7.12.2018, 21:28
Оқылды: 53

UFC промоушнінде жеңіске жеткен Дамир Исмағұлов Оралға келді

UFC-тің ережесіз жекпе-жек турнирінде жеңіске жеткен алғашқы этникалық қазақ, М-1 чемпиондық белбеуінің иегері Дамир Исмағұлов Орал қаласына келіп, Оқушылар сарайындағы Д.Елеусінов атындағы орталықта жас спортшылармен кездесті.

20181207_212901

Ресейдің Орынбор қаласында тұратын Дамир Исмағұлов UFC ұйымына қабылданғалы алғаш рет Австралияда желтоқсанның 2-сі күні Алекс Горжеспен жекпе-жекке шығып, айқын басымдықпен ұтты. Ол бұл айқастың хабарын жарты жылға уақыт күткен. Дамир ММА аралас жекпе-жегінде бұған дейін 18 кездесу өткізіп, соның 16-сында жеңіске жеткен. Тоғыз кездесуінде қарсыластарын ес-түссіз сілейткен. UFC тұжырымы бойынша айқасу спортшылар үшін әлем бойынша ережесіз жекпе-жектегі ең жоғарғы сайыс алаңына шығу деген сөз. Аталған ұйымның турнирінде жеңіске жету жауынгерді даңққа бөлеп, табысының еселеп артуына  мүмкіндік береді. Дамирдың туған жері – Ресей Федерациясы, Орынбор облысындағы Первомай ауданы Ударный ауылы Батыс Қазақстан облысымен шекаралас, Орал қаласына 70 шақырым жерде орналасқан.

Жауынгер Австралиядағы сайыс алаңына қазақ әнін әуелетіп, Қазақстан мен  Ресейдің туын алып шыққан.

–  Мен Ресейдің Екатеринбург, Орынбор қаласында, Тайландта, Қазақстанның Астана, Алматы, Орал қалаларында жаттықтым. Қазіргі уақытта басқа қалаларда қаншама шақырту түссе де, Оралдағы достарыммен қуанышымды бөлісе келдім. UFC тұжырымындағы алғашқы жеңісім әлем көз тіккен айтулы оқиға болды. Мен Қазақстанды тарихи Отаным деп санаймын. Маған атажұртымдағы ғана емес, әлемдегі қандастарым жанкүйер болғанын білемін. Сондықтан қазаққа деген ерекше құрмет ретінде октагонга екі туды қолыма ұстап шықтым. Бұл – менің шешімім болды. Шетелдік жанкүйерлер қазақ туындағы нышандардың маңызын сұрап, «Қазақганс» деген сияқты лақап ат қойып та жатты. Әлі күнге дүниежүзінің түкпір-түкпірінен хабарласып, ыстық лебіздерін жолдап жатқандар көп. Ресейді туып-өссем де, өзімнің қазақ ұлтынан екенімді жасырған емеспін, – деді әсерімен бөліскен Дамир Исмағұлов.

27 жастағы жауынгер келесі жекпе-жекке дайындықты жуырда Тайландта бастайтынын айтты. Әзірше қарсылас белгілі емес. UFC ұйымымен болған келісімшартқа сәйкес ол жылына төрт мәрте аралас жекпе-жек өткізуі тиіс.

–  UFC-тің тұңғыш жекпе-жегіне шығу үшін дайындық деңгейі соңғы аптада өте ауыр деңгейде өтті. Бұл лигада айқасу кәсіби тұрғыда шыңдалуды қажет етеді. Өзіме артылған жауапкершілікті сезінген сайын, ширыға түстім. Әр айқастың алдында бойымды үрей билейтінін мойындаймын. Әсіресе, аренада жекпе-жектің басталуына бес минут қалғанда, уақыт тезі рухыңды сынға салады. Бірақ қай салада болсын, төзімділікті танытқан жанға жарқ етіп, жеңіске жететін сәт туады. Сондықтан сабыр сақтаудың маңызы зор. Спорттағы жетістік мықты ерік-жігердің арқасында келеді, – деді Дамир  Исмағұлов.

Дамир болашақта Қазақстанға келіп, спорт мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап жатқанын  айтты. «Қазақстанға келгенде салмақ қосып қайтамын. Халық өте қонақжай. Асқа шақырады, бас тартсаң түсінбей жатады. Ал мен өзімді бір қалыпта ұстауым қажет. Сол үшін Қазақстанда жаттығу өте ауыр», – деді әзіл-шыны аралас Дамир Исмағұлов. 

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

zhaikpress.kz

IMG-20181207-WA0074

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале