықты. Қоскөл дәрігерлік амбулаториясы мен Сәуле медициналық пунктіне күрделі жөндеу жүргізілді.  Аудан бойынша 17 қылмыс тіркеліп, ашылу көрсеткіші 100% болды. Көше камералары талшықты интернетке қосылып, толық жаңартылды.

Қаратөбе ауданы әлеуметтік-экономикалық даму бағытында қарқынды өзгерістерді бастан өткеріп келеді. Инвестиция тарту, инфрақұрылымды жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік салаларды қолдау жұмыстары аудан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Аудан әкімінің айтуынша, алдағы уақытта да Қаратөбенің өркендеуіне арналған жұмыстар жүйелі жалғасын таба  бермек.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале