Теректі ауданының Шағатай ауылында елдің игілігіне айналған елеулі оқиға өтті. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте білім беру саласының ардақты тұлғалары – Ақлима Ахметова, Бибатша Бисенғалиева және Балдай Қабылтаеваның туғанына 100 жыл толуына орай «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты тағылымды еске алу кеші ұйымдастырылды.

Салтанатты іс-шараға Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Сәрсенғалиев, ардагер ұстаздар, мектеп түлектері және есімдері жаңғырған үш ұстаздың ұрпақтары қатысты. Мектеп мұражайына экскурсия ұйымдастырылып, өткен мен бүгінді сабақтастырған тағылымды көріністер жиылған көпшіліктің көңілінен шықты.
Шағатай мектебінің тарихы 1929 жылдан бастау алады. Алғашында аз ғана оқушыға екі тілде сабақ беретін шағын мектептен басталған білім ошағы бүгінде мыңдаған шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан іргелі мектепке айналды. Бұл жолда тер төккен ұстаздар аз емес.

Мектептің қазіргі директоры Айгүл Ахметқалиева кеш барысында сөз сөйлеп, тарих парақтарын ақтарды. Оның айтуынша, аталмыш білім ошағының өсіп-өркендеуіне ардагер ұстаздар Ақлима Ахметова, Бибатша Бисенғалиева мен Балдай Қабылтаеваның қосқан үлесі ұшан-теңіз.
– 1946 жылы Орал педагогикалық институтын тәмамдаған жас маман еңбек жолын Шағатай мектебінде қарапайым мұғалім болып бастап, кейін мектеп директоры дәрежесіне дейін көтерілген. 1957 жылдан бастап 24 жыл бойы білім ошағын басқарған ол – білікті басшы, талапшыл ұстаз, іскер ұйымдастырушы ретінде ел есінде. Оның бастамасымен мектеп орта білім беретін деңгейге дейін көтерілді. Оқу-тәрбие үдерісін заман талабына сай жетілдіруде Ақлима апайдың қосқан үлесі зор. Оның еңбегі республикалық және облыстық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен бағаланды, – деп атап өтті мектеп директоры Айгүл Оразайқызы. Сондай-ақ осы мектепте еңбек еткен Балдай Қабылтайқызы математика пәнінен сабақ берген. Ол оқушыға деген талапшылдығымен, қағидатқа берік мінезімен ерекшеленген. «Принципшіл апай еді, айтқанын бұлжытпай орындататын», – деп еске алады шәкірттері. Ал Бибатша Бисенғалиева – сабырлы болмысымен, мейірімділігімен шәкірттердің жадында сақталған ұстаз. Оқушыларды дауыс көтермей-ақ тәрбиелей білген парасат иесі болған. Оның кенже қызы Қарлығаш Салыхова да анасының жолын қуып, сол мектепте 20 жыл тарих пәнінен сабақ беріпті.
– Анам өте сабырлы, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары адам еді. Үнемі оқушыларға жаны ашып жүгіріп жүретін. Әкем екеуі үш қыз, бес ұл тәрбиелеп өсірді. Әкем орман шаруашылығында, анам мектепте қызмет етті. Біздің бала кезімізде мектепте украин, неміс орыс ұлтының балалары оқыды. Соларға анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Бір класта 30-35 оқушы болатын. Есімде қалғаны – анам түнімен оқушылардың дәптерін тексеретін. Ол кезде ауыл өмірі қиын болды ғой. Сонда анам үй тірлігіне де, мектеп жұмысына да үлгеретін. Мен де анамның жолын жалғап мұғалім болып, еңбек еттім. Қазір зейнеттемін. Ата-анам бәріміздің жоғары білім алуымызға жағдай жасады. Әулетімізде дәрігер, мұғалім, инженер, химик-технолог басқа да мамандар бар. Біз ата-анамызды өз ұрпағымызға үлгі етіп айтып отырамыз, – деп естеліктерімен бөлісті Қарлығаш Меңдіғалиқызы.

Игі іс-шара барысында ардагер ұстаздардың рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды. Осы бастаманың басында жүрген ардагер ұстаз Сатқан Қыдырұлы кеш барысында тебірене сөйледі:
– 1978 жылы осы мектепке қызметке орналастым. Ақлима апай қаталдау көрінгенімен, шын мәнінде жүрегі жұмсақ, талапшыл жан еді. Ол кісілердің тәрбиесі бізді үлкен өмірге дайындады. Өмірден өткенмен, өнегесі өлмейтін үш ұстаз – Ақлима, Бибатша, Балдай апайлар жүректерде мәңгі сақталады. Олар тәрбиелеген ұрпақ бүгінде ел игілігі үшін түрлі салада абыройлы еңбек етуде. Үш ардагер ұстазымызға арналған сынып аштық. Бұл – кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деген ниет, – деді ол.

Тағылымды іс-шараға келген мектепте бұрын еңбек еткен ардагер ұстаздар мен мектептің алғашқы түлектері өткен шақтан сыр шертіп, әдемі естеліктерімен бөлісті. Мерекелік кездесу аясында ұстаздарға арналған аллеяға жас көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ мектеп ауласында жаңа спорт алаңының жобасы таныстырылды. Бұл жоба Нұртаевтар әулетінің (Ақлима Ахметованың отбасы) демеушілігімен жүзеге асуда. Сонымен қатар Ибраевтар (Бибатша Бисенғалиеваның отбасы) мен Сапашевтар (Балдай Қабылтайқызының отбасы) әулеттері мектептің екі оқу кабинетін заманауи LED экрандармен жабдықтап, материалдық қолдау көрсетті.

Жиын соңында Шағатай ауылдық округінің әкімі Рүстем Мүтиев пен мектеп ұжымы барша демеуші қауымға ризашылығын білдірді.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»
Шағатай ауылы,
Теректі ауданы