28.02.2023, 9:02
Оқылды: 46

Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау керек

Біз күнделікті ішіп-жемнен қалған тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы жәшіктерге лақтырамыз. Алайда көшеде, жол бойында шашылып жататын қоқыстарды да көріп жүрміз. Әсіресе, олар көктемде еріген қар астынан саңырауқұлақтай «жайнап» шыға келеді.

8D91A957-B1FE-4EE5-B466-09E18465015E

Тұрмыстық қатты қалдықтардың түр-түрін Оралдағы қалдықтарды сұрыптау кешенінде көрдік. «Green service company» ЖШС-ы бұл кешенді 2019 жылы ақпанда іске қосқан еді. Мұнда қаладағы қоқыс жәшіктерінен тиеп әкелген тұрмыстық қалдықтарды таразымен өлшеп, қабылдайды. Одан әрі тау болып үйілген  қоқыстарды сұрыптауға жібереді. Бір жұмысшы картон, қағаздарды, екіншісі целлофан қапшықтарды іріктейді. Ақ және көк-жасыл түсті пластмасса ыдыстарды бөлек жинайды. Олардың өзін ПЭТ-бөтелке (полиэтилентерефталат), ПНД-бөтелке (қысымы төмен полиэтилен) деп түр-түрге бөледі. Қаңылтыр құтылардың да неше түрі бар. Кешенде картондар мен ПЭТ-бөтелкелер престеліп, текшеленіп жиналып тұр. Ал сұрыптауға келмейтін қалдықтарды полигонға көмеді.

Аталмыш серіктестіктің директоры Батырбек Ихсановтың (суретте) айтуынша, мұнда күніне 200 тонна қоқыс қабылданады. Соның 30 пайызы ғана сұрыпталады. Ол қалдықтардың толықтай сұрыпталмауына жұмысшылардың жетіспеуі себеп болып отыр дейді. Жұмыс күші аз болған соң да кешен бір ауысыммен жұмыс істейді.  Қазір 55 адам еңбек етіп жүр.  Әлі 70 жұмысшы керек. Оралда, Переметный мен Белес ауылдарында тұратын жұмысшыларды үш көлікпен тегін тасымалдайды. Осы жерде  тегін түскі ас ішеді. Атқарып жүрген ісіне қарай қолға 140-250 мың теңге аралығында жалақы алады екен. Директордың айтуынша, полиэтилен, пленка қалдықтарын өңдейтін цех ашқан.  Олардан күніне 80 шаршы метр өрнектас жасалатынын айтты. Кәсіпкер алдағы уақытта картонды, ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Қазір ПЭТ-бөтелкелерді, яғни баклашкаларды Шымкентке, Ресейге, картондарды да көрші елге экспорттайды.

0E1AC4E6-BFA0-4B5B-9433-64905AC05133

– Дамыған елдерде тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу жолға қойылған. Қалдықтарды бизнес көзіне айналдырып отыр. Біздің елде де қалдықтарды іріктеп, қайта өңдеуге назар аударылуда. Десе де, әлі «әттеген-айлар» баршылық. Мысалы, Оралдағы әрбір шағынауданда тұрмыстық қалдықтарға арналған жәшіктер бар. Алайда «Ай сайын коммуналдық төлем төлеп отырмын ғой» деп ойлайтын адамдар оларға құрылыс материалдарын да, тіпті малдың тезегін де салады. Сойылған малдың қалдықтарын да төгеді. Ал бұлар қалдықтарды сұрыптауға кедергі келтіреді. Себебі қағаздар бүлінеді, бөтелкелер сынады, барлығы жуындымен араласады. Құрылыс заттары сұрыптау кешеніндегі қалдықтарды тасымалдайтын конвейердің лентасын жыртып жібереді. Әйнектер жұмысшылардың қолын кесіп кетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындардың қоқысты сұрыптаулары қажет. Осы орайда айта кетейін, «Орал таза сервис» мекемесіне тапсырыс беріп, ақысын төлесе, жарамсыз құрылыс заттарын үйден тиеп алып кетеді. Қоқысты сұрыптап лақтыратындар да бар. Шағынаудандарда ПЭТ-бөтелкелер салатын тор жәшіктер орналастырылған. Кейбір жердегі осындай контейнерлер бір аптаның ішінде бірнеше рет толып қалады. Яғни бөтелкелерді басқа қалдықтармен араластырмай, тек өздерін ғана жинайды. Ал кей шағынауданда бөтелкелерді басқа қалдықтармен бірге лақтыра береді. Қазір қақпағы бар пластмасса контейнерлер бар. Темекінің тұқылын сөндірмей тастайтындықтан, олар балқып, өртеніп кетіп жатыр. Сондықтан  тұрмыстық қалдықтарды сұрыптаған жөн. Балаларды да осыған үйрету керек. Оларға ата-аналардың айтып, үйретуі өз алдына, мектеп ұстаздары да осы бағытта жұмыс істеуі керек  деп санаймын. Сайып келгенде, бұл да экологиялық тәрбиенің бір бөлшегі іспетті. Шашылып жатқан қоқыс шаһардың сәнін кетіріп, денсаулыққа зиянын тигізеді. Тазалықты сақтауға тұрғындар да атсалысса, жақсы болар еді, - деді Батырбек Әлібекұлы.

456C6FB5-292F-4A11-980D-E62BB8B10EDE

2017 жылы «ICM RECYCLING» ЖШС-ға тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны  сенімгерлік басқаруға берілген. Компания қоқыстарды көміп, жабумен айналысады. «Соңғы жылдары қоқыс полигонында өрт болған жоқ. Мұнда өрт шықпауы үшін қолдан келген әрекетті істеп отырмыз. Себебі полигон қоқысқа әбден толған. Бұрыннан жатып, шіри бастаған қоқыстарды қазып, сол жерге «жаңа» қоқыстарды көмудеміз. Қаланың аумағы үлкейіп, тұрғындардың саны күрт көбейіп келеді. Соған сәйкес тұрмыстық қалдықтың да көлемі артты. Қалаға  жаңа полигон міндетті түрде керек. Қалдықтар стандартқа сәйкес топырақпен толықтай жабылуы қажет. Бұл мәселе құзырлы мекемелердің барлығына айтылды. Полигонның жарамсыз екенін бәрі біледі. Не болса да, жағымды жаңалықты күтіп жүрміз», - деді ол.

5894F563-7DEE-46AC-9ACE-CC0EDF3DBCEA

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі абаттандыру секторының бас маманы Мержан Шамуровтан жаңа полигон салу мәселесі жөнінде сұраған едік. Оның айтуынша, полигонның қолданыстағы жобалау-сметалық құжаттамасында (ЖСҚ)  28 га жерді қайта қалпына келтіру (рекультивация) қарастырылған. Қазір қоқыс төгіп жүрген полигон 1975 жылы құрылыпты. Жалпы ауданы – 35 гектар. Алғашында полигонның мерзімі 25 жылға жоспарланған.

B58AABBB-F4B8-4C43-B619-2D0861828BA6

Алайда 2000 жылы оның мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылған. «Орал қаласының әкімдігі жаңа полигонның құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме  әзірледі. Бәйтерек ауданында жұмыс істеп тұрған полигоннан 7 шақырым қашықтықтан 70 гектар жер учаскесі бөлінді. Жаңа полигон осы ауданның Белес ауылдық округінің аумағында салынады. «Орал қаласында жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу» жобасы бойынша сараптаманың оң  қорытындысы шықты», - деді бас маман. ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің БҚО бойынша экология департаментінің мәліметінше, облыста былтыр 45,5 мың тонна тұрмыстық қалдық жиналып, 132 000 тоннасы көмілген.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале