Ұлыбритания жеті ресейлікке санкция салды. Олардың активтері бұғатталады және елге кіруіне тыйым салынады. Бұл туралы Ұлыбритания үкіметі жариялаған құжатта айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Ұлыбритания санкциясына ұшырағандар қатарында "Челси" футбол клубының және Evraz, "Норникель" үлестерінің иесі Роман Абрамович, En+ Group үлестеріне ие Олег Дерипаска, "Роснефть" басшысы Игорь Сечин, ВТБ банкінің басқарма төрағасы Андрей Костин, "Газпром" басшысы Алексей Миллер, "Транснефть" президенті Николай Токарев және Ресей банкінің директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Лебедев бар.
"Ұлыбританияның Путинді және оның айналасын оқшаулау бойынша күш-жігері аясында жиынтық капиталы шамамен 15 миллиард фунт стерлинг болатын олигархтардың Ұлыбританиядағы активтері бұғатталады. Оларға мұнда келуге тыйым салынады және бірде-бір Ұлыбритания азаматы не компаниясы олармен жұмыс істей алмайды", - делінген үкімет хабарламасында.
"Бүгінгі санкция олигархтар мен клептократтарға экономикамызда немесе қоғамда орын жоқ екенін тағы бір рет дәлелдеп отыр. Путинмен жасалған тығыз қарым-қатынастың арқасында олар оның басқыншылық әрекеттерінің сыбайласы саналады", - деді Ұлыбританияны СІМ басшысы Лиз Трасс.